• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
15 Ақпан, 2011

Әзілхан НҰРШАЙЫҚОВ

7042 рет
көрсетілді

Қазақ әдебиеті тағы бір орны толмас қазаға ұшырады. 89 жасқа қараған ша­ғында көрнекті қаламгер, Қазақ КСР-нің Абай атындағы Мемлекеттік сыйлы­ғы­ның лауреаты, Қазақстанның халық жа­зу­шысы Әзілхан Нұршайықов дүние салды. Ол 1922 жылдың 15 желтоқсанында қазіргі Шығыс Қазақстан облысы, Жарма ауданына қарасты Келінсүйегі деген жерде дүниеге келген. Ақбұзау ауы­лын­дағы орталау мектепті бітіріп, Ал­ма­тыдағы Тау-кен институтының жұмыс­шы факультетінде, Семейдегі Абай ат­ын­дағы Қазақ педагогикалық училищесінде, пе­дагогикалық институтында оқыған. 1941-1945 жылдар арасында Қызыл Армия қатарында болып, Ұлы Отан соғысына қатысқан. Соғыстан кейін Қа­зақ мемлекеттік университетінің филология факультетін аяқтаған. Әр жылдарда «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газетінде бөлім мең­герушісі, «Социалистік Қазақстан» (қа­зір­гі «Егемен Қазақстан») газетінде әде­би қызметкер, бөлім меңгерушісі, ре­дак­тордың орынбасары, Павлодар облыс­тық «Қызыл ту» газетінде редактор, республикалық «Қазақ әдебиеті» газетінде бас редактор, «Қазақ кеңес энци­клопедиясында» тіл, әдебиет, фольклор редакциясының меңгерушісі, Қазақ КСР Ғылым академиясы М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында ғы­лыми қызметкер болып жемісті қызмет еткен. Көп жылдар бойы Қазақстан Жа­зушылар одағында проза кеңесі мен жас әдебиетшілер кеңесінің төрағасы болып келді. Алғашқы очерк, әңгімелер жинағы “Ал­ыстағы ауданда” деген атпен 1956 жы­лы жарық көрген. 60-жылдардан бастап көркем проза жанрында сүбелі еңбек етті. Қаламгердің қаламынан туған «Махаббат жыры», «Тоғыз толғау», «Автопортрет», «Ма­хаб­бат, қызық мол жыл­дар», «Ақи­қат пен аңыз», «Екі естелік», «Жамбылға хат», «Менің заман­даста­рым», «Қаламгер және он­ың достары», «Мәңгілік махаббат жыры» сияқты кі­таптары оқырман қауым мен сыншы­лар­дан жоғары бағасын алған. И.Буниннің, М.Шолоховтың, Т.Пав­лен­коның, А.Якобсонның шы­ғар­ма­ла­рын қа­зақ­шаға сәтті тәржімалаған. 2005 жылы «Қа­зы­ғұрт» баспасынан он томдық шы­ғармалар жинағы жарық көр­ген. Жекелеген шығармалары қыр­­­ғыз, өзбек, тәжік, молдован, татар, якут тілдеріне аударылған. 1980 жылы «Ақиқат пен аң­ыз» роман-диалогы үшін Қазақ КСР-нің Абай атындағы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты ата­­ғы берілген. III дәрежелі «Даңқ», «Құр­мет белгісі», «Халықтар дос­­тығы», II дәрежелі «Отан со­ғысы», «Парасат», «Отан» ор­ден­дерімен марапат­тал­ған. Әзілхан Нұршайықов – Қа­зақстан­ның халық жазу­шы­сы. А.Фадеев атын­дағы сыйлықтың лауреаты. Семей қа­ла­сындағы М.О.