• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
16 Ақпан, 2011

Ақ тілек

404 рет
көрсетілді

Жасым 90-ға таяса да, болып жатқан оқиғаларға құлағым тү­рік, көкірегімнің көзі ашық. Хал­қы­мыздың 20 жыл бойы еркіндікте, бостан заманда өмір сүріп, еліміздің өркендеп жатқанына қуанамын. Өткен жылғы Астана сам­миті, ЕҚЫҰ-ға төрағалығы­мыз қазақ халқына үлкен ха­лық­аралық бедел, абырой әпергеніне де сүйіндім. Келер жылы 90 жыл­дығы болатын өзімнің отағасым, Қазақстанның халық жазушысы Сафуан Шәймерденов тірі болса, осының бәріне сөзсіз қуанар еді, осы игілікті істердің бәріне елді жұмылдыра білген Елбасының ерен еңбегіне қолдау білдірер еді ғой. Өз басым әсіресе Нұрсұлтан Әбішұлының ең алдымен, кешегі көштен қалып қойған провин­ция­лық Ақмоланы абаттандырып, ғажайып Астанаға айналдыруы адам сенбестей оқиға болды деп есептеймін. Мұны «ғасыр құры­лысы» десек те болады. Сол кездерде әр жерде талқылаулар жү­ріп, үлкен жиын болып, астананы Ақмолаға көшіру туралы мәселе қойылғанда Сафекең бірден өзі­нің қолдау сөзін айтқан болатын. Бүгінгі Астанамыздың салтанаты Еуропаның сәулетті қалаларынан бір де кем еместігін көріп те, біліп те жүрміз. Осылайша бір-бірімен сабақ­тас­қан ғаламат жұмыстар айтуға ғана оңай. Шын мәнінде оның ғаламаттығын көретін көз, сезетін жүрек керек. Соған қарап кейде осының бәріне қалай үлгереді, осы кісі ұйықтамайтын шығар деп ойлаймын. Осындай сәттерде атақты халық әртісі, құрметті Роза Бағланова айтатын: «Ақ патшам!» деген сөзі ойға оралады. Өте орынды айтылған теңеу сөз осы. Осы ғажайып Астанамызда, ару Алматымызда Азиаданың өтуі де керемет. Ондағы ең басты еңбек те Елбасыныкі. Зиялы қау­ым халық жазушысы Сафуан Шәймерденовтің ұлы Саянның допты хоккейден 10 дүркін КСРО чемпионы атағын алған, кейін ұлттық әйелдер құрамасына бапкерлік еткен спорттың саңлақ тұлғасы болғандығын біледі. Аяулы ұлымның аруағы үшін де ел рухын тағы бір көтерген Азиаданы өткізген Елбасына басымды иемін. Тарихты парақтасақ, Америка президенті Рузвельт бірнеше рет сайланғаны белгілі. Ал енді өзіміздің Бұқар жырау бабамыз: «Төреміз тақтан таймасын, Тоқ­сандағы қарт бабаң, Топқа жаяу бармасын» деп өсиет айтқан екен. Ата-ана тәрбиесін алған, ха­лық ұнатқан, өте алғыр да кө­реген саясаткер Нұрсұлтан Әбіш­ұлы референдум төңірегіндегі әңгімелерді салиқалы тұжырым­мен өте әділ түйіндегені де көңі­лімізге қонып отыр. Тек менің аналық тілегім біреу ғана: қазақ мемлекетінің алтын тағында айналайын Нұрекеңнің өзі отыра берсе екен. Бағдат ШАЙМЕРДЕНКЕЛІНІ, қарт педагог. Алматы.