• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
24 Тамыз, 2016

Қазақстан зор табыстарға қол жеткізді

407 рет
көрсетілді

Сербия Республикасының Президенті Томислав НИКОЛИЧПЕН сұхбат – Құрметті Президент, өткен жылы Сіз ресми сапармен Қа­зақ­станда болдыңыз. Сіздің рес­ми сапарыңыз кезінде қол жет­кі­зілген уағдаластықтар қалай жүзеге асуда? Қазіргі сәтте қан­дай да бір нақты нәтижелер бар деп айтуға бола ма? – Достас ел Қазақстанға сапар әр­кез менің есімде қалатын са­пар­лардың бірі болып таб­ы­лады. Қазақстан халқының қонақ­жай­­лылығы мен Президент Назарбаев көрсеткен шынайы дос­тық ілтипат менің жүре­гімде және Сербияның бүкіл азамат­тары­ның жүрегінде айрықша орын ала­тын нағыз құндылық болып сана­лады. Біз Президент Назар­баев­пен барлық саладағы ықпал­дастық­тың белсенділігін арттыру үшін қажетті жағдайлар мен шарттарды бел­гіледік. Екіжақты қарым-қатынастарды жаппай дамытуға қосқан жеке өзінің зор үлесі және күшті саяси қолдауы үшін мен 2013 жылы Президент Нұр­сұлтан Назарбаевты Сербия Респуб­ликасының лентадағы Орденімен марапаттадым. Мен өз тарапымнан екі­жақты ынты­мақтастықты, әсіре­се, эко­но­микалық қарым-қаты­­нас­­тар бөлігіндегі ынтымақтас­тықты дамыту жолын берік ұста­намын. Президент Назарбаев­тың сапарының жалпы ынтымақ­тас­тықтың белсенділігін арттыруға қуатты серпін беретініне менің сені­мім мол. Өкінішке қарай, біздің екі елдің экономикалары ортақ тауар айналымы көрсетіп отырған­да­ғыға қарағанда, әлдеқайда зор мүм­кіндіктерге ие. Мен ұзақ мерзімді, жоғары және өндірістік фор­мадағы ынтымақтастықты негіз­ге ала отырып өзара тауар айна­лымына жататын тауарлар құры­лымын кеңейтудің маңызы зор деп есептеймін. Одан арғы жер­де қаржы және банкаралық ынты­мақтастықты дамыту және екі елде де өкілдік желілерін ашу қажеттігі сезіледі. Бизнес-форум екі елдің кәсіпкерлері арасындағы осындай уағдаластықтарды нақтылау үшін мүмкіндік туғызбақ. Біз бұрын­ғысынша Қазақстаннан тартыла­тын инвестицияларға, атап айтқанда, Сербия компанияларын жекешелендіруге қатысуға, стра­тегиялық әріптестікке немесе мұнай-химия, ауыл шаруашылығы, фармацевтика, туризм сияқты салалардағы ынтымақтастықтың өзге де кез келген формаларына мүд­деліміз. Бізде қазірдің өзінде ынты­мақ­тас­тық­тың осындай формаларының белсенділігін одан әрі арттыру үшін жақсы негіз болып та­былатын тұқым мен себу материалдарын, әсіресе, жүгері будандарын жет­кізіп бе­руге қатысты жақсы тәжірибе қалып­тасты. – Қазақстан мен Сербия ара­сындағы тауар айналымы 2015 жылы 55 мил­лионнан астам долларды құрады. Тауар айналымы көлемін ұлғайту үшін қандай перспективалар бар? – Біздегі мәліметтер бойынша, 2016 жыл­дың қаңтар-наурызы ке­зеңінде тауар айналымы 14 миллион долларды құрады, ал 2015 жылы бұл сома 166 миллион дол­ларға жеткен болатын. Бұл екі елдің экономикалық әлеуетімен салыс­тырғанда әлдеқайда төмен, сондық­тан да біз Президент Назарбаев­пен арадағы әңгіменің айтарлық­тай бөлігін біздің ынтымақтас­тығы­мыздың