Әуезов атындағы универ­си­теттің, Шәкәрім атындағы Се­­мей пе­да­гогикалық институ­ты­ның құрметті профессоры, Жам­­­был облысындағы Са­ры­су ауданының, Семей қаласының құр­метті азаматы. Көркем әдебиетті қадір­лей­тін халқы­мыз­дың бірнеше буын өк­ілдері жазу­шы­ның шығарма­ла­рымен сусындап өсті. Он­ың шы­ғармаларының кейіпкерлері қа­шан­да жас ұрпақты отан­сүйгіштікке, адал­дыққа, махаббат пен достық сезіміне тәр­биеледі. Миллион­даған адам­дар­дың жү­регіне жол тапқан құнды шы­ғар­ма­ла­ры ұлттық мақта­ны­шымызға, мә­де­ни мұ­рамыздың ажырамас бөлігіне айналды. Алаштың абыз ақсақалы, аса көр­нек­ті қаламгер, парасатты да білікті Әзілхан Нұршайықов секілді ұлтын сүйген ұла­ғат­ты тұлғаның ардақты бейнесі ел жа­дында мәңгі сақталады. Қазақстан Республикасының Үкіметі. * * * МОМЫШҰЛЫ ШАҢЫРАҒЫ ҮШІН ТӘБӘРІК АДАМ ЕДІ Қазақ халқының ардақтаған аяулы қариясы, көнелердің асыл тұяғы Әзағаның  өмірден өткенін естігенде көзімнен еріксіз жас парлап кетті. Күні кеше ғана маңдайымнан сүйіп, «айналайын» деп мейірленген ағадан бір сәтте айырылып қаламыз деп кім ойлаған. Әкем марқұм: «Адамның жер бетіндегі ғұмыры кірпікке ілініп тұрған бір тамшы жас секілді. Кірпікке ілінген жас көзге қайта кірмейді, жерге тамады. Ерте ме, кеш пе, күндіз бе, түнде ме, сол жастың кірпіктен қашан үзіліп түсерін пенде пақыр болжай алмайды. Ол тек бір Аллаға аян», деуші еді. Иә, Алланың сызығынан ешкім аттап өте ал­май­ды. Бұл ақиқатты ақылмен тү­сінсек те, жүрек шіркін «өлдіге» қимай, бұлқынады. Әзаға Мо­мыш­ұлы шаңырағы үшін тәбәрік адам еді. Әкеміздің көзіндей кө­ріп еркелейтінбіз, ардақтайтын­быз. Қашан көрсең өмірге құш­тарлығымен, жастарға үлгі-өне­гесімен, аталық ақыл сөздерімен төрт құбыласы түгел жандай жа­дырап жүретін. Тіршілікте кездесіп жататын кем-кетікті айтып ша­ғынғанды жаны сүймейтін. Шү­кіршілік пен тәубе ауызынан түспейтін. Әзілхан ағаның ғажайып ең­бек­қорлығы кімге де болса үлгі болатын қасиет еді. Өмірінің со­ңына дейін қаламы қолынан түс­педі. Саналы өмірін қазақ хал­қына, өсер ұрпаққа адал қызмет етуге арнады. Соңғы демі біткенше ел-жұртымен бірге болды, елінің сөзін сөйледі. Қазақ деген іргелі ел аман тұрғанда Әзаға да халқының жүрегінде өмір сүреді. Қадірлі ағайын! Қаза бәрімізге ортақ болғандықтан алдымен қа­зақ халқына басымды иіп, көңіл айтамын. Еліміз аман, жеріміз ты­ныш болсын деп тілеймін. Аға­ның отбасының, туған-туысқан­дарының қайғысына ортақтаса отырып, Әзілхан ағаның алды пейіш, арты кеніш болсын деп бір Алладан сұраймын. Бақытжан МОМЫШҰЛЫ. * ** ҰЛТТЫҢ ҰЛАҒАТТЫ ҰСТАЗЫ Әзілхан Нұршайықов десе ұлт үшін жанған отты жалаңаш қолымен ұстаған, қайтпас, қайсар қаламгер бейнесі ойға оралады. Желтоқсан көте­рілісінен кейін Мәскеудің «Қазақ ұлтшылдығы» деген қаулысы қабылданғанда Әзілхан