• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
24 Тамыз, 2016

Баһадүр мектебінің бағланы

374 рет
көрсетілді

Әлем чемпионатында топ жарып, Рио Олимпиадасының қола жүлдесін алып үлгерген ауыр атлет Александр Зайчиков қазақшаға судай. Кішкентайынан қазақ балалары арасында өскен Сашаның мұнысына көп жұрт таңғалғанымен, әкесі Виталий Анатольевич оншалықты қайран қала қоймайды. – Виталий Анатольевич, Сашаның ауыр атлет болатыны қай кезде бай­қалды? – Ұлым кішкене күнінен қолды-аяққа тұрмайтын ширақ болып өсті. Мұны жұрт та байқайды екен. Бір күні үйге Ғалым деген жас жігіт келді. Өзі менің баламның қолынан ұстап алыпты. Басында Саша бірдеңені бүлдіріп қойды ма екен, деп кіпі алып қалғам. Сөйтсем, келген жігіт грек-рим күресінің жаттықтырушысы екен, ұлымды сырттай көріп жүріп, өзіне шәкірт етіп алмақшы болыпты. Бұған дейін спорттың каратэ, велоспорт, футбол, баскетбол сияқты біраз түрлеріне қанығып өскен ұлым күреске баруға ынталылық танытты. Осылайша бәрін күрестен бастады. – Ал ауыр атлетикаға қашан ауыс­ты? – Күресіп жүрген күндерінде қазіргі жаттықтырушысы Алмас Абдраев көріп қалып, бірден ауыр атлетикаға шақырады. Шамасы, дене бітіміне қызығып қалса керек. Сашаның өзі де оған қуана барды. – Ұлыңыздың тұғырдағы тайталасын көрген шығарсыз? Адамда ондай кезде ұйқы бола ма, үйге туған-туыстар мен достардың бәрі жиналып, таңды бірге атырдық. Жанымызда Сашаның нағашы атасы Виктор Александрович те болды. Осы түнде бұл кісі 69 жасқа толды. Екі қуаныш қатар келіп, ол біраз толқыды. – Ұлыңыз қалай «қазақ» болып кетіп жүр? – Біз әуелгіде ол қазақ тілін балалармен ойнап жүріп үйренген болар деп ойлаушы едік. Оның қазақшаны осынша таза сөйлейтінін кейін білдік. Саша ұстазы Арманның кеңесімен қаладағы Жалаңтөс Баһадүр атындағы спортта дарынды балаларға арналған мектеп-интернатта оқыды. Онда барлық пәндер қазақ тілінде жүретін еді. Біз баламыз осыдан қиындық көретін шығар деп қауіптендік. Бірақ ол сабақты қазақ балаларымен бірдей оқып, мектепті ойдағыдай  бітіріп шықты. Әңгімелескен Руслан ИГІЛІК