• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
23 Тамыз, 2016

Сербия «Нұрлы жол» бағдарламасына қатысады

343 рет
көрсетілді

Белград қаласында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Сербияға ресми сапары қарсаңында екі елдің сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссиясының бірінші отырысы өтті. Жиында сауда және инвестициялар, геология және ауыл шаруашылығы, қоршаған ортаны қорғау, білім, құрылыс және туризмді дамыту мәселелері талқыланды. Пленарлық сессияға Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев пен Сербияның экономика министрі Горан Кнежевич қатысты. Бишімбаев өз сөзінде былтыр екі елдің тауар айналымы 55,8 млн. АҚШ долларын құрағанын, алайда, бұл көрсеткіштің қолда бар әлеуетке сәйкес еместігін атап өтті. Сонымен бірге ол 31 мамырда Еуразиялық Экономикалық Одаққа мүше мемлекеттердің басшылары Сербия елімен еркін сауда туралы келісім бойынша келіссөздер бастау туралы шешім қабылдағанын еске салды. «Бұл келісім Қазақстан мен Сербияның сауда-экономикалық қарым-қатынастарын жаңа деңгейге шығаруға мүмкіндік береді», деді ол. Кездесуде ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық мәселесі кеңінен талқыланды. Қазақстан тарапы өсімдік шаруашылығы мен мал шаруашылығы саласында өзара іс-қимылды дамытуға мүдделі екенін мәлімдеді. «Біз астық пен табиғи таза етті экспорттауға дайынбыз», деді Қуандық Бишімбаев. Сондай-ақ, ол екі елдің үздік жоғары оқу орындарының тәжірибе алмасу керектігін айтып, білім және ғылым саласында шешілмеген мәселелерге назар аударды.  Осы орайда министр екі ел ғалымдарының тәжірибе алмасу үшін тығыз қарым-қатынас орнатып, өзара сапарлар ұйымдастыруға болатынын айтты. Осыдан кейін ол «Астана» халықаралық қаржы орталығында инвесторлар үшін жасалатын жағдайлар туралы айтып берді. «Қазақстан тәуелсіздігін алған кезден бері  инвесторлар үшін барлық жағдайлар жасап жатыр. Біз Сербия құрылыс компанияларын «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы бойынша іске асырылатын жобаларға қатысуға шақырамыз», деді Қуандық Бишімбаев. Отырыста Сербия тарапы Қазақстанның кәсіпкерлерін энергетика және тау-кен өнеркәсібі, құрылыс және құрылыс материалдары өнеркәсібі, машина жасау, қолөнер, ауыл шаруашылығы, химия және фармацевтика өнеркәсібі саласындағы бизнес ортамен жақынырақ танысуға шақырды. Кездесуде Сербияның құрылыс және жобалау компаниялары Қазақстандағы тұрғын үй-құрылыс бағдарламасына, жол жөндеу, әуежай құрылысы мен құрылыс өнімдерін жеткізу жұмыстарына қызығушылық білдірді. Жиын соңында тараптар екі елдің арасындағы ынтымақтастық жөніндегі іскерлік кеңес құру туралы шешім қабылдады. Ол Қазақстан мен Сербияның бизнесі арасында өзара іс-қимылды үйлестіретін орган болады. Енді екі елдің сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссиясының екінші отырысы Астанада өтеді. Дастан КЕНЖАЛИН