Нұршайықов Мәскеуге: «Саяси бюроның шешімі қате. «Қазақ ұлтшылдығы» деген қаулының күшін жою керек!», – деп Бас хатшы Горбачевке хат жазды. Ол поштада ұсталатын болғандықтан КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты Олжас Сүлейменов арқылы Кремльге жеткізілді. Сол үшін Орталықтан бастап, Колбиннен де қысым көрді. Әркімнің қолынан келе бермейтін осы ерлігін – лаулап жанған отты жалаң қолымен ұстағанға теңеймін. Әзағаңмен соңғы 15-20 жылдан бері жақын араласып, бір-бірімізбен сыр бөліскен ағалы-інілі дос едік. Бір-бірімізге ақыл қосып, шама-шарқымыз жеткенше көмек қолын созып жүрдік. Күні кеше, яғни Азиада қарсаңында маған қоңырау шалып: «Өскеменге барып қайтсам ба деп едім. Қысқы Азия ойындарының алауын алып жүруге жақсы көретін інім Бердібек Сапарбаев шақырып жатыр еді», деп рұқсат сұрағандай әзілдесті. Туған жерінен жақсы көңіл-күймен оралды. Тағы бірде «Президенттің қолынан стипендия аламын» деп қоңырау шалды. Алайда, сол стипендия алатын күні, 7-ақпанда жансақтау бөліміне түсіп қалды. Соғыс өртінен аман оралған, Халимадай ғашы­ғына қосылып, тату-тәтті өмір сүрген, екі ұл, екі қыз өсіріп, өрісі кеңейген, өзгесін айтпағанда орыстың үш батыры сынды шоқтығы биік, үш шығарма «Ақиқат пен аңыз» романын, «Халима» хикаясын жазған, ал­ғашқы романы он рет қайта басылған, «Махаббат, қызық мол жылдары» 40 жыл бойы оқушы қолынан түспей, сан ұрпаққа рухани азық бола білген Әзілхан сынды жазушы тым аз бүгінде. Халықтан «Ұлттың ұлағатты ұстазы», «Махаббат падишасы» деген атақ алып, аты көзі тірісінде-ақ аңызға айналған абыз аға, ақиық досым Әзағама өзегім өртеніп тұрып, қош деймін енді амалсыз. Жаның жәннатта болсын асыл текті, ақиық аға – Әзағам! Сәбит ДОСАНОВ. * ** АЛПЫС АЛТЫ ЖЫЛ ҚАТАР ЖҮРГЕН ӘЗАҒАМ-АЙ! Әзілхан Нұршайықовпен қа­зіргі Әл-Фараби атындағы Қа­зақ ұлттық университетінің филология факультетінде бірге оқы­дық. Ол қазақ тілі мен әдебиеті, мен журналистика бө­лімінде білім алдық. Сол 1945 жылы табысқан жандар Павлодарда облыстық газеттің ре­дак­торы болған кезде ғана болмаса, осы Алматыда қол ұс­та­сып, аяқ-табағымыз ғана емес, жан-дүниеміз тонның ішкі бау­ын­дай араласып кеткен пенделер едік. Аузын бағып, сырын аша бермейтін пенденің тындырары көп болса керек. Соғыс жыл­да­рында қасына екі солдатты ертіп кемеңгер Сәбит Мұқа­нов­тың қо­нағы болуы, қазақ жау­ынгер­ле­рінің Жамбылға жазған жауап өлеңінің авторлығы, одан Павлодарда жүргенде қазақ­тың атақты жазушысы Мұқан Иманжановпен рухани достасуы ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтен бата алуға ұласып, қазақ әде­биетін іздеп жү­ріп оқитын жас­тарды күні бүгінге дейін ұлттық әдет-ғұ­рып­қа үйре­тетін «Махаббат, қызық мол жылдар» романын сыйға тар­тып, бірден