«Қайрат» клубының бас бапкері Рафаэль Уразбахтин Дастан Сәтпаев кеткеннен кейін оның орнын басатын футболшыларға қатысты пікір білдірді. 17 жастағы шабуылшы енді мансабын Англияда жалғастырып, Лондонның «Челси» клубында ойнайды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Рафаэль Уразбахтин Дастанның жас футболшылар үшін үлгі болғанын атап өтті.
«Барлығы оған қарап бой түзейді. Ол арманның шындыққа айналуы мүмкін екенін дәлелдеді. Жастар қорықпай ойнап, өз мүмкіндігін көрсетулері қажет. Дастан кеткеннен кейін құрамда орын босайды, сондықтан жас ойыншыларға көбірек мүмкіндік береміз. Кім лайық болса, сол алаңға шығады», деді бапкер.
Оның айтуынша, Сәтпаевтың орнына үміткерлердің бірі – жуырда ғана командаға қосылған 30 жастағы испаниялық шабуылшы Марк Гуаль. Ол да Дастан секілді орталық шабуылшы позициясында өнер көрсетеді.
Хаби Алонсо тактикасына болжам: Дастан Сәтпаев «Челсиде» қай позицияда ойнауы мүмкін?
Бапкердің сөзінше, жаңа ойыншы әзірге командаға бейімделу кезеңінен өтіп жатыр.
«Әр матч сайын оған көбірек уақыт беріп жатырмыз. Чемпиондар лигасының іріктеу ойындарына дейін бабына келеді деп ойлаймын. Оның білікті футболшы екені көрініп тұр, шабуылдарды шиеленістіріп, қауіпті сәттер жасап жүр», деді Р. Уразбахтин.
Айта кетейік, Дастан Сәтпаев елдегі жоғары оқу орындарының бірінде білім алу үшін арнайы грант иеленген болатын. Ал «Қайрат» енді Қазақстан чемпионатымен қатар, Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңіндегі маңызды кездесулерге дайындалып жатыр.
Дастан Сәтпаевтың жейдесі Будапешттегі арнайы көрмеге қойылды