Microsoft компаниясы жасаған бөлме әлемдегі ең тыныш бөлме ретінде Гиннестің рекордтар кітабына тіркелген болатын. The Business Insider халықаралық басылымының журналисі Мэтт Вайнбергер осы бөлмеге кіріп, өлі тыныштықта адамның қандай күй кешетінін өз басынан өткізіпті.
– Бөлме компания ғимараттарының бірінде орналасқан екен. Есік жабылғаннан кейін нағыз өлі тыныштық орнады. Ешқандай дыбыс естілмейді, тіпті, өз дауысыңды да естімейсің. Себебі, бөлменің қабырғалары кез келген дыбысты жұтып қоятындай етіп жасалған. Бірнеше минуттан кейін мен есім ауыса бастағандай күй кештім. Тепе-теңдігімнен айырылып, құлап қалуға шақ қалдым, – дейді журналист.
Microsoft әлемдегі ең тыныш бөлмені түрлі зерттеу жұмыстары үшін, сондай-ақ, өздері шығаратын планшет, ноутбуктердің акустикалық жүйесін жақсарту мақсатында жасаған. Skype арқылы сөйлескенде қоршаған ортаның шуын азайтып, дауыс сапасын арттыруға да осы бөлмені пайдаланыпты. Бөлме есігі жабылғаннан кейін іште естілетін ең қатты деген дыбыстың өзі екі молекуланың бір-бірімен соғылғанда шығаратын дыбысынан аспайтын көрінеді.
Нұрхан АСҚАР