«Табиғат» экологиялық қорының жетекшісі Мэлс Елеусізовке президенттікке талпыну таңсық емес. Ол осыған дейін, яғни 2005 жылы да өз кандидатурасын ұсынып, 0,28 пайыз дауыс жинаған болатын.
Жығылған жұдырыққа тоймайды дегендей, экология мәселесін анда-санда еске түсіріп жүретін Елеусізов мырза кезекті рет президенттік сайлауға түскелі отыр. Жұма күні ол бұл ниетін ресми түрде мәлімдесе, кеше Алматыдағы Ұлттық баспасөз орталығында журналистермен кездесті.
Ол осыдан санаулы күндер бұрын ғана 2011 жылы президенттік сайлауға қатыспаймын деп мәлім еткен болатын. Елеусізов БАҚ беттерінде берген сұхбатында саясаттан әлдеқашан кеткенін және онда «қаражаты мен адамдардың қолдауы жоқ» екендігін мәлімдеген еді. Енді міне, аяқ астынан сайлауда бақ сынайтын болып отыр.
Елеусізов мырза БАҚ өкілдерімен баспасөз мәслихатын бірден сұрақ-жауаптан бастады. Замана қанша дегенмен өзгеріп жатыр, бұрынғы сайлауға қарағанда, бағдарламасы өзгерген болар деген дәмемізден түк шықпады. Бұрынғы бағдарламасы жұмыс істеп жатпағанын алға тартқан кандидат қолындағы бағдарламасы туралы да ештеңе баяндай қоймады. Әріптестеріміздің осы жолғы сайлаудан қанша дауыс алатындығы туралы сұрақтары да жауапсыз қалды. Жалпы «ескі де жаңа кандидат» журналистердің барлық сауалдарына сырғытпа жауаптар беріп отырды десе де болады. Біресе елімізде демократия бар, біресе жоқ, деп отырған Елеусізов мырзаның саясат туралы пікірлері де екіұшты. Саясат – бұл спектакль, – деген Елеусізов енді бірде, Президент болу жеңіл жұмыс емес, ол үшін көп еңбек ету керек, деген жалпылама сөз айтады.
Саясатты жақсы білемін деген ол енді бірде, табиғатты да жақсы білемін деп өзінің ескі жырына ауысады. Айтқандай, экология мәселесімен жиырма жылдай айналысқан Елеусізов қоқыс, тұрмыстық қалдықтар мәселесін де біраз қаузаған болатын. Журналистердің оның экология саласында осы жылдар аралығында нақты атқарған шаруаларын білмек болған әрекеті де іске аспады. Біздің ұққанымыз, Елеусізов көтерген мәселелер әлі шешімін таппаған, жасаған ұсыныстары жоба түрінде қалып тұр.
Ол мемлекеттік тілді қай дәрежеде білесіз деген сауалға жаман емес деп жауап берді. Дегенмен, өткен жылы бірнеше облысты аралап қайтқан Елеусізов елдің жағдайын білетін болып шықты. Әлі күнге дейін нақты бағдарламасы жоқ, әлі ОСК-ға барып, бүкіл талап-тілектермен толық танысып та үлгермеген кандидаттың санаулы айдың ішінде сайлау алды компаниялары мен үгіт-насихат жұмыстарын қалай жүргізері белгісіздеу.
Қысқасы, өткен сайлауда да Президенттік орынның ауылы алыста болғандығын біле тұра қатысқан Елеусізов сөзі мынаған саяды:
– Президенттік сайлауға түсу арқылы табиғат, экология мәселелерін кеңінен көтеруге мүмкіншілік болатынын бұрыннан айтып келем. Өткен сайлауда бірқатар мәселелерді көтеріп, олардың шешілуіне қол жеткізе алдым. Табиғат та үлкен саясат, сондықтан одан тыс қалғым келмейді. Қазір дүние жүзінде үлкен апаттар орын алып жатыр, ауа райы өзгеруде, сол себептен қол қусырып отыра алмаймын.
Сондай-ақ, ол демократиялы ел болғандықтан, үміткер ретінде қатысуға құқылы екендігін айтады. «Мен президенттіке өтем бе, өтпеймін бе, ол мені мазаламайды. Мен демократиялы елдің азаматы ретінде өзімді ұсынамын. Біздің қоғамның кемшін тұсы бар. Ол – халықтың сайлауға немқұрайлы қарауы. Үміткерлер ұнау, ұнамауы маңызды емес, бастысы – демократиялы елдің азаматы ретінде сайлауға қатысып, өз үніңді білдіру», – дейді үміткер.
Айнаш ЕСАЛИ.
Алматы.