ел таныған классикке ай­налып еді. Халықтың шын ниетпен сыр­лас-мұңдас болатын жазушысы  екенін хас батыр Бауыржан Мо­мышұлының абыройын асқақ­та­та түскен «Ақиқат пен аңыз» ро­маны растап еді. Абай атындағы мемлекеттік сыйлық тарихи шын­­дықты ресми мойындауға негіз бола алары сөзсіз. Онан кейінгі «Мәңгілік махаббат жыры», «Халима» атты мұңды да сыршыл хикаяттары абырой үстіне абы­рой қоса түскен құнды шығар­ма­лары. Өзінің алғаш ұшқан қанаты жур­налистика екенін еш уақытта ұмытпай, қос қанатымен қарыш­тай самғаған қаламгер қазақ әде­биеті тарихында өшпес із қал­дыр­ды. Осы дүниелер жарыққа шы­ғар­да басы-қасында болға­ны­мыз­ды енді жұбаныш етіп, бүгін өлім деген өкінішті шындыққа мойын ұсынамыз. Мұндай да­рын­мен ал­пыс алты жыл қол ұстасып қатар жүрген маған, осы әзиз адам­ның қазасы, әрине, жаныма өзгелерден гөрі қаттырак батары анық. Абыройың ел-жұрттың ал­дын­да асқақтай берсін деген ой­дан басқа айтарым жоқ. Қош бол, Әзаға! Тұрсынбек КӘКІШЕВ. * * * ҚОШ, ӘЗАҒА! Қазақ жұрты өзінің мақтан етер, тұлға тұтар тағы бір та­нымал ұлынан айырылды. Қа­зақ әдебиетінің ірі өкілінің бірі – Әзілхан Нұршайықов 89 жас­қа қараған шағында дүниеден озды. Алланың жазуына, табиғат­тың заңдылығына баласақ та Әзағамыздың оралмас сапарға аттанып кеткендігіне сенгіміз келмейді. Өйткені ол кісінің еліне келіп, жерлестерін Азиада спорт ойындары алдында жеңіске жігерлендіріп, марқай­тып кеткені кеше ғана болатын. – Мен эстафета кезінде Республика алаңындағы тайқа­зан­ға алаудың отын жақтым. Мен сол сәтте бүкіл шығыс­қазақ­стан­дық жастардың жүрегіне от жақтым, қарттардың жүрегіне жылу бердім деп ойладым. Мінеки, сол алаудың менің жерлестерімді жеңістерге жетелей беруіне шын жүректен тілектеспін, – деп игі ниет, ақжарма ақ тілегін білдірген еді. Абыз ағамыздың ол тілегін спортшы жерлестері, жалпы елі абыроймен орындап, Азиада ойын­дарының ең биік тұғырына көтерілді. Жалпы, Әзілхан аға туған жерімен, туған елімен қарым-қа­ты­насын ешқашан үзген емес. Жиі-жиі келіп, Шығыста асырылып жатқан игі істерді қуана қолдап, ақыл-кеңестерін айтып отыратын. Әзағаның қазасы орны толмастай өкініш болып, қабыр­ғамызды қай­ыстырып отыр. Ұлы Отан соғысы кезінде майдандық газеттерден бастау алған Әзағаның шығармашылық жолы өмірінің соңғы сәтіне дейін үзілген жоқ. 1956 жылы «Алыс­тағы ауданда» деген атпен шық­қан алғашқы очерк, әңгімелер жинағынан бері жиырмадан аса кітабы жарық көрді. Жазушыны махаббат әміршісі атандырған «Ма­хаббат жыры», «Махаббат, қы­зық мол жылдар», «Мәңгілік махаббат жыры» роман, повестері жастардың жастанып оқитын кі­таптарына айналса, «Ақиқат пен аңыз» роман-диалогы бірқатар шетел тілдеріне аударылып ба­сылып, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлыққа