Астанада Қазақ ұлттық хореография академиясы ашылады
Ата-бабаларымыздың ғасырлар бойы аңсаған тәуелсіздігіне қол жетіп, егемендікті ту етіп көтеріп келе жатқанымызға жыл соңында ширек ғасыр толғалы отыр. Ұшқыр уақыттың көзімен қарағанда, бұл оншалықты ұзақ мерзім емес. Алайда, бұған еліміздің осынау 25 жылдың ішінде әлеуметтік-экономикалық салалар мен халықаралық аренада алған асулары тұрғысынан қарасақ, жүз жылға жүк боларлық шапағатты шаруалардың іс жүзіне асқанын тез пайымдап үлгерер едік.
Мұның бәрі бүкіл әлем танып-мойындаған Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасында орындалып жатқанын жақсы білеміз. Біздің айрықша қуанатынымыз, егемендік мәртебесін алған кезден бастап, республикада мәдениет пен өнердің серпінмен дамуына зор көңіл бөлініп келеді. Елбасының алыстан болжайтын кемеңгер саясатының нәтижесінде Арқаның төріне көшірілген ғажайып байтағымыз – Астана қаласының төрінде соңғы жылдардың өзінде әлемде алатын айшықты орындары бар қаншама өнер ошақтары бой көтерді. Айталық, 2009 жылы елордада бірегей «Қазақстан» концерт залы ашылды. Оған Орталық Азияда бұл салада тең келер бірде-бір ғимарат жоқ, ол әлемнің ең үздік сәулет өнері туындысының біріне жатады. Орталықтың акустикалық мүмкіндігіне жер жүзіне аты мәшһүр көптеген музыканттар мен опера әншілері лайықты баға берді. Ал Астананың 15 жылдығы қарсаңында, 2013 жылы «Астана Опера» деген атау алған жаңа опера және балет театры құрылды. Бұл өзгеше пішімді ғимарат сәулеті тұрғысынан классикалық, техникалық орындалуы мен ішкі жабдықталуы жағынан инновация үлгісінде жасалып шықты. Осының өзі театрдың жаһандағы ғажайып сахна алаңдары үздіктерінің бірі ретінде танылуға мүмкіндік берді.
Енді, міне, таяу арада солардың қатарына Қазақ ұлттық хореография академиясы атты жоғары оқу орны қосылғалы тұр. Мемлекет басшысының жаңа бастамашылдығымен 2014 жылдан бері салынып жатқан бұл ғимарат ендігі жерде Орталық Азиядағы кәсіби хореографиялық білім берудің толық циклы қамтылған ең бірінші әрі теңдессіз оқу ордасы болмақ. Оның кешенді ғимараттары мен жарақтандырылуы қазіргі заманғы талап пен тілектің толық талғамынан табылады. Ресми түрдегі атауы «Қазақ ұлттық хореография академиясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы» болып аталатын бұл оқу орны Қазақстан Үкіметінің 2015 жылы 11 наурыздағы №126 қаулысына сәйкес қанат қақты. Ол – бұл салада білім берудің мектеп, колледж, жоғары оқу орны деп аталатын барлық үш буынын бір-бірімен жалғастырып әкететін, үздіксіз кәсіби білім беру идеясы негізін қалайтын бірегей жоба. Осы орайда академиядағы білім беру жүйесінің түпкі мақсаты қоғамның рухани-мәдени, эстетикалық дамуын қамтамасыз ететін жоғары санатты балет артистерін даярлап шығаруға барып ұласады. Осымен бір мезгілде хореографиялық өнер саласының мамандарын көп деңгейлі дайындауды жүзеге асыратын ғылыми-шығармашылық білім ордасын қалыптастыру міндеті қойылады. Ал мақсаты дүниежүзілік тәжірибе үлгісін ұстана отырып, шәкірттерге хореография саласында кәсіби білім берумен ұштасады. Осының қабатында әлемдік танымал хореография мектептерімен шығармашылық байланыс орната отырып, оны дамыту негізінде түлектерге сапалы кәсіби білім ұсыну, осыған қажетті жағдай жасау қарастырылады.
Еліміздің төрінде мынадай барлық жағынан ғажайып оқу орнының бой көтеруі классикалық би өнері саласындағы дарынды тұлғаларды даярлаудың бірден-бір тура жолы болмақ. Елорданың сол жағалауына орналасқан жаңа білім ордасында арнайы дайындалған бірегей сәулет жобалары әлемдік деңгейде бой түзейтін эталонға айналады. Ондағы қазіргі заман талабына сай салынған оқу, балет, театр және тұрғын үй сипатындағы 4 корпуста оқушылар мен студенттерге сапалы білім беру мен тиянақты білім алудың барлық жай-жағдаяттары жасалған. Оқу корпусында жалпы білім беру мектебімен, үлкен де жарық сыныптармен қамтылған колледж және институт орналасқан. Осында заманауи сауықтыру кешені мен көп функционалды спорт залы да бар. Балет корпусының бір өзі 21 балет залынан құралған. Залдар түгел периметр бойынша жайғасқан. Оның ішінде ашық аспан астында сәнді саялы бақ жайқалып өсіп тұр. Әрбір залда оқушылардың сабақ арасында уақыт өткізетін және тынығатын аймақтары қарастырылған. Театр ғимаратындағы классикалық қат-қабат сызба бойынша салынған 800 орындық көрермен залы бүгінгі күннің барлық талабына жауап бере алады. Ал тұрғынжай корпусы академияның профессорлық-оқытушылар құрамы үшін бөлінген қызметтік пәтерлер мен оқушыларға арналған кең бөлмелерден тұрады. Бұған қоса, академия аймағында қазіргі күндері медициналық кешен мен үлкен асхана салынып жатыр. Мұның бәрі Елбасының аталған оқу орны үшін жасап отырған әкелік қамқорлығын танытады.
