Бүгін Рио-де-Жанейрода боксшылар бәсекесінде финалға шыққан екі былғары қолғап шебері Олимпиаданың екі дүркін чемпионы атанды.
Атап айтқанда, әйелдер арасындағы сайыста 51 килоға дейінгілер жекпе-жегінде франциялық Сара Оурахмонды 3:0 (39:37, 39:37, 39:37) етіп ұтқан 33 жастағы ұлыбританиялық Никола Адамс, ерлер арасындағы тартыста 56 килоға дейінгі салмақтағы америкалық Шакур Стевенсонды 2:1 (29:28, 29:28, 28:29) етіп тізе бүктірген 22 жастағы кубалық Робейси Рамирес (суретте) осындай атаққа қол жеткізді. Бұлардың екеуі де бұдан бұрын, 2012 жылы Лондон Олимпиадасында да топ жарып еді.
Енді 75 кг салмақта кубалық Арлен Лопес пен өзбек Бектемир Меликузиевтің арасында өтетін тағы бір финалдық шайқас бар.
Дамир ҚОЖАМҚҰЛ