Дүйсенбіден сейсенбіге қараған түні Испания мен Кабо-Верде (0:0), Бельгия мен Мысыр (1:1), Сауд Арабиясы мен Уругвай (1:1), Иран мен Жаңа Зеландияда (2:2) арасында өткен бәсекелердің барлығы да тең есеппен аяқталды. Дәл осындай жағдай дүниежүзілік доп додасында бір рет қана тіркелді. 1958 жылы Швециядағы чемпионаттың Швеция – Уэльс (0:0), Англия – Аустрия (2:2), Парагвай – Югославия (3:3), ГФР – Солтүстік Ирландияның (2:2) кездесуінде жеңімпаз анықталмады. Бір қызығы, бұл ойындар да дәл осы жарыстағыдай 15 маусым күні өткен еді.
2007, 2011 жылдары әйелдер арасында өткен әлем чемпионатында Жаңа Зеландия құрамасы сапында Дженни Биндон есімді бұрымды өнер көрсетті. Биылғы әлем чемпионатында оның ұлы Тайлер Биндон Иранға қарсы ойында жасыл алаңға шықты. Осы спорт түрі тарихында бұрын-соңды анасы мен баласы аталған жарысқа қатысқан емес.
Даңқты Испанияға қарсы ойында сегіз сейв жасап, өз қақпасына бірде-бір гол жібермеген Возиньо бірден миллиондаған жанкүйердің қошеметіне бөленіп, Кабо-Верденің ұлттық батырына айналды. Сонымен қатар әлеуметтік желіде де беделі күрт артты. Жарыс басталғанға дейін Возиньоның Инстаграмда небәрі 56 мың жазылушысы болса, Атлантада бәсеке аяқталған бетте олардың саны бірден 5,8 миллионға жетті.
Норвегияның қақпасына гол соққан Ирак құрамасының шабуылшысы Аймен Хуссейн тағдыры күрделі адамдар қатарынан. Оның көрмегені жоқ. Әкесі «Әл-Каида» ұйымдастырған теракт кезінде қаза тапты. Туған ағасы із-түссіз жоғалып кетті. Өзі бала кезінде босқындар лагерінде болды. Соған қарамастан Хуссейн көздеген мақсатына қол жеткізіп, Ирактың ең мықты футболшыларының біріне айналды. Ұлттық құрама сапында барлығы 95 кездесу өткізген ойыншы 33 мәрте мергендік танытты. Бірқатар аса маңызды матчтарда командасына жеңіс сыйлады. Қазірде Аймен өз елінің ең мерген футболшыларының ТОП-5-тігіне еркін еніп отыр. Іріктеу турнирінде Боливияға қарсы өткен шешуші кездесуде дәл осы Хуссейн соққан голдың арқасында Ирак құрамасы әлемдік додаға қатысу мүмкіндігіне ие болды.