Рио-де-Жанейрода өтіп жатқан Олимпиялық ойындардың боксшылар бәсекесі бүгін түнде үш финалдық жекпе-жек ойналуымен өзінің мәресіне жетті. Ондағы алғашқы екі ұрыста өзбек боксшылары рингке шығып, екеуі де жеңіске жетті.
Алдымен 52 килоға дейінгі салмақта Шахобидин Зоиров ресейлік Миша Алоянды 3:0 етіп ұтты. Жекпе-жектің бірінші раундында Алоян басым болғанымен, келесі екі раундта тізгінді қарсыласына беріп қойды.
64 килоға дейінгі салмақтағы Фазлиддин Гаибназаров та тегі кубалық Әзербайжан өкілі Лоренцо Коллазо Сотомайормен шайқасының басында 0:3 болып жеңіліп жатты. Келесі екі раундта 2:1 етіп алға шыққан оған қорытындыда жеңіс те берілді.
Сөйтіп, бұған дейін 49 килоға дейінгі салмақтағы Хасанбой Дусматовтың алтын медалімен бірге Өзбекстан боксшылары ең жоғары награда санын үшеуге жеткізіп, Кубадан басып озды.
Ең соңғы 91 килодан ауыр салмақта франциялық Джеймс Тони Виктор Йоко мен британиялық Джой Джойс алтын медаль үшін таласты. Онда француз боксшысының десі басым шықты.
Боксшылардың командалық есебінде 3 алтын, 2 күміс, 2 қола медаль жеңіп алған Өзбекстан құрамасы бірінші орынға шықты. Екінші орындағы Кубада 3 алтын, 3 қола медаль бар. Үшінші орынға 1 алтын, 2 күміс, 1 қола медальмен Қазақстан боксшылары орналасты. Ал төртінші-бесінші орындарға 1 алтын, 1 күміс, 2 қола медальды Ресей және Франция командалары қатар жайғасты. Алтыншы орынды 1 ғана алтын медальге қол артқан Бразилия жамағаты еншіледі.
Осымен Ойындардың бокс турнирі өзінің мәресіне жетті.
Дамир ҚОЖАМҚҰЛ