Псков облысында Ұжымдық жедел ден қою күштерінің (ҰЖДК) «Өзара іс-қимыл» оқу-жаттығуы аяқталды. Оқу-жаттығудың белсенді фазасының ақтық кезеңі барысында десант түсіріліп, шартты қарсыластың баса-көктеп кіруі тойтарылды және одақтастардың әскерлері шабуылға қарсы шығуға көшті.
Үш күн бойы ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің бірінің аумағында шартты шекара жанжалын оқшаулау жөнінде тапсырмалардың кең ауқымы пысықталды.
Қазақстанның Аэроұтқыр әскерлері, Ресейдің Әуе-десанттық әскерлері, Беларусьтің Арнайы операциялар күштері құрамынан ҰҚШҰ-ның Ұжымдық жедел ден қою күштеріне кіретін әскери контингенттер, сондай-ақ, Армения, Қырғызстан және Тәжікстанның жедел топтары жекелеген және бірлескен жаттықтырулар өткізді.
Әскери қызметшілер қойылған тапсырмаларды шешу кезінде заңсыз қарулы құрылымдарды жою, қорғанысты ұйымдастыру және шабуылды жүргізу, мотоатқыш, танкті, артиллериялық, отшашар бөлімшелерін, армиялық және жедел-тактикалық авиацияны қолдану жөніндегі тапсырмаларды шешуде бірыңғай ұстанымға келді.
«Өзара іс-қимыл-2016» оқу-жаттығуына тартылған ҰҚШҰ ҰЖДК контингенттерінің саны 1 300-ден аса адамды құрағанын айта кетейік. Батыс әскери округінің әскерлерін ескере отырып, оқу-жаттығуға 6000-дай адам және 1000 бірлік қару-жарақ, әскери және арнайы техника қатысты.
«Егемен-ақпарат»