• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Қоғам Бүгін, 08:22

Талдыдағы тәлімді іс

Мемлекет басшысының бастамасымен қанатын кеңге жайған «Таза Қазақстан» ауқымды республикалық экологиялық акциясы тек сенбілік өткізумен шектелмей, өскелең ұрпақтың санасына табиғатқа деген жанашырлықты сіңірудің бірегей құралына айналды. Осы игі қозғалыстың шынайы әрі жарқын көрінісі ретінде Қарқаралы ауданына қарасты Талды ауылының мектебін мысалға алуға болады. Алақандай ауылдағы №19 жалпы білім беретін тірек мектебінің ұжымы білім ордасын нағыз жасыл оазиске, көз тартар эко-кеңістікке айналдырып, республикалық деңгейде үлгі боларлық «100 түрлі гүл» акциясын бастап кетті.

Бұл таңғажайып жоба­ның авторы әрі бас­ты қозғаушы күші – атал­ған мектептің директоры, биоло­гия пәнінің мұғалімі Мақсат Оспан­құлов. Білікті биолог былтыр пай­далануға берілген жаңа мектеп ғимаратының дәліздері мен сыныптарын жай ғана көгалдандырып қоймай, оны оқушы жаны демалатын шынайы экологиялық аймаққа айналдыруды қолға алған. Бүгінде мектепте өсімдіктің 70-тен астам түрі жайқалып тұр. Олардың арасында күтімі ерекше нәзіктікті талап ететін гүлдер де, экзотикалық тропикалық өсімдіктер де бар. Мектеп табал­дыры­ғын аттағаннан-ақ көз­дің жауын алатын ашық түстер мен нәзік хош иіс жанды баурайды. Білім ордасының бұл бей­несі мұғалімдер ұжымы мен оқушыларға ерекше шығарма­шылық көңіл күй сыйлап отыр.

Бүгінде межеленген 100 түрлі гүл деңгейіне жету үшін мектеп ұжымы үнемі ізденеді. Таңдау негізінен тамыры терең, сабағы бекем, биікке бой түзейтін және бөлме ауасын барынша тазартатын, оттегін көп бөлетін пайдалы өсімдіктерге түсіп отыр.

Мектеп мұғалімі Әйгерім Бағдатқызы мен өзге де ұжым мүшелері бұл эко-ортаның мек­теп ішіндегі микроклиматты жақ­сартып, оқу үдерісіне оң әсер етіп жатқанын алға тартады. Мұның ғылыми негіздемесі де жоқ емес, себебі әлемдік зерттеулерге сүйенсек, айна­ласында тірі жасыл өсімдіктері бар ортада оқу­шы­­лардың зейін қою қабі­леті мен ақпаратты тез қа­был­­­дауы 20 пайызға артады екен. Жасыл түс көздің шар­­шауын басып, жүйке жүйесін тыныштандырады, бұл балалардың сабаққа деген ықыласын арттыратыны сөзсіз.

Мектеп оқушылары, соның ішінде Шырайлым Саят секіл­ді шәкірттер белгіленген ереже­лерді сақтай отырып, өзен құмын аралас­тыру, топырақ дайындау, гүлдер мен нәзік өскіндерге дұ­рыс күтім жасауды үлкен жауап­кершілікпен үйреніп келеді.

Бүгінде мектеп директоры әр­бір өсімдіктің жеке «төлқұ­жатын» әзірлеп жатыр, ал бола­шақта бұл мәлі­меттер жинақ­талып, арнайы кітап болып жарық көр­мек. Ең қызығы, жақын арада мектептегі әрбір гүл­дің қасына арнайы QR-кодтар орнатылады. Кез кел­ген оқушы немесе мектеп қонағы ұялы телефоны ар­қылы сол кодты ска­нерлеп, өсімдіктің шығу тарихы, оның отаны, суару және күту ережесі, сондай-ақ адам ден­сау­лығына тигізер пайдасы мен емдік қасиеті туралы толық ақпаратты оқи алады. Бұл – мектеп дәлізін ашық аспан астын­дағы тірі биологиялық зертханаға және цифрлық білім кеңістігіне айналдырудың озық үлгісі.

– Гүл егу мен үшін уақыт алатын ауыр жұмыс немесе міндет емес, жанға рахат сыйлайтын, өмірімнің ажырамас бөлшегіне айналған қызықты хобби. Менің өзіндік бір қалыптасқан қағидам бар, әлденеге мұңайып, жаның жабырқау тартып тұрса да гүл ек, көңіл күйің көтеріңкі болып, қуансаң да тағы да гүл ек! Өсімдік атаулы тек эстетикалық әсемдік беріп қана қоймайды, фотосинтез үдерісі арқылы айналасына таза ауа мен өмірлік энергия сыйлайды. Мысалға, Молочай Миля деп аталатын әсем гүлді еккенімізге бір жарым жыл болды. Ал мектепте бөл­ме гүлі ретінде өсіріліп жатқан шаңжапырақты өз қолыммен баптап келе жатқалы да біраз жыл өтті. Ерекше айта кетерлігі, біздің Кент орман шаруашылығында осы шаңжа­пырақтың табиғи ортада өсетін жабайы, табиғи түрі де кездеседі. Ең бастысы, бұл іске ешқандай артық қаржы кетпей­ді. Топырағы да, гүл құмырасы­ның астына төсейтін тасы да өз өлкеміздікі, өзіміздің өзеннен тауып алған құмымыз. Мен басқа жаққа барсам, ешқашан дайын гүлді сатып алмаймын. Бастапқыда менде Хлорофитум, Бегония секілді гүлдер ғана бар еді, кейін өзімде жоқ сирек өсімдіктерді іздей бастадым. Қайда барсам да — той-томалаққа, қонаққа барсам да, ең алдымен, айналамдағы гүлдерге көз тігемін. Өткенде мектебіміз­дің күзетшісі Қарқаралы қаласы­на барып, гүл сататын дүкенге бас сұ­ғыпты. Сатушы қыз: «Гүл алы­ңыз, таңдаңыз», дегенде, біз­дің қыз­меткер: «Бұл гүлдер­дің бар­лығы дерлік бізде бар», депті. Сатушы таңғалып: «Бұл қай мектеп?», деп сұрағанда, Тал­ды ауы­­лының №19 мектебі деп мақ­та­ныш­пен жауап берген екен. Шынында да, көбіне қара­пайым гүлдерді еге салады. Ал біздегі Шефлера, Замиокулькас секілді қымбат әрі сирек гүлдер мектептің, сол ортаның деңгейі мен мәдениетін, білімділігін көрсетеді. Ол сол шаңырақтың дәрежесін білдіреді. Мен де тек бүгінді емес, ке­ле­шекті, мектебімнің 100 жыл­дық болашағын ойлаймын. Менің үлкен мақсатым, үмітім – мек­те­бі­мізді толықтай жасыл желекке бөлеп, тек сабақ оқитын орын ғана емес, балалар да, ұстаздар да, ауыл тұрғындары да ләззат алатын үлкен мәдени демалыс орнына айналдыру, – дейді білікті биолог, табиғат жанашыры.

