• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
23 Тамыз, 2016

Шартарапты шайтанарбамен шарлайды

291 рет
көрсетілді

Жуырда Шарбақты ауданы әкімдігінің өкілдері мен ауылдастары велосипедші Өміржан Ошановты Қазақстан-Қытай бағыты бойынша веложорыққа шығарып салды. Ол бұған дейін Жеңістің 70 жылдығына орай Павлодардан басталған 3800 шақырымдық жолды велосипедпен 22 күнде жүріп өткен-ді. Мәскеуге жетіп, мерекелік шеруге қатысты. Әуесқой велошабандозды Кремльдің алдында жерлестеріміз күтіп алған еді. Әрине, велосипедпен ұзақ қашықтыққа, Мәскеуге қарай жолға шыққанда күніне 150 шақырымнан жүріп отырдым. Кейін 210 шақырымға дейін жеткіздім. Жаңбыр жауды, ауа райы қолайсыз болды. Орал тауы маңынан өткенде қиыншылықтар кездесті. Бәрін де жеңуге тура келді, – дейді Өміржан Ошанов. Келесі бір рекорды – былтыр Ертіс өзенінің 70 шақырым аралығын 10 сағат ішінде брасс әдісімен жүзіп өтті. Жүзгішті соңынан қайықпен еріп отырған төтенше жағдайлар мамандары, дәрігерлер бақылап отырды. – Брасс – қолды, денені сыртқа шығармай, су ішінде кеудемен ұзыннан жатқан қалпында қол-аяқпен симметриялы есіп жүзудің түрі. Бұған дейін 25 метрлік бассейнде 4 сағат бойы толассыз жаттығуды әдетке айналдырдым. Ал Мәскеуге жолға шығу үшін күн сайын 10 шақырым қашықтыққа жүгіріп жаттықтым. Өзімнің бұл веложорығымды соғыста шейіт болған аталарыма, басқа да майдангерлерге арнадым,  – деген еді. Өміржанның жасы 54-те. Ол жастайынан спортпен айналысыпты. Шарбақты ауылындағы мектепте дене шынықтыру пәні­нен сабақ береді, талапты балаларды қазақша күреске баулиды. Енді, міне, Өміржан тағы да алыс жолда, мақсаты – Моңғолия, Қытай, Ресей елдерін велосипедпен жүріп өтпекші. Әзірге ешқайда тіркелмеген Өміржанның рекордтары да күндердің күнінде есепке алынып, еленер деп ойлаймыз. Ал әзірге сәт-сапар тілеп, аман-есен оралуын күтеміз. Фарида БЫҚАЙ, «Егемен Қазақстан» Павлодар облысы