• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
24 Тамыз, 2016

Темірді жеңген Толағай

285 рет
көрсетілді

Рио Олимпиадасынан ел қоржынына алғашқы алтын медальді салған Ниджат Рахимовтың балалық шағы Баку қаласында өткен. Әкесі Әли де спортшы, ауыр атлетиканың қыр-сырын бір кісідей біледі. Сол себептен де болар, Ниджатты бала күнінен қолынан жетелеп, ауыр атлеттер жаттығатын залға жиі ертіп барыпты. Осылайша бұғанасы қата қоймаған кезден, зілтемірді допша көтерген ауыр атлеттердің әр қимылына тамсанудан талмаған ұл өз аңсарының осы спортқа ауғанын байқамай қалыпты. Қазақ елі оны құшақ жая қарсы алды. Түбі бір түркі елінің өкілі Ниджат та бұл жақты жатсынбады. Атыраудай мұнайлы өңір­дің табиғаты қаталдау болғанымен, оны тұр­ғындарының қазақтың кең даласындай дархан көңілі жігерлендірді. Жергілікті билік жаңадан бой көтерген көп қабатты үйден баспана берді. Спорт мамандары қолдауын көрсетті. Тахир Халматовтай халықаралық дәрежедегі спорт шебері қамқорлығына алып, халықаралық сайыстарға дайындай бастады. Қазақ елінің, қазақ халқының дархан көңілінен жанына медет тапқан Ниджат та көп ұзамай бабына келді. Өз салмағы – 77 килода ел чемпионатында топ бастады. Сосын, Хьюстонда жалауы  желбіреген әлем чемпионатында оған теңесер қарсылас табыла қоймады. Бұл оның қазақ елі туы астындағы алғашқы жеңісі болатын. Менің бір ғана қарсыласым бар, ол – тек зілтемір деп мәлім етіп еді Хьюстондағы әлем чемпионатынан кейін Ниджат Рахимов. Ол Рио Олимпиадасындағы екінші жатты­ғуында тәуекелге барды. Алдыңғы бағын­ды­рылған белестен 12 килоға ауыр салмаққа тапсырыс берді. 214 кило! Бұл салмақты ақырында төбесіне тік көтеріп әкетті. Рекорд! Чемпион да болып шыға келді. Қазақстан қоржынына алғашқы алтын медаль осылай түсті. Қазақ елінің даладай дархан көңілінің мейірімі мен ыстық ықыласына бөленген Ниджат Рахимов енді азаматтығын ауыстырмауға бекініп отыр. «Маған азаматтығын беріп, Олимпиада чемпионы болуыма жол ашқан Қазақ елі, өзім тұрып жатқан Атырау облысы ұнады. Мен енді Қазақстаннан ешқайда кетпеймін. Бұдан былай да Қазақстанның атынан халықаралық додаларға қатыса беремін. Менің басты арманым – өзім тұрып жатқан елдің абыройын, мерейін тасыта беру!», – деді ол. Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ, «Егемен Қазақстан» АТЫРАУ