ие болды. Ұлы Отан соғысының ардагері, Қазақстанның халық жазу­шы­сы, Семей қаласының құрметті аза­ма­ты, бүкіл қазақ елінің, жұр­тының қадір тұтқан аза­маты, көркем сөздің хас шебері Әзілхан Нұр­шайықовтың балаларына, ұр­пағына, туған-туыс­қан­дарына қай­ғыларына ортақ­та­сып көңіл айтамыз. Әз ағаның жарқын бейнесі біздің жүрегімізде мәңгі сақталады. Бақұл болыңыз, қадірлі аға, жаныңыз жәннатта болғай! Бердібек САПАРБАЕВ, Шығыс Қазақстан облысының әкімі. * ** КӨКІРЕГІ АЛТЫН САНДЫҚ ЕДІ Әзілхан ағамыздың қазасы қабырғамызды сөгіп кеткендей болды. Жаны жайсаң, жүрегі таза, адамдарға жақсылық ойлап тұратын кісі еді. Ұлық басымен талай рет бізді іздеп келгенін қалай ұмытарсың. Менің 75 жылдық мерейтойыма келді. Оған да жеті-сегіз жыл өтіпті. Былтыр атақты “Махаббат, қызық мол жылдар” кітабының шыққанына қырық жыл толуына орай Кентауға тағы айналып соғып, оқыр­мандарымен жүздесті. Ол кісі соғыстан келгенде біз екінші курс­тың студенттері едік. Ауылдан келген шөп­желке, ұяң қызбыз. Біразымыздың ағала­ры­мыз солдатта болды, көбі оралмады. Әзе­кең бізден бес жастай үлкен болғандықтан, туған аға­мыздай қабылдадық. Қатты жақсы көрдік. Араға жиырма бес жыл салып, біздің отбасыға келді. Кішіпейілділігі ғой, жаңа шы­ғарма жазып жатқанын, оған отағасым Төлеубектің рұқсатын сұрады. Төлеубек мықты азамат еді. Берді, әрине. Ол кітап “Махаббат, қызық мол жылдар” болатын. Көркем шығарма өмірден көшіріл­мейді. Бір кісінің толыққанды портретін жасау үшін түр-түрі жинақталады. Ербол мен Меңтай мыңдаған қазақ жастарының темір­қазығы болғанын көзіміз көрді. Ұяңдығым болар, Меңтайдың маған негізделіп жазыл­ғанын Әзекең айтпағанда, өзім ешкімге жақ аша қойған жоқ едім. Балаларым таң қалды. Сөйткен азамат еді ғой Әзекең. Алматыдағы үйімен хат жазысып тұрдық. Тілеуі жақсы, көкірегі алтын сандық адам болатын. Қасымдағы Ләйла қызым да қа­засын естіп, қатты қиналды. Ағайын-туған, бала-шағасына көңіл айтқаннан басқа дәрмен жоқ қолдан келетін. Қош бол, әзіз аға, Алаш­тың ардағы Әзаға. Топырағыңыз торқа болсын. Өзіңнің Меңтай – Нұрғалимаң. Оңтүстік Қазақстан облысы, Кентау қаласы. * * * ЕРЛІК ПЕН МАХАББАТ ЖЫРШЫСЫ Қазақ әдебиетінің тағы бір ай­тулы өкілі, асқар таудай асыл аға­мыз Әзілхан Нұршайықов та өмір­ден озды. Бірақ ол кісінің артында қазақ барда бірге жасай­тын том-том рухани мұралары қалды. Со­лардың бірі «Махаббат, қызық мол жылдар» атты романы болатын. Бұл туындыны оқып өспеген ұр­пақ қазақ топырағында кемде-кем шығар. Ербол мен Меңтай бейнесі сол кітапты па­рақтағандардың кө­кейінде жыл құсындай сақталып қалғаны да рас. Бұдан кейінгі тағы бір елеулі дүниесі қазақтың хас батыры Бау­ыржан Момышұлы туралы жаз­ған «Ақиқат пен аңыз» еді. Осы