Президент білім беру мен оның сапасына қатысты сөйлеген бір сөзінде: «Біздің бүкіл елімізде әлемдік стандарттар деңгейіне сапалы білім беру қызметін жолға қоюға тиістіміз», – деп бұл саланың алдында тұрған негізгі ауқымды міндетті атап көрсетіп беріп еді. Жаңадан ашылып отырған академия осы міндет пен талаптың деңгейінен толық табыла алады деп есептеуге негіз бар. Осы мақсатта оқу орны білікті оқытушы кадрлармен жабдықталып жатыр. Жоғарыда айтқанымыздай, Қазақ ұлттық хореография академиясы ұлттық би мектебінің қарқынды дамуы мен қалыптасуы жолындағы батыл қадамдардың бірі болып табылады. Үш басқыштан құралатын академияда балаларды қабылдау шығармашылық бағыттағы бастауыш мектептің 1, 2, 3 және 4 сыныптарында жүзеге асырылады. Дамыған шығармашылық тұлғаны жан-жақты тәрбиелеу үшін Қазақ ұлттық хореография академиясына балаларды 1-сыныпқа қабылдау 6-7 жастан жүргізіледі. Ал техникалық және кәсіптік білім беру жүйесі 5-9 сыныптар аралығында оқытылады. Шығармашылық бағыттағы бастапқы мектеп білім бағдарламасының мақсаты би саласындағы білім мен біліктілікті қалыптастыру, түрлі бағыттағы би материалдарын орындауға қозғалыс аппараттарын дайындау, түрлі деңгейдегі техникалық кедергілердің негізін игеру болып саналады. Осының негізінде шығармашыл, жан-жақты дамыған кәсіби мамандар, заманауи және креативті тұлғалар тәрбиелеп шығарулары тиіс. Одан әрі қарай бакалавриат жалғастыруға мүмкіндігі бар. Бұдан басқа, жоғары білім беретін бакалавриат пен жоғары оқу орнынан кейінгі қайта даярлау бағыты бойынша білім берудегі жүйе – магистратура да ашылды. Ал келесі жылдары докторантура ашу жоспарда бар. Академияға түсу үшін қабылдау емтихандарынан өткендер мемлекеттік бюджет және ақылы негізде білім алу жолдары да қарастырылған. Болашақта академия әлемдегі барлық дарынды балалар мен жеткіншектерге есігін айқара ашатын болады. Білім беру оқыту мен тәрбиелеу осылайша үздіксіз процесс болып жалғаса береді.
– Білім беру жолымызда алғашқы қадамдарда республикамыздың түрлі, тіпті ең шалғай аймақтарындағы қабілетті балаларға ерекше көңіл бөлінеді. Бұл бірегей мүмкіндікті кез келген адам пайдалана алады. Демек, егер сіздің балаңыз талантты, кәсіби талаптар мен өлшемдерге сәйкес келетін балет және дене бітімі жағынан қажетті табиғи сипаттарға ие болса, оған жарқын болашақ сыйлайтын мүмкіндік пен сәттілікті жіберіп алмағанымыз жөн, – дейді осы орайда академия директорының міндетін атқарушы Гауһар Алдамбергенова. – Академияда шәкірттерді даярлауда Қазақстанның үздік кәсіби мамандарымен қатар, Ресей, Германия, Қытай және Францияның және басқа да алыс-жақын шетелдердің білікті хореографтары өздерінің кәсіби шеберліктерін ортаға салатын болады.
Ол, сонымен бірге, Қазақстан Республикасының хореографиялық білім беру жүйесіндегі басты өзгеріс мамандарды даярлауда көп деңгейлі модельге көшу болып саналатынын да атап өтті. Осы арқылы үздіксіз білім беру, сапаға қол жеткізу және кәсіби мамандарды даярлау тиімділігіне қол жеткізіледі. Академияның білім мекемесі ретіндегі басты міндеті үздік өнер дәстүрінің сабақтастығын сақтау, отандық хореографиялық білім беру саласындағы білім сапасын арттыру және оларды әлемдік кеңістікте біріктіру болып табылады.
Жаңагүл СҰЛТАНОВА,
өнертанушы
АСТАНА