Букмекерлер бүгін түнде Риодағы Олимпиялық ойындар тұғырына шығатын қазақстандық ауыр атлет Фархад Харкиді медаль алатын үміткерлер үштігіне қосып қойды.
«62 килоға дейінгі салмақтағы Харки медальдан үміткерлер тізіміне енгізілді. Букмекерлердің пікірлерінше, қазақстандық спортшы жүлдегерлер үштігіне кіру үшін күресе алады, оның мұндағы коэффициенті 2.5-ке тең», - делінген хабарламада.
Ал алтын медальдан басты үміткер ретінде әлемнің екі дүркін чемпионы, қытайлық Чэнь Лицзюань атап өтілуде. Оның мүмкіндігі – 1.1-ге тең. Жүлдегерлер үштігі үшін сондай-ақ индонезиялық Эко Юли Ираван (1.3) мен колумбиялық Оскар Альбейро Фигуроа Москера (1.75) таласа алады.
Айта кетейік, 62 килоға дейінгі ауыр атлеттердің жарысы тамыздың 9-на қараған түні Астана уақытымен сағат 04:00-те басталады. Ол «Қазақстан» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.
Дамир ҚОЖАМҚҰЛ