• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
15 Ақпан, 2011

Бұл – ерекше қамқорлық

417 рет
көрсетілді

Елбасы биылғы халыққа Жолдауында да, одан кейінгі «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының кезекті ХІІІ съезінде де жас ұрпаққа білім беру мәселесіне ерекше назар аударды. Әсіресе, бізді қанаттандырған бір мәселе, 2016 жылға қарай білім беруге жұмсалатын шығын ІЖӨ-нің 5 пайызына дейін жоғары­лайтыны болып отыр. Сонымен қатар, білім берудің тиімді жолын қарастыру мәселесі де алға міндеттелген. Осы білім сапасын көтеру жөнінде қолға алынып, қазір жұмыс істей бастаған интеллектуалды 5 мектептің қатарында біздің Астана қаласында химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебі де бар. Бұл білім ұясы өткен жылдың қыркүйек айында ғана өз жұмысын бастаған еді. Мектептің негізгі атқаратын бағыт-бағдары туралы айтар болсам, біріншіден, дүниежүзілік сапа мен еңбек ресурстарындағы білімнің өтімділігі, екінші – жеке-дара білім мен дербес қабілет­терді бағалау, үшіншіден, жаратылыстану-математика бағыттарындағы пәндерді тереңдетіп оқыту арқылы бейінді білім беруді қалыптастыру, төртіншіден, үштұғыр­лы тіл үлгісін іске асыру, бесіншіден, ақ­параттық-коммуникациялық технология­лар­ды енгізу. Зияткерлік мектептер осы мақсатты мүлтіксіз орындай отырып, әлемдік білім кеңістігіне шығуды қолға алуда. Сол секілді мектеп пен жоғары оқу орын­дарының арасындағы байланысты ны­ғайту, жобалық және зерттеу жұмыс­тарын дәйім жүргізіп отыру басты назарда. Біз профильдік пәндер бойынша мұ­ғалім­дердің қызметтерін жүйелі ұйымдастырып отыру үшін жаратылыстану бағытындағы кафедралар құрдық. Ол негізінен химия және биология пәндері мұғалімдерін ха­лық­аралық деңгейдегі ғылыми-әдісте­мелік жүйе бойынша оқуды қалыптастыру болып табылады. Сол секілді Отанымыздағы биология-химия саласында жұмыс істеп келе жатқан белді мекемелермен байланысты күшейте бастадық. Олардың қатарында: еліміздегі жетекші ғылыми орталық болып саналатын «Ұлттық биотехнологиялар ор­та­лығы» РММ, Білім және ғылым ми­нистрлігінің ғылым комитеті мен Шортан­дыдағы А.Бараев атындағы астық өндіру шаруашылық орталығы, тағы басқалар бар. Қазір біздің мектеп оқушылары өз Отанымызда өткен білім сайыстарына қатысып, жүлдегерлер қатарынан көрініп келеді. Ондай талантты оқушыларымыз Л.Әлиманова, А.Мұқашева, Д.Талғатов, А.Алтаев, М.Сайдулла, Е.Қайруллаев, Б.Тұрт­карин, Ә.Тұрмаханов, Ә.Мәмет. Біз оқушы­ларға тек академиялық білім беріп қана қой­май, елін қадірлейтін, мемлекетін құрмет­тейтін тұлға болып қалыптасуына септігін тигізетін дағдылар мен мәдениеттердің озық үлгілерін де үйретіп отырамыз. Жалпы, зияткерлік мектептердің бір үлкен ерекшелігі, мұнда әр пән терең­детіліп оқытылумен бірге, оның нәтижесін дер кезінде бағалап отыру негізгі міндетіміз саналады. Дарынды баланың талант көзін ашу үшін сабақ беріп қою өз алдына, онымен жұмыс істеу, жан дүниесін түсініп, ой-өрісін өсіру мәселесі бірінші кезекте тұруы тиіс. Ал мектеп пен ата-ананың арасындағы байланыс – бұл үлкен жауапкершілікке жетелейтін іс. Сондықтан да болар, Президенттің партия съезінде ата-аналарға арнайы қайырылып, білім беру мен тәрбиені қатар жүргізу әр азаматтың парызы, деп «Баланың бас ұстазы – ата-ана» деген байламға тоқтауы болып табылады. Ғалия СЫЗДЫҚОВА, химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің директоры. Астана.