осы сегментін қалайша же­тілдіріп, белсендірек жүргізу қажет деген мәселеге арнайтын боламыз. Қазақстанда бірқатар сер­биялық компаниялар жұмыс істей­ді және Астанада Сербияның Өнер­кәсіп палатасының өкілдігін ашу қажеттілігі көзге көрініп тұр. Пре­зидент Назарбаевтың сапарынан кейін Сербияның инвестиция салу үшін салыстырмалы түрдегі артықшылықтарын қазақстандық компаниялардың сезінетініне менің сенімім мол. Сербия тамаша географиялық жағ­дайға ие, еркін сауда туралы көптеген келісімдер, қолайлы климаттық жағдай­лар, айтарлықтай минералды ресурс­тар мен туризм саласында зор әлеует бар. Сербия өнеркәсіптің мұнай-газ сала­сындағы ынтымақтастықты дамыту жөніндегі қызметті бастауға мейлінше мүдделі, оның барысында мүмкіндіктер мен ынтымақтастықты жүзеге асыру модельдерін анықтауға болар еді. – Ұзақ уақыттарға дейін Қа­зақ­стан ДСҰ-ға мүше бола алмай келді. Сербияның әлі де ДСҰ-ға мүше емес екенін назарға алғанда, Сіз­дің пі­кіріңізше, Қазақстан ДСҰ-ға мүше болу арқылы қандай артықшылықтарға қол жеткізді? – Дүниежүзілік сауда ұйымы мүше-мемлекеттердің үкіметтерінен ғана емес, сонымен бірге, Еуропалық одақ сияқты кедендік аумақтардан да тұрады. Бұл ұйымның маңыздылығы мүше-мемлекеттер үшін ЕО тарапынан белгіленген, өз кезегінде кепіл болып табылатын сауда шеңберлеріне негізделеді, яғни саудаға қатысты шешімдер консенсусқа негізделмек. Ең алдымен, ДСҰ көпжақты сауда келіссөздері үшін форум болып табылады, бұл ұйым мемлекеттер арасындағы сауда дауларын шешеді, келісімдер арқылы негізгі сауда ережелерін белгілейді және «сауда саясатын бағалау механизмі» арқылы бүкіл мүше-мемлекеттердің сауда саясатына мұқият қадағалау жүргізеді. Сербия ДСҰ-ға өз өтінімін 2004 жылы берді, содан бері осы ұйымның толыққанды мүшесі мәртебесін алуға қажетті критерийлерге сәйкес келу үшін құқықтық және құрылымдық реформалардан өтті. ЕО ДСҰ-ға өту жөніндегі келіссөздерде Сербияға өте үлкен қолдау көрсетті. Мен жекелеген заңдарға өзгерістер енгізгеннен кейін Сербия таяу уақытта ДСҰ-ға өтеді деп есептеймін. Мен Президент Назарбаев­ты тарихи табысымен: 20 жылға жуық келіссөздерден кейін ДСҰ-ға өтуі­мен құттықтаймын. Әлемдік ұйымға қосылу арқылы Қазақстан таяу уақыт­тарда экономикалық тұрғыда да және азаматтардың тұрмыс деңгейін арттыру тұрғысында да тиімділікті сезінетін болады. ДСҰ-ға өту жаңа жұмыс орындарын ашуды, еңбекақыны және бүтіндей алғанда тұрмыс деңгейін арттыруды білдіреді. Қазақстанның ДСҰ-ға өтуі арқылы бұл ұйымның Орталық Азияға жақындай түсуінің өзі маңызды факт болып табылады, бүгінде Қазақстан жа­һандық рыноктарға қол жеткізу мүм­кіндігіне ие. – Сербияның ЕО-ға өткісі келетіні жақсы мәлім. ЕО-дағы таяуда бол­ған оқиғалар Сербияның ЕО-ға қосы­луына әсер ете ме? – Сербия отыз бес тараудың үшеуін ашты, келіссөздер ұзақтығын болжау қиын, өйткені, ол елдің өзінің дайын­дығына, ЕО-мен үйлесімділікке, тарау­ларды ашу немесе жабу үшін беріл­ген жағдайлардың орындалу жыл­дамдығына, сондай-ақ, әрбір