• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
12 Ақпан, 2011

Тілге құрмет – елге құрмет

664 рет
көрсетілді

Кеше үстіміздегі жылдың 3 сәуірінде өтетін кезектен тыс президенттік сайлауға қатысу үшін Орталық сайлау комис­сия­сына өтініш берген Мемлекет басшысы Нұрсұлтан На­зар­баев Лингвистикалық ко­мис­сияның мүшелеріне мем­лекеттік тіл – қазақ тілінен сынақ тапсырды. Ол бір сағаттан астам уақытқа созылды. Мемлекет басшысының сынақ тапсыру нәтижесін Лин­гвис­тикалық комиссияның төр­аға­сы Мырзатай Жолдасбеков өте жоғары бағалады. «Нұр Отан» ха­лықтық-демократиялық пар­тия­­сы атынан сайлауға түскен Нұрсұл­тан Назарбаев алдымен «Әлемдік қоғамдастықтағы Қазақстан» та­қырыбына шығарма жазса, екінші сынақ бойынша Абайдың қара сөздерін ауызша айтып берді. Үшінші сынақ «Қоғам және демократия» тақырыбына 15 минут сөз сөйлеу болатын. Елбасы бұл та­қырыпты барынша кеңірек қам­тып, тапсырманы тамаша орын­да­ды. Осылайша, Лингвистикалық комиссия мүшелері Елбасы сы­нақ қорытындысы бойынша қа­зақ тілін мүлтіксіз меңгерген деген шешімге келді, деді ол. Сон­дай-ақ комиссия төрағасы М.Жол­дасбеков жазбаша тапсырманың өте таза, қатесіз жазылғандығын атап көрсетті. Сынақтан соң журналистерге берген қысқаша сұхбатында Елба­сы мемлекеттік тілді меңгеру бой­ын­ша өткен сынақты сәтті тап­сыр­дым деп ойлайтынын айтып өтті. Еліміздің Ата Заңы және сайлау туралы Заңына сай, президенттіктен үміткерге қойылатын талаптардың бірі мемлекеттік тіл­ді білу болып табылады. Мен Ор­талық сайлау комиссиясына сы­нақ тапсырдым деп есептеймін. Оны комиссия қабылдады. Сон­дықтан мен бұл сынақтан қайтадан өттім, деді Нұрсұлтан Назарбаев. Президенттікке кан­ди­­даттың мемлекеттік тілді меңгеруі мін­детті шарт екендігіне тоқ­тал­ған Елбасы оларға ұлты бойынша шектеу қойылмайтындығын атап айтты. Президенттікке канди­дат­тардың ұлтына шектеу қойыл­май­ды. Конституцияның бапта­ры­на сәйкес кез келген ұлт өкіл­дері кандидат ретінде тіркеле ала­ды. Алайда олар мемлекеттік тілді еркін меңгеруі тиіс. Бұл Қазақ­станда ғана емес, өзге де мемлекеттерде бар сынақ, деді ол. Мемлекет басшысы сондай-ақ елімізге орыс тілі мен ағылшын тіл­дерінің қажеттілігіне қысқаша тоқталып өтті. Біз әлемдік мәде­ниет және білім мен ғылымға тікелей шығу құралы ретінде мең­гер­ген орыс тіліндегі деңгейі­міз­ді төмендетіп алмауымыз керек. Өйткені, орыс тілі БҰҰ-да қол­да­нылатын әлемдік 6 тілдің бірі екені аян. Ал біздің балаларымыз жаһанға керек инновация және соңғы технологиялардың тілі – ағылшын тілін білулері міндетті. Бұл тіл әлемде объективті түрде сұранысқа ие әрі қажетті тіл, деп атап көрсетті Мемлекет басшысы. Лингвистикалық комиссия­ның шешімі Орталық сайлау ко­миссиясына тапсырылды. Ал ОСК өз кезегінде алдағы 5 күн ішінде «Нұр Отан» ХДП атынан президенттіктен үміткер ретінде тіркелген Нұрсұлтан Назар­баев­ты ҚР Конституциясы мен «ҚР сайлау туралы» Конституциялық заңының талаптарына сай екендігі туралы шешім қабылдайтын болады. Венера ТҮГЕЛБАЙ.