Жоғары оқу орнын бітірген жас мамандарды ауылда тұрақтандырудың барлық тиімді жолдары «Дипломмен – ауылға!» мемлекеттік бағдарламасында жан-жақты қарастырылған. Әсіресе, мұнда оларды материалдық және моральдық тұрғыдан қолдау шаралары тайға таңба басқандай анық көрсетілген. Соған сәйкес ауылға келіп, қызметке орналасуға тілек білдірген, жоғары оқу орнында алған білімі мен тәрбиесін ауылдың өсіп-өркендеуіне жұмсауды мақсат еткен мамандарға мемлекет тарапынан көтерме жәрдемақы төленеді. Бұған қоса дипломмен ауылға келгендер пайызсыз бюджеттік несиеге тұрғын үй сатып ала алады.
Әйтсе де түлектер мен жас мамандардың бірқатары ауылға ойы мен бойын бекітіп бармайтыны, солқылдақтыққа салынатыны қазіргі күні облыс аудандарының мысалынан айқын көрінуде. Олар мемлекет тарапынан белгіленген жәрдемақыны иеленіп, бюджеттік несиеге тұрғын үй сатып алғаннан кейін, ойлары нілдей бұзыла бастайтынына мысалдар келтіре кетуге болады.
Кейбіреулері қызметтен шығып кетсе, екінші біреулері басқа салаға ауысып жатады. Әрине, мұның әртүрлі себептері бар. «Дипломмен – ауылға!» жобасында жас мамандардың өз мамандығы бойынша ауылда жұмыс істеу мерзімі көрсетілген. Бұл жөнінде олар өзіне тиісті мақсат пен міндеттеме қабылдайды.
Бүгінде «Дипломмен – ауылға!» мемлекеттік бағдарламасының шапағаты мен игілігін көруге тілек білдірген жастардың қатары жылдан-жылға артып келеді. Бұл әрине оң нышан. Дегенмен, оларды бірінші кезекте қызықтыратын мемлекет тарапынан берілетін пайызсыз несие ме, әлде туған топыраққа қызмет жасауды мұрат тұтқан жүрек әмірі ме?! Мамандардың бүгінгі кейбір іс-әрекеттеріне қарағанда бұл сауалға біржақты жауап қайтару қиынға түсіп тұрғанын қайтерсіз. Қайткенде де бұл арада мамандардың бойындағы жауапкершілік пен ел алдындағы парыз деген мәселе кемшін соғып жатқандай көрінеді.
Мысалы, облыстың Зеленов ауданында соңғы алты-жеті жылдың аралығында 295 маман пайызсыз несиелік қаражаттың көмегі арқылы тұрғын үйге ие болған екен. Әйтсе де олардың бірқатары қарызын төлеуге асықпай жүргенін оқырмандарға қалайша түсіндіріп беруге болады? Соның салдарынан, яғни несиенің уақытында төленбеуінен ауданда мамандар төлеуге тиісті қарыз мөлшері көбейіп кетіпті. Бүгінде олардың мемлекетке төлейтін қарызының көлемі 4 миллион теңгеден астам екені белгілі болып отыр. Бұл тек бір ауданда орын алып отырған көрініс. Ал тұтастай облыс бойынша алғанда бұл сан еселеп өсетіні түсінікті емес пе?
Тәртіп бойынша көтерме жәрдемақы мен үй сатып алу үшін берілетін несиелік қаражат жоғарыда көрсетілген жағдайларда кері қайтарылып алынуға тиісті. Қолда бар деректер бюджетке берешек мамандармен тиісті түсінік жұмыстары жүргізілгенін көрсетеді. Тіпті, оларға жергілікті мемлекеттік органдар тарапынан арнайы ескерту хаттар да жолданыпты. Алайда, соған қарамастан мұның бәрі ешқандай нәтиже көрсетпеген. Бұдан кейінгі баратын жол – тек сот қана болмақ. Мамандарға қатысты Орал қалалық №2 сотында және Зеленов, Жаңақала, Сырым, Жәнібек, Шыңғырлау, Ақжайық аудандық соттарына бюджет қаражатын кері өндірту туралы көптеген талап-арыздар жолдануы Орал өңірінде «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасының бағы жана қоймағанының бір дәлелі.
Әрине, бұл жердегі басты мәселе, басты гәп бұл қаражаттардың кері қайтарылуында немесе қайтарылмауында, мамандардың ісі сотқа тартылуында емес, керісінше өңірде о бастан, «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасына қатысты байыпты көзқарас пен орамдылықтың жеткіліксіздігінен десек ше? Бұған іс басында жүрген жетекшілердің біреуі келісер, біреуі келіспес, қалай болғанда да облыста «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасына қатысты қазіргі көрініс осындай. Мұның өзі не әрі емес, не бері емес, сергелдең көңіл-күйдің орнығуы мен қалыптасуына әсер етіп жүргені де шындық.
Бұл мәселеде аймақтағы биылғы ахуал қандай деген сауалға келсек, ауылға баратын мамандардың үлкен тобына қажетті қаражат толықтай берілгеніне көз жеткіземіз. Сондай-ақ, олардың екінші бір бөлігіне несиелік соманы беру үшін тиісті құжаттар әзірленіп жатқанын білдік. Биылғы және алдағы жылдарда өңірде жоғарыда айтылғандай келеңсіз көріністер тағы да орын алып жүрмес пе екен? Бұған әзірге ешқандай кепілдік жоқ.
Сөз соңында жауапкершілік деген мәселе тек жас мамандарға ғана емес, сонымен бірге облыста «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасының басы-қасында жүрген жергілікті билік өкілдеріне де қатысты екенін ұғынатын кез келді деп білеміз. Осылайша, жауапкершілік жүгін терең сезінген жағдайда ғана аталған бағдарламаның бағы жанатынына күмән келтіру қиын-ақ.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»
Батыс Қазақстан облысы