• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
23 Тамыз, 2016

«Жас ұлан» әскери мектебіне оқуға түсуге талап күшейді

2407 рет
көрсетілді

Астанадағы «Жас ұлан» республикалық әскери мектебінде оқуға түсу үшін талап күшейді. Қазір әскери болғысы келетін бозбалалар күн сайын кезең-кезеңнен өтуде.  Биылғы жылы оқуға түсу үшін бір орынға 10 адам үміттеніп отыр. 2016 жылы «Жас ұлан» республикалық мектебіне 52 адам қабылданады. Мектеп бастығының оқу жұмыстары жөніндегі орынбасары, подполковник Хамит Байкеновтің айтуынша, қазір 500-тен аса бозбала құжат тапсырған. Енді олар іріктеудің төрт кезеңінен мүдірмей өтулері қажет. Талакерлер алдымен кәсіби психологиялық, логикалық ойлау бойынша тестілеуден өтеді. Содан кейін олардың  дене даярлығы мен  денсаулығы тексеріледі. Осылардың бәрінен өтсе, талапкер мандаттық комиссияның шешімімен оқуға қабылданады. Сонымен бірге ол жетім балаларға, қызметтік міндеттерін орындау барысында қаза болған әскери қызметшілер мен 10 жылдан астам уақыт әскерде қызмет етіп келе жатқан адамдардың балаларына, халықаралық, республикалық, президенттік олимпиадалар мен әртүрлі байқаулардың жеңімпаздарына, үздік дипломы, спорттық дәрежелері бар балаларға оқуға түсу үшін жеңілдіктердің жасалатынын айтты. Былтыр «Жас ұлан» мектебіне қабылдау ережелері өзгертілді. Сол кезден бері орта мектепте 9-сыныпты бітірген балалар қабылданып келеді.  Сағадат Нұрмағамбетов атындағы «Жас ұлан» республикалық мектебінен 15 жылда 600-ден аса тәрбиеленуші түлеп шықты. Бүгінгі таңда «Жас ұлан» мектебінің көптеген түлектері шетелдің жоғары әскери оқу орындарына түсіп, еліміздің Ресей Федерациясы мен басқа да елдердің әлеуетті құрылымдарында қызмет етіп жатыр. Олардың көбісі еліміздің Қарулы Күштері әскери бөлімдерінің командирлері. Жоғары офицерлік атақтары мен мемлекеттік наградалары бар. Дастан КЕНЖАЛИН