Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, Астанаға Сенегал Республикасының Мемлекеттік министрі – Сыртқы істер министрі Мадине Ниангтың келгені мәлім. Елордада өткен бұл құрметті қонақпен кездесулер барысында талқыға салынған ең басты мәселелердің бірі екі елдің халықаралық ұйымдар шеңберіндегі өзара ықпалдастығы болды. Атап айтқанда, мұнда БҰҰ және ағымдағы жылдың жазында төрағалығы Қазақстанға өтетін ИКҰ аясындағы ынтымақтастық мәселелері қарастырылды.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев өз әріптесін қазақстандық төрағалықтың алдын-ала күн тәртібімен таныстырды. Қазіргі таңда ИКҰ Саммитінің төрағасы болып саналатын Сенегал Сыртқы істер министрі, өз кезегінде, Қазақстанды өткен жылғы ЕҚЫҰ-дағы жемісті төрағалығымен құттықтай отырып, Президент Н. Назарбаев ИКҰ және оның институттарының дамуына елеулі үлес қосатынына сенімін білдірді. Дакар Астананы ИКҰ сыртқы істер министрлер кеңесінде төрағалық етуді толық қолдайтындығын жеткізді.
Тараптар сонымен қатар, халықаралық және аймақтық қауіпсіздікке қатысты өзекті мәселелер жөнінде де пікір алмасты. Қазақстанның Орталық Азиядағы рөлін, сондай-ақ Сенегалдың Батыс Африкадағы бітімгершілік әрекеттерге белсенді атсалысуын ескере отырып, М.Нианг пен Қ.Саудабаев аймақтық қауіпсіздік пен әлемдегі тұрақтылықты қолдаудың маңыздылығын атап өтті. Осы орайда министрлер Египетте жалғасып отырған дағдарысты талқыға салып, аталмыш елдегі жағдай жақын арада тұрақталады деп сенім артты.
Келіссөздер соңында Қ.Саудабаев және М.Нианг екі елдің сыртқы саясат ведомстволары арасындағы кеңестер жөнінде өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойды. Бұл рәсім аяқталғаннан кейін журналистер алдында сөз сөйлеген Сенегал министрі: «Біз жаңа ғана қол қойған құжат тек Қазақстан мен Сенегал арасындағы ғана емес, сонымен қатар Батыс Африка және Орталық Азия арасында орнатылған дипломатиялық қатынастардың жарқын көрінісі», деп атап өтті.