Данияның ғарышты зерттеумен шұғылданатын ғылыми институты Марс ғаламшарында мұздық бар екенін анықтады. Яғни, Жерден басқа ғаламшарларда тіршілік бар деген болжам таяу болашақта шындыққа айналуы әбден мүмкін көрінеді.
– Мұздықты Марсқа ең жақын орналасқан спутник арқылы анықтадық. Қызыл құмның астында көрінбей жатқан мұз қабатын біздің институттың бір ғылыми қызметкері кездейсоқ көріп қалған. Өздеріңіз білесіздер, Марста құмды дауыл жиі соғады. Ғаламшардағы мұздықтарды бұған дейін байқамауымызға осы дауыл себеп болды. Спутник арқылы түсірілген фотосуреттердегі көрініс мұз емес деген де пікірлер айтылып жатыр. Өз басым оның мұз екеніне сенімдімін, – деді Марсты игеру мәселесіне айналған конференцияда даниялық ғалым.
Мұз болған жерде су, ауа болатыны белгілі. Ал су мен ауа бар жерде тіршілік болуы заңдылық. Марстағы тіршілік туралы жаңа деректерге қол жеткізген ғалымдар алдағы уақытта зерттеу жұмыстарын одан әрі жалғастыра бермек.
Нұрислам АСҚАР