роман арқылы біз Бау­ыржан ба­тырдың бүкіл болмысын, май­дандағы ерлігін, бейбіт күндегі адалдығын, азаматтығын, оның пайым-парасатының ерекше бол­ғанын, ой өлшемінің көп жұрттан көш ілгері тұрғанын танып, білдік. Сөйтіп, батыр тұлғасы көр­кем прозадан ойып тұрып орын алды. Қашан да жақсы шығарма автордың ғана емес, оқырманның да қазынасы ғой. Бір кездері кітап шығару қиындап кеткен тұста, ай­тулы қаламгер оқырман­да­ры­нан алыстап қалмасын деп 10 том­дық шығармалар жинағының жарық көруіне демеушілік жасағаным бар. Жақсылыққа жақсылық деп ардақты ағамыз сол ілтипа­тымды әркез ауызынан тастамай айтып, басылымдарда ризалығын білдірген болатын. Енді, міне, сондай алдыңғы толқын қалам­герден көз жазып қалып отырмыз. Бірақ, бір тәубе дерлігі, Әзілхан ағаның ар­тында қыруар шығар­малары қал­ды. Бұл жазушының екінші өмі­рін жалғастыратын өз­ек деп білемін. Соны мият тұта оты­рып, ба­құл бол, Әзаға демекпін! Бекет ТҰРҒАРАЕВ, Қазақстанның еңбек сіңірген заңгері. * ** АСТАНАМЕН ҚОШТАСЫПТЫ-АУ! Ақ қағаз, саған, не жазам! Халқым, өзіңе не деймін?! Боздаған көңіліңді қайтіп жұбатам! Қаламсабым қан­жардай тілгілейді жүрегімді... Әзағаң өтті дүниеден! 89 жасқа қараған шағында әзіз өмір үзілді. Соғыста отқа күймеген, 6 рет жүрек талмасынан аман қалған болаттай берік ғұмыр тыншыды. Ал рухы оқ­ыр­мандарының мәңгілік әлдиіне бө­ленді. Әзағаңнан қандай мұра қалды десейші. Отансүйгіштік қасиет, ұлтын асқақтатқан өр мінез, ел болашағын ұлықтаған парасатты сөз қалды. Ақтарылып берген ақ батасы жас ұрпақтың шамшырағына айналды. Өмірден өзіңіз баз кешкенмен, дү­ниені махаббат бесігіне бөлеп кет­тіңіз, Әзаға! Отанды сүю, әдебиетті әспеттеу, Халима апамызға  шексіз ға­шықтық, жалпы адамзат баласын ардақтау, жас жүрекке іңкәрлік сезімін тұтату – бәрі-бәрі ұлы махаб­баттың мәңгілік ұраны десек, Сіз, ұлық та, кішік те бола білдіңіз. Сол себепті де Сізді халқыңыз «махаббат­тың маршалына» теңеді. Махаббат та жетімсірейді екен! Сізді егіліп жоқтайды. Аймалап сүйе­ді, «Әзағам!» деп шыбын жаны шырқырап, қаза күйігіне күйеді! Жү­регіне жалынымен түйеді! Бір тұ­шынарлығы, ақ көбелектің қанатына  ілескен Сіздің уылжыған  махабба­ты­ңыздың мархабаты  дүние тұр­ған­ша салтанат құрады! Сол – көңілге медет! Соншама жыл бойы өзіңізбен хат жазысып, оны тұтас кітап күй­ін­де шығарғаныма шүкірлік деймін. Өткен жылы, дәл 88 жасқа толған күні, Елбасы қолынан «Отан» орденін алған Әзағаңды, ертесіне әуежайдан Алматыға  аттандырып салып едім. Астанамен соңғы рет қоштасыпты-ау! (Суретте). 36 жыл хат жазысқан асыл бейненің ыстық құшағына ақырғы рет енгенімді сезіппін бе, сол сәт! Әзағам-ау! Естимісіз! «Қош!» деуге аузым бармайды. Жан-Аға! Жоқтан сақтасын – Бар-Аға! Қайсар ӘЛІМ.