Соңғы бір-екі апта бойы Атырауда аңқаны кептіріп, шекені тесердей аптап ыстық болды. 112 орталығынан ыстықтың +42 градусқа жететіндігі туралы хабарламалар түсті. Алайда, бұрнағы күні түс ауа Атырауда нөсер жаңбыр жауды. Шаңды басар, ыстықты қайтарар дегендерді аз-кем әбігерге салды. Алдымен, көк жүзінде түйдек-түйдек жөңкілген бұлттан бармақ басындай бұршақ түсіп, соңынан нөсерге ұласты.
Көзді ашып-жұмғандай әп сәтте қала жолдары көл-көсір суға толды. Желдің екпіні күшейіп, шатырлар құстай құлдилап ұшты. Төтенше жағдайлар департаментінің ақпаратына қарағанда, сол күні 15-20 метр/секундқа дейін жеткен желдің екпіні 4000 шаршы метр шатырды ұшырған. Облыс орталығындағы 8 ауланың аумағын жаңбыр суы басты. Тұрақтардағы көліктер бүлінді.
Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ
Атырау