• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
24 Тамыз, 2016

Өрнекті сөз, өрісті ой

819 рет
көрсетілді

Қазақ журналистикасында өзіндік бет-бейнесі бар Нұртөре Жүсіптің таяуда ғана «Мың құмырсқа және біз» атты публицистикалық мақалалардан тұратын жақсы кітабы жарық көр­ді. Президент сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері, ойы ұшқыр, қаламы қарымды азамат­тың кітабына алғысөзді сенатор, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Нұрлан Оразалин жазған екен. Шағын ғана тілек сөзде көрнекті ақын, Тәуел­сіздіктің тағылымдарын, ұлттың азаттық жолындағы қарызы мен парызын тереңінен тербеген автор­дың атаулы дүниелерін жан-жақ­ты талдай келіп, «Журналист Нұртөре Жүсіптің өз және өзге де тұс­тастарынан ерекшеленіп тұра­тын бір қасиеті – кез келген мәсе­лені көркем ой, кестелі тілмен жет­кізе білуімен қатар, көтерілген мәсе­ленің шешімін көрсететін нақты ұсы­ныстар айта білетіндігі дер едім», дейді. Шынында, әріптесіміздің осы жинақтағы қай мақаласын алсаң да  қабырғалы ой айтып, еліміздің еңселі істерін мақтан етіп, кей тұстағы әт­теген-айларымызды да ашып көрсетеді. «Қазақтың күні» деп аталатын бөлімде азат еліміздің тір­лік тынысы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың кемел саясатының негізінде атқарылған істер нақты дәлел-дәйектермен беріліп отырады. Мысалы, елдің бірлігі туралы ой қозғайтын «Бөлінген – біреуге жем болады» деген публицистикалық мақаласында әр қазақтың пенделікке салынбай, кеңдікте қызмет ету қажеттігін атап, «Бөлінген – біреуге жем болады. Бөлінбеген – басқа елмен тең болады», деп түйін жасайды. Ал әр жыл сайын Астанада Елбасы жүлдесі үшін өтіп келе жатқан «Қазақстан барысы» туралы толғамында ұлтымыздың айтулы ұландары А.Нұғымаров, Б.Ыстыбаев, өзге де жүректі де білек­ті ұлдарымыздың абыройлы ісін келісті тіл, көркем оймен айта келіп, соңында «Жеңілгенді жер көтереді, жеңгенді ел көтереді» дейді. Кітаптағы ұлт зия­лысы Өзбекәлі Жәнібековтің өз қолымен тіккен сәукелесін іздеуі де ізгілікті іс. Ол туралы кезінде белгілі журналист Қали Сәрсенбай жазған екен. Осы құнды жәдігерді тауып, кейінгіге үлгі көрсетсек деген ниеті құптарлық. Екінші бөлім «Замандас» деп аталады. Отанымыздың өркендеуіне, рухани жағынан кемелденуіне өз үлестерін қосқан кешегі айтулы Ақаң – Ақселеу Сейдімбек, көрнекті жазушы Дүкенбай Досжан, абзал азамат Мұса Паттеев жайлы жазбалардан алар үлгі молынан. Әсіресе, Ақаң айтқан асыл сөздегі иірімді ойлар, ілкім байламдар кімді де болса бейжай қалдырмайды. Сол секілді бүгінгі белгілі ғалым С.Қозыбаев, Отанымыздың қа­рыш­тап дамуына өз үлестерін қо­сып келе жатқан С.Үмбетов, Ә.Жақ­сыбеков, өзге де қайраткерлер туралы са­раптамалары, Қазақстанның халық әртісі Д.Жолжақсыновтың шығармашылығына арналған талдауы, әріптесі Қ.Сәрсенбайға, қа­лам­гер замандастары Т.Шапайға, Ж.Шаштайұлына бағыттаған мақала­лары әдемі оқылады. Жалпы, кітаптың соңғы байлам сөзінде автор іргелі елге іріткі түсірмеу, ішкі бірлікке берік болу, осы арқылы қазақтың беделін көтеруге болатынын айтып: «Ей, уақыт! Ей, заман! Көзіңді ашып қазаққа қара: ескен желдей, көшкен сеңдей, қиындықты еңсеріп, қайратты жиып, белсеніп, біз келеміз!» деп ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығын атағалы отырған ұлттың бүгінгі тыныс-тір­шілігі алда да жалғасын тауып, ұрпақтар сабақтастығы ұлықтала беретінін алға тартады. Сүлеймен МӘМЕТ, «Егемен Қазақстан»