жаңа қадам туралы шешімді бүкіл мүшелер қабылдайтындықтан, келіссөздер барысына тосқауыл қоюы мүмкін ЕО мүшесімен ықтимал деген екіжақты дауларға байланысты болмақ. Өтпелі критерийлердің болуы, яғни шешуші 23 және 24 тарау сияқты анағұрлым күрделі тараулар үшін келіссөздер барысындағы жағдайлар да үдеріске тежеу салуы мүмкін. Дегенмен, Сербия қосымша ерекшелікке ие, атап айтқанда, «Басқа мәселелер» деп аталатын 35-тарауға қатысты, Белград үшін ол Приштинамен қарым-қатынастарды қалыпқа келтіру, яғни келісімдердің орындалуын қадағалайтын тарау болып табылады. Біздің ол тарауда Косово мен Метохияны мойындау жөніндегі формальды талаптың бар-жоғын осы күнге дейін білмеуімізге байланысты бұл тарау Сербия үшін айрықша маңызға ие. Егер ол солай болса, онда біз бұл шартты орындай алмаймыз. Сіздің сауалыңызға келер болсақ, ол оқиғалардың іс жүзінде тарауларды ашу динамикасына әсер ететініне мен онша сенімді емеспін, өйткені, Еуропалық одақ Сербияға толық құқылы мүше мәртебесін беруге өзінің дайын екендігін айқын көрсетті. Мен 35-тарау мазмұнындағы белгісіздік анағұрлым елеулі проблема болып табылады деп есептеймін. Егер ол ынтымақтастық жолымен, Косово мен Метохияның бүкіл азаматтарының өмірлерін жақсарту, демократиялық қағидаттар мен адам құқықтарын барлық азаматтарға бірдей қолдану арқылы Бел­градтың Приштинамен қалыпты қарым-қатынастар құруын білдірсе, Сербия толық құқылы мүше болуға дайын. – Босқын мәселесіне қатысты пікі­рің­ізді білсек. Осынау үдерісті тоқ­та­ту­дың қандай жолдарын ұсынар едіңіз? – Еуропа мигранттар мәселесін тиісті деңгейде шеше алмаған сияқты. Оның аумағында болып жатқан террорлық актілер осы тұжырымның дәлелі болып саналады. Мен түпкі тамыры Таяу Шығыс пен Африка ресурстарын пайдаланудан басталатын дағдарыс себептері туралы айтып өттім. Бұл өңірлердің халқы іс жүзінде өздерінен алып кеткен несібесінің соңынан келіп жатыр. Өкінішке қарай, соғыс зобалаңынан қашқан, жақсы өмір іздегендердің арасында террористер, ИМ мүшелері де бар. Олардың міндеттері өте дәл әрі тыңғылықты айқындалған. Еуропаны тұрақсыздандыру үшін қарапайым азаматтардың опат болуына әкелетін жанкештілердің террорлық актілерін пайдалану мақсатымен күні бұрын жоспарланған. Ең үлкен проб­лема сол – Еуропа азаматтары енді әрбір босқыннан террористі көретіндігі. Еуропалық эгоизм бұл жолы басымдық алмауы тиіс, одан гөрі еуропалық ізгілік маңыздырақ. Еуропа ізгі бет-бейнесін, әлі де болса сақталып отырған ең ізгі бет-бейнесін көрсетуі тиіс. Дегенмен, жергілікті жерлердегі жағдай басқаша. Өйткені, ЕО көршілес мемлекеттердің үкіметтері арқылы жағ­дайды бақылауға шамасы жетпей жатқан тұстарда босқындардан оқшаулануға, дуал-қоршаулар тұрғызуға тырысуда. Еуроодақта ұсынылып жатқан шешімдер туралы тым ұзақ айтылады, бірақ оны жүзеге асыру ісі бастала қоймайды. Еуроодақ бұдан әлдеқайда тиімді болуы керек. Бұл жерде мемлекеттердің арасындағы ынтымақ мәселесі де туындайды. Егер ЕО-ға мүше мемлекеттер шекараларын