Жергілікті полиция жұмысқа кіріскелі көптеген жаңалықтардың куәсі болудамыз.
Жуырда Көкшетау қаласының жасөспірімдері полиция қызметкерлерімен бірге облыстық аурхананың травматологиялық бөлімшесінде болды. Зардап шеккендерге балалар шағын концерт қойып, жол қауіпсіздігі ережелеріне қатысты әдебиеттерді таратты. Ем қабылдаушылар назарына жас инспекторлар қызметі жайлы бейнесюжет те ұсынылды.
– Мен бағдаршамның қызыл белгісіне қарамастан қарсы бетке жүгіріп өтпек болғанымда, жол-көлік оқиғасына тап болдым, – дейді қаланың 17 жасар тұрғыны. – Осы қылығым үшін өкінемін. Қиналып жатқанымда кішкентай іні-қарындастарымның көңілімді сұрағанына қуанамын әрі ұяламын. Қателігімді өзгелердің қайталамауын тілеймін.
Облыстық ІІД жергілікті полициясының бастығы Жанбай Омаров мұндай қадамдардың ықпалдылығы жоғары екендігін атап көрсетті.
– Жаяу жүргіншілер тарапынан осындай келеңсіз жағдайлар азаймауда. Әкімшілік жаза қолдану, айыппұл салу өз қайтарымын беретін шара болғанымен, отбасы қамы, балаларының болашағын ойлауға түрткі жасау сананы сілкіндіретіні анық, – дейді ол.
Бақберген АМАЛБЕК,
«Егемен Қазақстан»
Ақмола облысы