2016 жылғы 16 тамызда Астанада Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің Мемлекеттік қызмет саласындағы аймақтық хабтың Астанадағы Басқарушы комитетінің төрағасы Әлихан Байменовпен ресми кездесуі болып өтті.
Кездесу барысында министрлік пен Аймақтық хабтың арасында Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Құжат аясында тараптардың жобалық менеджмент, мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасын арттыру, адам ресурстарын басқару және басқа да өзекті бағыттардағы білім беру және ғылыми-зерттеушілік сипаттағы шараларға қатысуы көзделген.
Екіжақты әріптестіктің маңыздылығына тоқтала келе, Ә.Байменов осы меморандумның трансформация және кадрлық әлеуетті арттыру жөніндегі министрліктің жұмысына өз септігін тигізетініне сенім білдірді.
Өз сөзінде Ж.Қасымбек Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың адами капиталды жетілдіруге қатысты мәселелерге баса назар аударатынын алға тартты. Министр, сондай-ақ, қызметкерлердің кәсіби деңгейін арттыру мақсатындағы екіжақты ынтымақтастықтың өзектілігіне де тоқталды.
Айта кетерлігі, Астанада Мемлекеттік қызмет саласындағы аймақтық хаб Қазақстан Үкіметі мен БҰҰ Даму бағдарламасының бастамасымен 25 мемлекет пен 5 халықаралық ұйымның қатысуымен 2013 жылы өткен құрылтай конференциясы барысында құрылған болатын. Хаб миссиясы өңірдегі мемлекеттік қызметтің тиімді жүйелерін дамытуға септігін тигізу болып табылады. Қазіргі таңда хабқа 34 мемлекет және 5 халықаралық ұйым мүшелік етеді.
«Егемен-ақпарат»