• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
16 Тамыз, 2016

Балық шаруашылығына бөлек құрылым қажет

592 рет
көрсетілді

Балық – азық-түліктің ең қажетті түрі және оның адам денсаулығына да көп әсері бар. Осы тұрғыда Қазақстандағы балық шаруашылығының жай-күйі туралы аз-кем сөз еткіміз келеді. Қазақстанда балықты су айдындары жеткілікті. Олар Каспий теңізінің қазақстандық бөлігі, Арал, Балқаш, Алакөл бассейндері, Бұқтырма, Шардара, Көксарай, Қапшағай су қоймалары. Сонымен қатар, Орал, Сырдария, Ертіс өзендері мен оның бойында орналасқан көптеген көлдерден мол балық ауланады. Балық шаруашылығы Кеңес Одағы кезінде қатты дамып, ірі балық аулау, өңдеу кемелерімен, моторлы қайықтармен  жарақталса, бассейн жағалауларында ірі балық өңдеу комбинаттары мен зауыттар жұмыс істеп, оларда жоғары сапалы өнімдер мен консервілер, ысталған, қатырылған, кептірілген балық өнімдері еліміздің түкпір-түкпіріне жөнелтіліп жатты. Ол кезеңде елімізде өзен-көлдер мен тоған шаруашылықтары көптеген облыстарда ұйымдастырылып, халықты балықтың сан түрімен қамтамасыз етті. Каспий теңізінің қазақстандық бөлігінен жылына 50 мың тонна, Арал теңізінің қазақстандық бөлігінен 21,5 мың тонна, Балқаштан 17 мың  тонна ауланса, едәуір көлемде балық Бұқтырма, Шардара, Алакөл су қоймаларынан да ауланып келді. Тек Ақтөбе облысының көлдерінен жылына 9 мың тонна өнім алынатын. Атырау балық өңдеу комбинаты жылына 1,5 мың тонна бекіренің уылдырығын мемлекетке тапсырып отырды. Балық аулау көлемінен Қазақстан Кеңес Одағы бойынша үшінші орында тұрды. Одақтың тарауымен рес­пуб­ликаның балық шаруа­шылығы саласы да елеулі күйзеліске ұшы­рады. Барлық ірі балық аулау, өңдеу шаруашылықтары тоқырап, бұрынғы құрылымдарын жойып алды. Ал барлық балық өсіру тоғандары нақты қаражаттың болмауынан жұмыстарын тоқтатты. Өткен ғасырдың 80-жылдарын­да Арал теңізіне Сырдария мен Әмудария өзендерінен су түс­пегендіктен теңіз суының тұз­дылығы ерекше өсіп, теңізде балық қоры жоғала бастады. Тек сол 80-жылдардың аяғында ғылыми негіздерге сүйене отырып, теңіз суының тұздылығы жоғары деңгейде өсетін Қара теңізден Камбала балығын әкеліп жібергеннен кейін көп уақыт өткізбей теңізде аталған балық түрі тез өсіп, жетіліп өндірістік көлемде аулауға қол жеткізілді. Теңіздің қайта оралуымен балық шаруашылығының жаңадан дамуы тұрғылықты халықтың әлеуметтік жағдайларын жақса­руына әсер етсе, елдің экономи­касы мен саяси бағытына да ма­ңызды үлес қосты. Алайда, жоғарыдан бірқалыпты кәсіпқойлықпен (біліктілікпен) басқару болмағандықтан, сала­ның ілгері дамуына негіз болмай отыр. Республика өзінің тәу­елсіздігін алған алғашқы жылдары балық шаруашылығы Ауыл шаруашылығы министрлігінің құрамында болып, одан соң бір­шама жылдар Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің құрамына еніп, кейін қайтадан Ауыл шаруа­шылығы министрлігіне берілді. Қазіргі уақытта министр­ліктің бұрынғы Балық комитеті жо­йылып, жаңадан Орман шаруа­шылығы және жануарлар дүниесі комитеті болып құрылды. Бұ­рынғы Балық комитеті де осы­ған кіріп кетті. Бұл комитет балық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты жә­не ба­лық қорын қорғау инс­пек­циясын қаржыландырып, басшылық жасайды. Ал балық аулау кә­сіп­шілігіне, оларға учаскелер бөлу үшін тендер өткізу жұмыстарына  басшылықты аймақ көлемінде облыстық табиғат пайдалануды реттеу басқармасы жүр­гізеді. Дегенмен, бұл комитет­тен балық аулау, бассейндер мен балық шаруа­шылығына ма­ңызы бар көлдердің тұрақты су көлемінің түсіп тұ­руына ешқандай да көмегі жоқ. Балық халықтың күнделікті қажет ететін азық-түлік түрі, халықтың әлеуметтік жағдайының жақ­саруына себепкер бірден-бір табыс көзі болса, ел экономикасына да қосар үлесі мол. Сондықтан балық шаруашылығы неге орман-тоғай, жануарлар дүниесі немесе табиғатты пайдалануды реттеу сияқты салаларға қосылады? Мұндай жағдайда қалай ілгері дамиды және қандай тиімді нәтиже бермекші? Балық шаруашылығының болашағы айқын, берері көп. Арал теңізінде «Көкарал» пло­ти­насының екінші кезеңі қол­ға алынып, гидротехникалық құры­лыс аяқталғаннан кейін теңіз­дің солтүстік бөлігінің аумағы ұлғайып және балық аулау көлемі 2-3 есе артып, бүгінде 30 мың тоннаға дейін балық ау­лана­ды. Қазірдің өзінде Батыс Қазақстан облысындағы аграрлық-техни­калық университет бекіре өсіріп, одан қара уылдырық алуда, Жайық-Каспий және Атырау облы­сындағы бекіре өсіру зауыттары да бекіренің майда шабақтарын жыл­дан-жылға өсіріп, өндірістік қуаттарын арттыруда. Жоғарыда аталған балық ша­руашылығы саласында орын алып отырған кемшіліктердің негізінде саланы тез арада ілгері дамыту үшін аталған саланы Ауыл шаруашылығы министрлігі құрамынан жеке комитет ретінде құруды ұсынамыз. Қа­зақ ғылыми-зерттеу институты, республика көлеміндегі су ай­дындарындағы балық қо­рын қорғау инспекциясы және бар­лық балық аулау және өң­деу құрылымдарының басын бір жерде тоғыстыратын коми­тет жұмысы жемісті болады деген ойдамыз. Республика көле­міндегі барлық балық аулау, өңдеу шаруашылықтары, оның ғы­лыми-зерттеу институты және балық қорын қорғау инспекциясы бірлесіп жұмыс жасаған жағ­дайда ғана оны бұрынғы Кеңес Одағы кезіндегі көлеміне жеткізіп, халықты тірі және жас балық түрлерімен толық қам­тамасыз етіп, республика ішінде және шетел­дерге де сапалы өнім шығаруға мүмкіндік болатыны анық. Жылқыбай АРЫНҒАЗИЕВ, балық шаруашылығының ардагері, Арал ауданының құрметті азаматы Қызылорда облысы