Қазақ боксы үшін үлкен оқиғаның басы көрінді. Жақында Алматыда ІІІ жазғы спартакиада аясында бокстан әуесқойлар арасында өтіп жатқан Қазақстан чемпионаты басталар алдында Халықаралық әуесқой бокс қауымдастығының (AIBA) президенті Чинг Куо Ву екі күндік жұмыс сапары барысында республика Бокс федерациясымен екі маңызды құжатқа қол қойды.
Бірінші құжат өз елімізде тұңғыш рет жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатын өткізу жөнінде соңғы келісім-шарттарға қол қоюға, ал екіншісі Алматы маңында AIBA Бокс академиясын салу мәселесіне арналды. Ең әуелі AIBA-ның бұл келісімдерге қол қоюы еліміздің Халықаралық әуесқой бокс қауымдастығымен соңғы кездері бірігіп, тынбай істеген жұмысының жемісі деуіміз керек. Екіншіден, ол – қазақ боксының дамуына жасалған тағы бір үлкен қадам. Енді қазақ боксына осындай маңызды екі құжаттан кейін тынысын кең тартып, тек алға жүру үшін жұмыс істеуіне болады.
Алғашқы құжатқа қол қою бірден жүзеге асқан жоқ. Бұған Қазақстан жағы Қытайда AIBA-ның конгресі өтіп жатқан кезде қол жеткізді. Ал басында жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатын өткізуді Франция өз мойнына алмақшы болған екен. Бірақ олар бір ай қалғанда бұл шешімдерінен бас тартыпты. Содан кейін AIBA амалсыздан әлем чемпионатын өткізуді Әзірбайжанға өткізген болатын. Мұнда да дәл сондай жағдай қайталанған соң AIBA қараша айында Қытайда өткен өзінің кезекті конгресінде Қазақстанды әлем чемпионатын өткізуге лайықты ел деп тапты. Содан бері Қазақстан Астанада жасөспірімдер арасында әлемдік бәсекені өткізу үшін қолдағы бар жағдайдың бәрін жасап келеді.
Екіншіден, Алматы маңында AIBA Бокс академиясын салу жөніндегі келісім де екі жаққа өте маңызды құжат болып табылады. Бұл академияның құрылыс жобасы былтыр қараша айында Алматыда өткен AIBA-ның конгресінде бекітілді. Мұнда жаттығу залдары, мамандар мен спортшылардың өз біліктілігін арттыру үшін дәріс оқытылатын бөлмелер, төрешілердің санаттарын көтеруге арналған дәріс залдары, қонақ үй, бассейн мен басқа да инфрақұрылымдар қарастырылған. Оның құрылысы 3-4 жылдың ішінде аяқталады. Содан кейін AIBA-ға мүше елдердің мамандары, бапкерлері мен төрешілері осы жерде дәріс алатын болады. Ең бастысы – академия жұмысын бастаған кезде біздің төрешілер мен бапкерлер де біліктілігін арттыру үшін ақшасын шығарып, шетелге бармай, өз елімізде арнайы емтихан тапсыра алады.
Дастан КЕНЖАЛИН.