Елімізде мемлекеттік қызметтерді жүйелі түрде жаңғырту және сұранысқа ие сервистерді онлайн форматқа көшіру жұмыстары жалғасып жатыр. Ел азаматтары осы жылдың сәуір айынан бастап, жарамдылық мерзімі аяқталған жүргізуші куәлігін eGov.kz порталы және eGov Mobile мобильді қосымшасы арқылы ауыстыра алады. Бұл туралы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі хабарлады, деп жазады Egemen.kz.
Министрлік мәліметінше, бұған дейін бұл қызмет тек қолданыстағы құжат болған жағдайда, сондай-ақ куәлік жоғалуы, ұрлануы немесе тегі, аты-жөнін өзгерткен кезде ғана онлайн форматта көрсетіліп келген. Енді ол құжат мерзімі өткен куәліктерге қатысты да қолданылады.
«Жаңашылдық жүргізуші куәлігінің барлық санатына қолданылады. Жарамдылық мерзімі өткеннен кейін куәлікті ауыстыру кезінде көлік құралын басқаруға рұқсат алу үшін міндетті түрде медициналық тексеруден өту қажет. Медициналық тексеруден өткен пайдаланушылардың мәліметтері өтінім беру сәтінде мемлекеттік ақпараттық жүйелерден автоматты түрде жүктеледі. Ал егер пайдаланушы куәлікті мерзімі аяқталғанға дейін алдын ала ауыстырса, медициналық тексеруден өту талап етілмейді. Қызмет көрсету мерзімі – 60 минут», делінген министрлік таратқан хабарламада.
Елімізде көлікті тіркеу мен жүргізуші куәлігін алу тәртібі өзгерді: Жүргізушілер нені білуі керек?
еGov.kz порталы арқылы қызметті алу үшін:
– порталға кіріп, «Азаматтарға» – «Көлік және коммуникациялар» – «Автомобиль көлігі» бөліміне өту;
– «Жүргізуші куәлігін алу» қызметін таңдау;
– дайын құжатты алу үшін ХҚКО-ны көрсету және фотосуретті жүктеу (фотоға қойылатын талаптармен танысу);
– қолтаңба үлгісін жүктеу және байланыс телефонын енгізу;
– мемлекеттік баж салығын төлеу (1,25 АЕК). Қайта өтінім берген жағдайда «Бұрын төленген» функциясын пайдалануға болады;
– өтінімді қол қоюдың қолжетімді тәсілдерінің бірімен растау.
Шымкентте жүргізуші куәлігін алуға келген адам көлікті аударып алды
eGov Mobile қосымшасы арқылы қызметті алу үшін:
– қосымшаға кіріп, «eGov Мемлекеттік қызметтер» – «Жүргізу және көлік» бөліміне өту;
– «Жүргізуші куәлігін беру» қызметін таңдау;
– фотоға қойылатын талаптармен танысып, файлды жүктеу;
– қолтаңба үлгісін жүктеу немесе жазып, «Сақтау» батырмасын басу;
– дайын құжатты алу үшін ХҚКО бөлімін таңдап, «Жалғастыру» батырмасын басу;
– мемлекеттік баж салығын төлеу (1,25 АЕК). Қайта өтінім берген жағдайда «Бұрын төленген» функциясын пайдалануға болады;
– өтінімді қолжетімді тәсілдердің бірімен қол қою.
Қызмет нәтижесі eGov.kz порталындағы Жеке кабинеттегі «Хабарламалар» бөлімінде және eGov Mobile қосымшасындағы «Хабарламалар» – «Жеке кабинет тарихы» бөлімінде көрсетіледі. Дайын құжатты рәсімдеу кезінде таңдалған ХҚКО-дан, жеке куәлікті көрсетіп, алуға болады.
«Жақын арада жүргізуші куәлігін ауыстыру қызметін толықтай онлайн форматқа кезең-кезеңімен көшіру жоспарланып отыр. Осы жылдың сәуір айынан бастап өтінімдерді электронды түрде беру тәсіліне басымдық беріледі, бұл ХҚКО-ға барудан бас тартып, ондағы кезектерді азайтуға мүмкіндік береді. Қызметтің онлайн форматта бұрыннан қолжетімді әрі сұранысқа ие екенін ескерсек, бұл қадам процесті цифрландырудың қисынды жалғасы болмақ», деді Цифрлық даму және жасанды интеллект вице-министрі Ростислав Коняшкин.
Қызылордада жүргізуші куәлігінен айырылған 15 азамат қайтадан жол ережесін бұзды
Фотосуретті жүктеу кезінде белгіленген талаптарды сақтау маңызды. Сурет форматы сапа параметрлеріне сәйкес болуы тиіс. Толық талаптар тізімімен eGov.kz порталындағы қызмет паспортынан танысуға болады.
Сонымен қатар бұрын берілген жеке куәліктегі немесе төлқұжаттағы фотосуретті пайдалану мүмкіндігі бар. Бұл жағдайда сурет алынатын құжат үш жылдан аспайтын мерзімде берілген болуы тиіс. Егер мерзім үш жылдан асса, жүйе өзекті фотосуретті қолмен жүктеуді ұсынады.
Өтінім беру барысында кейбір жағдайларда пайдаланушы құжатының деректері мемлекеттік ақпараттық жүйелерде цифрландырылмаған болуы мүмкін. Мұндай жағдайда тиісті хабарлама көрсетіледі және деректерді жаңарту үшін ХҚКО-ға жеке жүгіну қажет болуы ықтимал.
Сондай-ақ жүйе берешектердің бар-жоғын автоматты түрде тексереді. Егер жүргізушінің 30 күннен астам уақыт бұрын салынған, төленбеген айыппұлы болса, ол толық өтелгенге дейін куәлікті ауыстыру мүмкін болмайды.
Айта кетейік, жүргізуші куәлігін онлайн беру қызметі іске қосылған сәттен бастап оны 60 000-нан астам рет пайдаланған.