жауып, босқындарға Грекия, Македония, Сербия бағытында жол ашатын болса, бұл осы елдерден еуропалық гетто жасау мақсатын байқатпай ма? Меніңше, жақсы өмір сүруі мүмкін елдерге жету жолындағы босқындардың талпынысын ешқандай дуал-қоршау тоқтата алмайды, мұндай сценарий түбінде Еуропаны Таяу Шығыс жасар еді. Мұны бұдан әрі ешкім бақылай алмас еді. – Сербияда православиелік сенім­дегілер мен ислам дінін ұстанатын­дардың қарым-қатынасын жақсарту ісі, олардың қоғамдық интеграциясы сәтті жүріп жатыр деуге бола ма? – Сізді Сербиядағы мұсылман сені­міндегі халықтың жағдайымен жақы­нырақ таныстыру үшін мұсылман жамағаты қалай дамығанын қысқаша айтып берейін. Мұсылмандықты ұстанатын халық өзге наным-сенімдегі халықтармен барлық жағынан теңестірілген. Мәселен, Сербиядағы ислам діни жамағаты 1863 жылғы «Вакуф елдері туралы» заңға сүйенеді. Сербия Княздігіндегі ислам дінін ұстану бостандығы 1868 жылы князь Михаил Обреновичтің жарлығымен бекітілген. Сол кезде Белградтағы діни муниципалитетке – жематқа (жамағат) әлі күнге дейін бірден-бір мінәжат орны ретінде қызмет ететін Байраклы мешіті пайдалануға берілді. Сербтердің, хорваттардың және словендіктердің корольдігі құрылған сәттен бастап исламдық екі діни жамағат қатар өмір сүре бастады. Белград муфтиі басшылық ететін біреуі Сербия, Македония және Черногория үшін, екіншісі – Сараеводағы реис’уль улема басқаратын Босния және Герцеговина, Хорватия, Славония, Словения және Далмация үшін. Югославия Корольдігіндегі ислам діни жамағатының бірлігі 1930 жылғы «Ислам діни жамағаты туралы» заңға негізделді. Заңның негіз қалаушы бабы былай дейді: «Югославия Корольдігіндегі барлық мұсылман жоғарғы діни басшы ретіндегі реис’уль улеманың басшылығындағы дербес Ислам діни жамағаты болып саналады». Реис’уль улеманың тұрғылықты орны астанаға – Белградқа ауыстырылды. ЮФХР 1946 жылғы Конституциясы және 1953 жылғы «Діни қауымдардың құқықтық мәртебесі туралы» заң арқылы мемлекет өзінің діни қауымдармен қарым-қатынасының негізгі қағидаттарын айқындады, соның ішінде негізгілері шіркеуді мемлекеттен бөлу, ар-ұждан және діни сенім бостандығы, сондай-ақ діни жамағаттар құру, сосын діни қауымдардың теңдігі мен шіркеуді мектептен бөлу, шіркеулер мен храмдарда еркін діни білім беруді ұйымдастыру болды. Барлық конфессияның тең­дігін жариялау және секуляризация югос­ла­виялық мұсылмандарды тең жағдайға жеткізді. Сербияда 280 мыңға жуық мұсылман тұрады, бұл – халықтың 3,6%-ы. Мұсылмандар Рашка және Оңтүс­тік Сербия сияқты облыстарда басым көпшілік болса, Нови-Пазар қала­сында – 90%, Съеницада – 80%, Буяно­вацта шамамен – 60%, Тутинде – 95% және Прешевода шамамен 90% халық мұсылмандар. Сербияда 190-нан ас­там мешіт бар, соның 120-сы Санд­жакта, 60-ы оңтүстік Сербияда болса, Бел­градта, Нише, Суботице және Мали-Зворникте бір-бірден бар. Ең әйгілі мешіттер Нови-Пазар қаласындағы Алтын Әлем, Съеницедегі Сұлтан Валиде және Байраклы болып саналады.  – Биыл Қазақстан Тәуелсіздіктің 25 жылдық белесіне шығып отыр. Осы орайдағы тілегіңізді және Астана қаласы туралы пікіріңізді білсек. – Біздің халықтарымызға ортақ нәрсе – азаттық пен тәуелсіздікке деген сүйіспеншілік. Біздер бейбітшілік пен бостандықта өмір сүру үшін бабаларымыз қан төкті. Бірақ бұл біздің қазіргі кезде ешқандай қауіп-қатерге ұшырап отырмағанымызды білдірмейді. Сербия өзінің территориялық тұтастығын, халқын және Косово мен Метохиядағы мәдени мұраларын сақтау үшін қазір де күресіп келеді. Біз Сербияның аумақ­тық тұтастығын сақтау тұрғысынан Қазақ­станның көрсетіп отырған қолдауын жоғары бағалаймыз. Қазақстан тәуелсіздігін сақтаудан да зор табысқа жетті. Сіздің халық жарқын болашаққа көз тігіп отыр. Астана ғажайып сұлулық қаласы, оның керемет алаңдары, ескерткіштері, ғимараттары, саябақтары мен көшелері әлемнің барша құрылысшыларына шабыт береді. Қазақ мәдениеті қаланың архитектурасымен өрілген. Сіздер үшін осының бәрін ЭКСПО-2017 көрмесін өткізу барысында көрсетуге зор мүмкіндік бар. Бұған қоса, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 2017-2018 жылдардағы тұрақты емес мүшесі болу бастамасы осы халықаралық ұйымға оң ықпалын тигізіп, Қазақстанның қарқынды әрі сенімді серіктес екендігін таныта түседі. 130 этностық топтың татулық пен келісімде өмір сүріп жатқаны тамсандырады және өзгелер үшін бейбітшілік пен ынтымақта қалай өмір сүруге болатынына мысал бола алады. Біздің ортақ ұқсастықтарымыз көп, сондықтан мен бір-бірімізге қолдау көрсетіп, достығымыз бен экономикалық байланыстарымызды нығайтуды, тәжірибелерімізбен көбірек алмасуды тілеймін. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Президент Назарбаевқа және Қазақстан халқына 2014 жылғы су тасқыны кезінде көрсеткен қолдауы үшін тағы да алғыс айтқым келеді. Біз мұны ешқашан ұмытпаймыз. – Астанаға келген сапарыңызда Қа­зақстан футбол клубтарының жетістігі туралы да айтқаныңыз есімізде. Жалпы, футболға қызығушылығыңыз қалай? Жанкүйерсіз бе? – Қазақстан футболының деңгейі кө­теріліп келеді. Спорттың осы түріне көп көңіл бөлініп жатқаны көрініп тұр. Былтыр шамамен осы кезде «Црвена жұлдызы» футболшылары Еуропа лигасының іріктеу кезеңінің ашылуындағы матчта «Қайраттан» 2:0 (1:0) есебімен жеңіліп қалды. Алматылық қонақтарды жеңіске шабуылшылар Исаэл мен Гоу бастады, ал Миодраг Божовичтің командасы алға ұмтылған әрі өте жақсы дайындалған қарсыластарына төтеп бере алмады. Қонақтар жас құрамалардың әлем чемпионатында үздік қақпашы атанған және біздің команданы бірнеше рет құтқарып қалған Предраг Райковичтің қақпасы алдында туған бір-екі сәтті мүлт жіберген жоқ. Жұрт бұл матчты әлі күнге айтып жүр. Үздік команданың жеңісін мойындап, құттықтау керек. Біздің командаға келесі жолы жақсылап дайындалу қажет. P.S. «Егемен Қазақстан» газетінің редакциясы осы сұхбатты ұйым­дас­тыруға көмек көрсеткен Қазақстанның Мажарстандағы Төтенше және өкі­летті елшісі, Сербияда, Македонияда елшілік қызметті қоса атқарушы Нұр­бах Рүстем мырзаға алғыс білдіреді.