Алматыда 28-ші Дүниежүзілік 2017 жылғы қысқы Универсиадаға дайындық жөнінен ұйымдастыру комитетінің кезекті мәжілісі өтті.
Мәжілісті Универсиаданы ұйымдастыру комитетінің төрайымы Дариға Назарбаева жүргізді. Қала әкімі Бауыржан Байбек Универсиадаға дайындық кестесінің белгіленген мерзімнің алдында келетінін, оған дәлел – күні бүгінге дейін құрылыс нысандарының 90 пайыздан астамы салынып біткенін тілге тиек етті.
Өз кезегінде атқарылып жатқан шараларға қатысты вице-премьер жан-жақты баға бере келіп, бірқатар сындар айтты. Әңгіме барысында Дариға Назарбаева «Сұңқар» шаңғы кешеніндегі оралымсыздықтарға арнайы тоқталды. Осыған орай қала әкімі Бауыржан Байбек вице-премьерге аталған кешендегі ойындар кестесі толық «Табаған» тау шаңғысы курортты аумағына көшірілгені туралы мәлімдеді. Өйткені, биылғы жаз айындағы тоқтаусыз жауған нөсер «Сұңқар» спорт кешенінің аумағында шын мәнінде де 17 жерден залал келтірді.
Соған қарамастан, Алматыдағы негізгі мұз сарайлары мен айдындары, спорт қалашықтары бүгінгі таңда әлемнің спорт жұлдыздарын қарсы алуға сақадай сай.
28-ші Дүниежүзілік қысқы Универсиада Алматыда 2017 жылдың 29 қаңтары мен 8 ақпаны аралығында өтеді. Әлемдік додаға дүние жүзінің 64 елінен 2000-нан астам спортшы қатысады. Оның үстіне, барлығы Алматыға сол тұста қазіргі есеп бойынша 30 мыңнан астам шетелдік қонақтар мен туристер келеді. Оларға 3000 волонтер қызмет көрсетеді. Әлемдік додада 12 спорт түрінен барлығы 86 медаль жиынтығы сарапқа салынады.
Ұйымдастыру комитетінде қазақ спортшыларының спорт киімінің үлгілері, Универсиада тұмары мен жүлдегерлерге берілетін медаль түрі көрсетілді. 2017 жылдың 25 қаңтарында старт алатын спорт ойындарының алауы Астана мен Алматы қалаларында, республиканың барлық 19 жоғары оқу орындарында бір мезетте тұтанады. Алау көтерген студент жастар құрамасының жолы Универсиаданың салтанатты ашылу сәтінде түйіседі. Тағы бір ескерерлік жайт, режиссерлік қойылымды қазақстандық мамандар жасайды. Ұйымдастыру комитеті шетелдік мамандар мен «жұлдыздарды» жаппай шақырудан бас тартып отыр. «Мамандар да, жұлдыздар да өзіміздің елімізден де табылады» деген ұйғарымға келген ұйымдастыру комитеті осымен кезекті мәжілісін аяқтады.
Талғат СҮЙІНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