Астананың 11 жасар тұрғыны Жанель Сәдуақас Қырымда өткен халықаралық «Балалар Жаңа толқыны-2016» жас орындаушылар байқауында жүлдегер атанды.
Жас өнерпаздың былтырғы «Жаңа толқын» байқауында екінші орын иеленген қазақстандық әнші Динара Қайырованың шәкірті екенін айта кеткен жөн. «Байқауға қатысуымыздың мақсаты – Жанельді орындаушы ретінде одан әрі дамыту, жаңа деңгейге шығу, жетекші продюсерлермен жұмыс істеу. Мен Жанельдің өнерін аса жоғары бағалаймын, өйткені, «Балалар Жаңа толқынына» қатысудың өзі жеңіс, ал жүлделі орынға ие болу – үлкен жетістік. Бұл оның шығармашылық жолында бағындырған тағы бір белесі, енді одан әрі еңбектеніп, вокалдық шеберлігін шыңдауға сеп болады», – дейді ол.
«Балалар Жаңа толқынына» әлемнің 11 елінен 8-12 жас аралығындағы 15 бала қатысты. Байқауға Евгений Крылатов, Лев Лещенко, Ирина Дубцова, Сергей Лазарев және Филипп Киркоров қазылық етті. Қазылар алқасының төрағасы – Ресейдің халық әртісі, продюсер, композитор Игорь Крутой.
Сонымен, балалар ән байқауында бірінші орынды Ресей конкурсанттары – 12 жастағы Алексей Забугин және «ЭЙ’ВА» триосы бөлісті. Екінші орын Мальтадан келген 10 жасар Эйла Манжон мен Арменияның 8 жасар өрені Михаил Григорянға бұйырды. Ал жүлделі үшінші орынды еліміздің намысын қорғаған Жанель Садуақас пен 10 жасар ресейлік Мария Мировая иеленді.
«Егемен ақпарат»