Жақында Талдықорғанда қалалық көпсалалы аурухана ашылды. Айтулы оқиғаға қала тұрғындары мен қонақтары көптеп жиналды. Халықтың қуанышын бөлісуге Алматы облысының әкімі Амандық Баталов арнайы келіп қатысты. Маңызды нысанды салған құрылысшылар қауымына алғыс айтты. Жалпы аумағы 33885,6 шаршы метр жерді алып жатқан ғимараттың құны 9,3 млрд теңге. 12 бөлімшеде стационарлық жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсетіледі. Әрқайсысы үш қабаттан тұратын 4 корпуста 300 төсектік орын бар. Өңір басшысы дәрігерлерге жауапты міндеттерін абыроймен орындайтындарына сенім білдірді. Сондай-ақ, жұртшылық өкілдері де тілектерін айтты. Медицина саласының ардагері Шаймерден Садықов Талдықорғанда осындай заманауи аурухананың ашылғанына риза болып, ақ батасын берді.
Қалыптасқан дәстүр бойынша құрылысшылар өкілі жаңадан салынған ғимараттың символикалық кілтін қалалық көпсалалы аурухананың директоры Сәуле Құсмолдановаға табыстады. Салтанатты жағдайда облыс әкімі Амандық Баталов аурухананың 7 дәрігеріне пәтер кілттерін тапсырып, жұмыстарына сәттілік тіледі.
Нұрбол ӘЛДІБАЕВ,
«Егемен Қазақстан»
ТАЛДЫҚОРҒАН
Суретті түсірген
Жұмабай Мұсабеков