• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
26 Тамыз, 2016

Алғашқы қоңырау алдында

273 рет
көрсетілді

Орталық коммуникациялар қызметінде жаңа оқу жылына әзірлік барысына арналған баспасөз мәслихаты болып өтті. Жиынға Білім және ғылым вице-министрі Эльмира Сухан­бер­диева, министрліктің балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Мәншүк Әбдікәрім, білім және ғылым саласын бақылау комитеті төрағасының орынбасары Ләззат Бөлебаева, «Күнделік.kz» ЖШС-нің директоры Александр Григорян, «Bilim Media Group» ЖШС-нің атқарушы директоры Санжар Кенжеханұлы қатысып, білім беру саласына байланысты орамды ойларын ортаға салды. Брифинг барысында білім беру мекемелерінің жаңа оқу жылына дайындығы жан-жақты сөз болды. «Биылғы оқу жылына дайындық Білім және ғылым министрлігі мен жергілікті әкімшіліктердің ты­ғыз қарым-қатынасы негізінде жүзеге асып жатыр. Мектепке дейін­гі оқыту мен тәрбие бойынша бү­гінде 817,8 мың бала қамтылған. Сондай-ақ, биыл жаңадан 538 мектепке дейінгі тәрбие мекемесі ашылды, оның ішінде 49 бала­бақ­ша бар. Және де жылдың соңы­на дейін 82 мектепке дейінгі ұйым мен Ұлттық қор есебінен 11 балабақша ашу жоспарлануда. Нәти­жесінде, 3-6 жастағы балалар­ды мектепке дейінгі біліммен қам­ту 82,7 пайызға жетеді. Бұл көр­сеткіш былтыр 81,6 пайызды құрағанын естеріңізге саламыз. Сонымен қатар, биыл 1 қыркүйекте мектеп табалдырығын 2,8 миллионнан астам оқушы аттайды. Болжамды деректер бойынша бірінші сыныпқа баратын оқушылардың саны 370,0 мыңнан асады», – деді вице-министр. Сонымен қатар, жиын барысында еліміздегі сапасы сын кө­тер­мейтін мектептер мен тәжірибелі кадрлардың жетіспеушілігі де тілге тиек етілді. Қоғамдағы қызу талқыға түскен мәселелердің бірі оқушылардың мектепте ұялы телефонды қолдануы да назардан тыс қалмады. Рауан ҚАЙДАР, «Егемен Қазақстан»