• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
25 Тамыз, 2016

Жасампаздық жылнамасы

378 рет
көрсетілді

1992 * 22 мамырда Қазақстан Республикасы ЮНЕСКО-ға мүше болып қабылданды; * 25 мамырда Мәскеуде Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев пен Ресей Федерациясының Президенті Б.Н.Ельцин екі ел арасындағы Достық, ынтымақтастық және өзара көмек туралы Шартқа қол қойды; * 1 маусымда Жоғарғы Кеңестің сегізінші сессиясында Президент, Конституциялық комиссияның төрағасы Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан Республикасы Конституциясының жобасы туралы» баяндама жасады. Өз баяндамасының соңында Елбасы болашақ Конституция «Қоғам өміріне айқындық енгізіп, азаматтардың құқықтары мен міндеттерін жіті белгілейді, өкімет институттарына, әкімшілік және сот органдарына сенімді әрекет етуге мүмкіндік береді. Қысқасы, қоғам мен мемлекет өмірінде біздің әрқайсымыздың құқығымыз бен бостандығымызды қорғау үшін, қазақстандықтардың жақсы өмірі жолында республикада жүргізіліп отырған түбегейлі реформалардың табысты болуы үшін қажетті тәртіп орнатуға мүмкіндік береді», деп атап өтті; * 4 маусымда Қазақстан өзінің мемлекеттік рәміздерін анықтады. Дәлірегі, Президент «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік жалауы туралы», «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік елтаңбасы туралы», «Қазақстан Республикасы Мемлекеттік әнұранының музыкалық редакциясы туралы» заңдарға қол қойды. Гимннің сөзіне жарияланған конкурсты одан әрі жалғастыра түсуге шешім қабылданды; * 6 маусымда Жоғарғы Кеңес сессиясында еліміздің жаңа мемлекеттік рәміздерін ресми түрде таныстыру шарасы ұйымдастырылды. Рәсім сәтінде Елбасы Н.Ә.Назарбаев: «Біз тәуелсіздікке аңсап, зарығып жеттік. Енді сол тәуелсіздіктің қасиетті белгілерін де ерекше қадірлеуіміз, қастерлеуіміз керек. Әрбір азамат Қазақстанның Жалауын, Елтаңбасын, Әнұранын тұмардай қасиет тұтуы қажет. Елдігіміздің сыналатын бір тұсы осы», – деді. Осылайша, Президент резиденциясы мен Парламент үйінің төбесінде Көк туымыз алғаш рет желбіреді; * 16 маусымда Алматыда Елбасы БҰҰ делегациясын қабылдауы сәтінде аталған халықаралық ұйымның Қазақстандағы Өкілдігін ашу жөнінде келісім жасалды; * 22 маусымда Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинеті жанындағы Ұлттық патент ведомствосы құрылды. Құрылымның негізгі мақсаты – өнеркәсіптік меншік объектілерін қорғау саласында мемлекеттік саясат жүргізу, біртұтас патент жүйесін құру, өнертабыстарға, өнеркәсіптік үлгілерге, тауар белгілеріне және өнеркәсіптік меншіктің басқа да объектілеріне қорғау құжаттарын беру, кәсіпкерлікті дамытуда озық технологияны, тауарлар мен көрсетілетін қызметті таратуда кедергілерді жою. Сондай-ақ, осы күні Қазақстанның БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілі Ақмарал Арыстанбекова БҰҰ Бас хатшысы Бутрос Ғалиге қызметке кірісу өкілеттігін тапсырды; * 23 маусымда Министрлер Кабинеті Мемлекет басшысының «Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы» Жарлығын жүзеге асыру бойынша қосымша шаралар жөнінде қаулы қабылдады. Соның нәтижесінде Семей облысының барлық аудандары, Семей және Курчатов қалалары, Шығыс Қазақстан облысының Глубокое, Зайсан, Таврия, Тарбағатай, Ұлан, Шемонайха аудандары және Өскемен қаласы, Қарағанды облысының Егіндібұлақ және Қарқаралы аудандары, Павлодар облысының Баянауыл, Лебяжі және Май аудандары