Тағы бір айта кетерлігі, жаңа мектептің ауласына да түрлі ағаш егіліп жатыр. Жақында ғана елі­міздің Білім беру ісінің құрметті қызмет­кері, Құрманғазы атындағы консервато­рияның белгілі түлегі, осы мек­тептің мақтанышы Роза Кадир­берлинаның ұсынысы­мен үлкен тағзым іс-шарасы өтті. Мектептің негізін қалаған, білім ошағының дамуына өмірін арнап, бүгінде дүниеден өткен 14 аяулы ұстаздың ұрпақтары бұл игі бастаманы қолдап, жаңа мектеп ауласына 14 түп көгілдір шырша көшетін отырғызды. Бұл шыршалар – өткен күннің қасиетті есімі, бүгінгі ұрпақ­тың тағзымы. Қазір мектеп оқушылары бұл шыршаларды өздерінің басты аманатындай көріп, ерекше баптап, күтіп отыр.

Бұл бастаманың басында тұр­ған Мақсат Зейнел­ұлының туған жеріне деген перзенттік махаббаты оны үлкен ғылыми және педагогикалық биіктерге жете­­леп келеді. 2004 жылы Е.А.Бөкетов атындағы Қара­ғанды мемлекеттік университетінің биология-гео­гра­фия факультетін бітіргеннен бері өмірін ауыл тіршілігімен бай­ланыстырып келеді. Ол Кент орман шаруашылығымен бір­лес­кен ғылыми зерттеу жұмыста­рын да сәтті жүргізіп жатыр. Жо­ғары басқару­шылық қабілеті­нің арқасында 2008 жылдан бері осы мектептің тізгінін абыроймен ұстап келеді. Мақсат ұстаздың отбасын да педагогтер әулеті деуге болады. Жары Жанар Жұмағазықызы – бастауыш сынып мұғалімі. Олар өсіріп отырған 4 баласынан 3 немере, 3 жиен сүйіп отырған үлгілі ата-әже. Ұл мен қызы өз алдына отау құрса, кіші ұлы Арқат Қара­ған­ды қала­сында еңбек етеді. Ал кіші қызы Зере биыл ата-ана жолын қуып, Е.А.Бөкетов атындағы Қараған­ды ұлттық зерт­теу университеті­нің математика факультетін математика-физика мамандығы бо­йынша бітіріп, жас ұстаз ретінде алғашқы қадамын баспақшы. Ке­йіп­кері­міздің тек мектебі ғана емес, үйінің ауласы да жасыл желекке оранған, ол өз перзенттерін де осы ізгі жолмен тәрбиелеп келеді. Ұстаз еңбегінің басты жемісі – оның озық шәкірттері. Мақсат Зейнелұлы баптаған да­рынды балалар биология саласында облыстық және рес­публикалық деңгейде биік белестерді бағындырып келеді.

Тәжірибелі мұғалімнің әрі білікті басшының білім сала­сын дамытуға қосқан үлесі де баға­ланған. Ол Қарағанды облысында білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталығы ұйымдас­тырған «Педагогикалық идеялар фестивалі» республикалық бай­қауының облыстық кезеңінде «Шеберлік палитрасы» бағыты бойынша ІІІ дәрежелі дипломмен, «Шағын жинақты мектептің үздік мұғалімі – 2023» байқауында ІІ дәрежелі дипломмен және Қара­ғанды облыстық білім басқарма­сының «Құрмет грамотасымен» мара­патталған. Сондай-ақ 2019 жылы Қарқаралы ауданының әлеу­мет­тік-экономикалық дамуы­на қос­қан ерекше үлесі үшін «Разақ Таңатов атындағы білім беру сала­сы­­ның үздігі» аталымын иеленген.

Қарқаралының бір қиырын­да­ғы ауыл мектебінен басталған бұл ізгі де жаңашыл жоба – бүкіл респуб­лика мектептеріне үлгі бо­ларлық бірегей тәжіри­бе. Таби­ғатты аялау­ды өз табал­дырығынан бастаған ұжымның бүгінгі еңбегі – ертеңгі жасыл болашақтың берік іргетасы.

 

Қарағанды облысы,

Қарқаралы ауданы,

Талды ауылы

Соңғы жаңалықтар