Облыс орталығындағы Мәшһүр Жүсіп атындағы мешіт «Барыңмен бөліс!» қайырымдылық жасау шарасын жалғастыруда. Шара барысында көмекке зәру 45 отбасына азық-түлік, мейірімді жандар әкелген киім-кешек таратып берілді. «Барыңмен бөліс, жақсылық жасап жарысыңдар!» – дейді қайырымдылық жасаушылар. Қазір мешітте «Мектепке жол» шарасы бойынша қамқорлыққа зәру отбасыларының 1 қыркүйекте мектепке баратын балаларына көмек жасалуда.
«Ата-бабадан қалған асыл қасиет өзімізбен бірге болсын. Бір-бірімізге қайырымды, мейірімді болайық», – дейді мешіт қызметкерлері. Осындайда дүкен сатушысының мына бір айтқаны есіме түсті. Кешкілік уақытта бірнеше бөлік бойынша азық-түлік, көкөніс, кір жуғыш заттар, тәттілер сататын дүкенімізге бір жас жігіт жүгіріп кірді. «Апайлар, 600 теңге тауып беріңіздерші! Бар ақшамды тартып алып, өзімді соққыға жыққандары, біреулердің. Ауылға қайта алмай тұрмын, көмектесіңіздерші», – деді ентігіп.
Бір-бірімізге қарадық. Жігіттің түсі шынымен де адам аярлықтай. Бір бұл емес, дәл осы жігіт сияқты 20, 50, 100 теңге сұрап келетіндер де баршылық. Арақ ішетіндерін білетіндіктен, ештеңе жоқ деп қуып жіберетінбіз. Мына жігітке сенер-сенбесімізді білмей, бұл да солардың бірі шығар деп қалдық. Ақыры, бәріміз де бала өсіріп отырмыз ғой, шынымен де жанымыз ашып, жігіттің сұраған ақшасын беріп, шығарып салдық. Содан, арада жарты жылдай уақыт өткенде әлгі жігіт келіп тұр. Бәріміз ескі таныстай жөн сұрасып жатырмыз: «Апайлар, рахмет сіздерге! Сол күні сіздер болмағанда мен үйге жете алмаушы едім. Семей арқылы жүретін автобуспен ауылға жеттім. Шешем уайымдап, далада күтіп жүр екен, ұйықтамай», деп өзіміз жинап берген 600 теңгені беріп тұр!..
Былтыр үйі өртеніп, облыстағы Шарбақты ауылының тұрғыны Эльмира Жасыбаева 5 баласымен далада қала жаздады. Жоқ, олай болған жоқ, қайырымды жандар үй сатып әперді. Жаңа үйді павлодарлық кәсіпкерлер сыйға тартыпты. Қайырымды жігіттердің бірі – Александр, екіншісі – Руслан, бірақ олар өздері туралы басқа ақпарат бермепті. Меценаттар өздерін жарнамалау үшін келмегенін, балаларын байлығы көрген анаға шынайы көмектескісі келетіндерін айтыпты. Эльмираның айтуынша, хабарласқан адамдар өте көп болыпты. Қолдау көрсетіпті, ақша аударыпты. Мирас деген жігіт ерікті азаматтармен келіп, тоңазытқыш, электр плитасын беріп кеткен. Роман, Жанат, Сәбиден, Тимур есімді жігіттер азық-түлік, киім-кешек, балаларына ойыншықтар тапсырыпты. Ақтөбеден екі әйел хабарласса, бірінің есімі Маржан, ақша салып жіберген. Қиын сәтте қолұшын созған барлық адамдарға аналық алғысымды айтамын. Алладан қайтсын жақсылықтары», – дейді Эльмира Жасыбаева.
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан»
Павлодар облысы