экологиялық апат аймағы деп жарияланды. Бұл мәселеде радиациялық жағдай, сыртқы сәуленің өтуінен түсетін ауыртпалық шамасы туралы деректер, халықтың сырқаттануы мен қазаға ұшырауының демографиялық көрсеткіштері негізге алынды; * 24 маусымда Түркістан қаласында Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасының арасындағы Достық, ынтымақтастық және өзара көмек туралы шартқа қол қойылды. Осы айтулы шарада Елбасы бұл тарихи оқиғаның киелі Түркістанда, екі халыққа да қастерлі Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің іргесінде ұйымдастырылуында үлкен мағына бар екенін атап өтті; *29 маусымда Алматыда патшалық Ресейдің отаршылдығына қарсы күрескен халық батыры Сырым Датұлының туғанына 250 жыл толуына арналған ғылыми конференция ұйымдастырылды. Жиын барысында Сырым Датұлының есімін Жымпиты ауданына беру туралы мәселе көтерілді. Кейін жұртшылық тілегі қабыл болып, Жымпиты ауданына Сырым батырдың есімі берілді; * 30 маусымда Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «1992 жылы егін орағын, ауылшаруашылық дақылдары өнімін сақтау мен ұтымды пайдалануды және жемшөп дайындауды қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы» Жарлығы шықты. Бұл еліміздің өз астығын алғаш рет басқалардың қатысуынсыз өз күшімен жинап алуға бет бұрғанын білдіреді. Бұған дейін ел астығы Кеңес Одағының түкпір-түкпірінен келетін азаматтардың көмегімен жиналып, нәтижесінде алынған өнімнің өзіндік құны өсіп кететін; *1 шілдеде Алматыдағы Достық үйінде Қарашығанақ кен орнын өндірістік пайдалануға ниет хаттамасына қол қойылды. Айта кетейік, осыдан төрт ай бұрын Үкімет Батыс Қазақстандағы бірегей мұнай-газ конденсаты кен орнын игеруге халықаралық конкурс жариялаған болатын. Конкурстың қорытындысы бойынша «Бритиш Газ» бен «Аджип» жеңіске жеткен-ді. Осы оқиғаның маңыздылығы ескеріле отырып, бұл рәсімге Елбасының өзі қатысты; * 2 шілдеде Жоғарғы Кеңестің «Қазақстан Республикасының Конституциялық сотын сайлау туралы» қаулысы қабылданды. Академик Мұрат Баймаханов Қазақстан Республикасы Конституциялық сотының төрағасы болып сайланды; * 6 шілдеде Жоғарғы Кеңестің қаулысына сәйкес Орал облысы – Батыс Қазақстан облысы, Целиноград облысы – Ақмола облысы, Шымкент облысы – Оңтүстік Қазақ­стан облысы, Целиноград қаласы – Ақмола қаласы болып өзгертілді; * 7 шілдеде «Қазақ­стан Респуб­ликасының ұлттық қауіпсіздік органдары туралы» Заң баспасөзде жарияланды; * 13 шілдеде Прези­дент Жарлығымен Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті Ұлттық қауіпсіздік комитеті болып қайта құрылды. Комитет төрағасы Министрлер Кабинетінің құрамынан шығарылды, сөйтіп ол тікелей Елбасына бағынысты болып белгіленді; *15 шілдеде Ақ­мола қаласында ұмыт қалып бара жат­­қан ұлттық мей­рам­­дардың бірі – «Қымыз­мұ­рын­дық» ұйым­дасты­рылды. Қала­ның та­ри­хи атауының қайта­рылуына орай өткі­зілген мереке жайын­да «Егеменді Қазақ­стан» газетін­де «Қазақтың қымыз­мұрындық мейрамы» тақырыбымен мақала шықты; *16 шілдеде Ре­сей парламенті Ре­сей Федерациясы мен Қа­зақстан Респуб­лика­сының арасындағы Достық, ынтымақтастық және өзара көмек туралы шартты бекітті; * 31 шілдеде белгілі балуан Дәулет Тұрлыханов Барселонада өткен ХХV Жазғы Олимпиадада қола медаль иеленді. Ол 1988 жылғы Сеул Олимпиадасында  күміс медаль жеңіп алған болатын.  Бұған дейін екі бірдей Олимпиадада қатарынан жүлдегер атанған қазақ спортшысы болған емес.