Кеше Астанада олимпиадашылардың құрметіне арналған салтанатты шара өтті.
Рәсімге Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, Олимпиада чемпиондары мен жүлдегерлерін марапаттады
Салтанатты шара алдымен Есіл өзенінің сол жағалауында орын тепкен жаңа әкімшілік орталықта бастау алды. Мұнда Олимпиаданың чемпиондары мен жүлдегерлері «Бәйтерек» монументі алаңында xалықпен кездесіп, көпшіліктің қошеметіне бөленді. Осы жерде жұртшылық өздерінің сүйікті спортшыларымен бірге фотосуретке түсіп, емен-жарқын әңгімелесті.
Одан кейін Олимпиада чемпиондары мен жүлдегерлері мінген кортеж жүздері бал-бұл жанған жанкүйерлердің қошеметімен «Қазақстан» орталық концерт залына дейін шеру тартып өтті.
Ал Орталық концерт залына келгенде оларды астаналықтар мен қала қонақтары тағы да зор қошеметпен қарсы алды.
Салтанатты шарада жұртшылық Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен олимпиадашыларға «Алға, Қазақстан! Жаса, Қазақстан!» деген ұранмен орындарынан тұрып құрмет көрсетті. Осы жерде Мемлекет басшысы барша қазақстандықтарды ұлттық құраманың Рио-де-Жанейродағы ХХХI жазғы Олимпия ойындарында табысты өнер көрсетуімен құттықтады.
– Біздің спортшыларымыздың Олимпиададағы медальдары, жоғары спорттық нәтижелері мен жетістіктері Қазақстан тәуелсіздігінің алдағы 25 жылдығына лайықты сый болып саналады. Сіздер біздің еліміздің халықаралық спорттағы мәртебесі биік екенін дәлелдеп, жаттықтырушылар мен жанкүйерлердің ғана емес, барша қазақстандықтардың үмітін ақтадыңыздар, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті осы Олимпиадада біздің құрама түрлі дәрежедегі 17 медальды иеленгенін атап өтті.
– Бұл – Қазақстанның әлемдік олимпиадалық қозғалысқа қатысу тарихындағы басқа Олимпия ойындарында алған жүлделерден әлдеқайда көп. Ресми емес медаль саны бойынша біздің олимпиадалық құрама әлемнің 207 елінің спорттық құрамалары ішінде 22-орында тұр. Баршамыз Риодағы Олимпиада тұғырларында еліміздің әнұраны 3 рет шырқалып, туымыздың 3 рет ең биікте желбірегеніне мақтанамыз. Осылайша, боксшы Данияр Елеусінов, суға жүзуден ел тарихындағы тұңғыш чемпион Дмитрий Баландин, ауыр атлет Ниджат Рахимов ерекше жетістіктерге жетіп, Олимпиада жеңімпазы атанды. Олимпиададағы табыстың ортақ қоржынына 5 күміс және 9 қола медаль иегерлері олжа салды, – деді Мемлекет басшысы.
Одан әрі Елбасы Олимпиадада күміс және қола медаль жеңіп алған спортшыларды құттықтайтынын айтты. Онда Нұрсұлтан Әбішұлы күміс жүлдегерлер Әділбек Ниязымбетов пен Василий Левитке алтын медальдың сыйақысы тапсырылатынын, өйткені, олардың жаһандық жарыста көрсеткен өнеріне тек Қазақстан халқы емес, барша әлем жанкүйерлері риза болғанын жеткізді.
– Біз екі боксшымыздың медальдарын Олимпиаданың алтын жүлдесі деп санауымыз керек. Осыған байланысты олардың жүлдесін ынталандыру тұрғысынан алтын медальмен теңестірдім, – деді Президент.
Сол сияқты ол жеңіл атлет Ольга Рыпакованың қола медалін алтын жүлде ретінде бағалайтынын атап өтті. Жақында спортшы Швейцарияның Лозанна қаласында өтіп жатқан 11-ші «Гауһар лигасында» күміс жүлдегер атанған болатын. Бұл сында ол үш қарғып секіру бойынша 14,53 метрге секірді. Елбасы жеңіл атлеттің осы жетістігін де ескеріп, Рыпакованың еліміз спортының дамуына өлшеусіз үлес қосып келе жатқанын айтты.
– Жеңіл атлетикада Ольга Рыпакова биік шыңнан түсіп көрген жоқ. Олимпиадада жүлде жеңіп алу оңай емес. Бұл додаға мыңнан тұлпар, жүзден жүйрік спортшылар ғана қатысады. Бәрінің арманы – Олимпиада медалі. Олар сол үшін жан алысып, жан берісіп жарысады. Ольганың қола медалі де алтын жүлдеге татиды. Себебі, ол Лондон және Рио Олимпиадалары арасында өмірге ұл әкеліп үлгерді. Қазір баласы үшке толды. Ольга – біріншіден ана, екіншіден нағыз батыр әйел. Екі үлкен доданың арасында жарыстарға қатысып, биік белестерден көрініп жүрді. Бұл спортшының өз кәсібіне адалдығын, өз еліне деген адал қызметін, құрметін көрсетеді, – деді.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы қола жүлде алған спортшыларға болашақта биік тұғырлардан көрінулеріне тілектестігін білдірді.
Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев ұлттық құраманың жаттықтырушылар құрамына, олимпиадашылардың отбасыларына және барша қазақстандықтарға қолдау білдіргені үшін, ал спортшыларға нағыз бәсекеде көрсеткен ерік-жігері мен олимпиадалық даңққа ұмтылысы үшін алғыс айтты.
Қазақстан Президенті ұлттық құраманың жетістіктері Рио-де-Жанейрода өтетін алдағы ХV жазғы Паралимпиялық ойындарға қатысатын спортшыларға рух беретінін айтып, оларға табыс пен жоғары нәтиже тіледі.
Биылғы Паралимпиадаға Қазақстаннан 10 спортшы қатысады. Олардың арасында жүзуден Роман Агалаков, Наталья Звягинцева, Әнуар Ахметов пен Зүлфия Ғабидуллина, дзюдодан Әнуар Сариев бар. Пауэрлифтерлер Гүлбану Әбдіxалықова, Раушан Қойшыбаева, Вадим Дукарт та Паралимпиада медалі үшін күш сынасады. Жеңіл атлетикада ел намысын Аман Қалқаев, садақ атудан Александр Медведев қорғайды.
Мемлекет басшысы Қазақстан құрамасының Олимпиадада көрсеткен жетістіктері спортшы-паралимпиадашыларымызға шабыт беретінін, енді бірнеше күннен кейін олар Рио-де-Жанейрода жарысты бастайтынын айтты.
– Паралимпиялық ойындар – жауапты сын. Осы сында сәтті өнер көрсетуді және жоғары нәтижелермен оралуды тілейік, – деді Президент.
Елбасы Әлемдік олимпиадалық қозғалысқа қатысқан атлеттеріміз Қазақстанның 25 жылдық белесінде көптеген жарқын жеңістерге қол жеткізгенін айтты.
– Қазақстандықтардың 2016 жылғы жеңіп алған марапаттарын қосқанда еліміздің олимпиадалық қазынасындағы медаль саны 69-ға жетті. Біздің елімізде 1992 жылдан бергі Жазғы және Қысқы Олимпиялық ойындарында жеңімпаз болған 19 Олимпиада чемпионы, 22 күміс және 28 қола медаль иегері бар. Бұл жоғары жетістіктер – мемлекеттің тұрақты қамқорлығының және спортты дамытуға жағдай жасаудың нәтижесі, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Осыдан кейін Елбасы Олимпиада чемпиондарын II дәрежелі «Барыс» орденімен марапаттады.
Елбасы қолынан жоғары награданы Олимпиада чемпиондары Данияр Елеусінов, Дмитрий Баландин мен Ниджат Раxимов алды. Сонымен бірге ол осы орденді бокстан Олимпиаданың күміс жүлдегерлері Василий Левит пен Әділбек Ниязымбетовке де тапсырды. Осы кезде салтанатты шараға жиналған халық Мемлекет басшысының шешіміне ризашылықтарын білдіріп, олимпиадашыларға орындарынан тұрып құрмет көрсетті.
«Барыс» ордені Қазақстан Республикасының мемлекеттігі мен егемендігін нығайту iciне, бейбітшілікті, қоғамның топтасуы мен Қазақстан халқының бірлігін қамтамасыз етуге, мемлекеттік, өндірістік, ғылыми, әлеуметтік-мәдени және қоғамдық қызметте, халықтар арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға, ұлттық мәдениеттерді жақындастыру мен өзара байытуға, мемлекеттер арасындағы достық қатынастарды дамытуға ciңipгeн ерекше еңбегі үшін беріледі. 1999 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен «Барыс» ордені үш дәрежелі болып бекітілді.
Кездесуде Н.Назарбаев күміс жүлдегерлер Жазира Жаппарқұл (ауыр атлетика), Елдос Сметов (дзюдо), Гүзел Манюрова (қыздар күресі) мен бокстан қола жүлдені иеленген Иван Дычкоға «Парасат» орденін табыс етті. Ал «Құрмет» орденімен қола жүлдегерлер – дзюдошы Галбадраx Отгонцэцэг, зілтеміршілер Карина Горичева, Александр Зайчиков пен Фарxат Харки, еркін күрес шеберлері Екатерина Ларионова мен Эльмира Сыздықова және боксшы Дариға Шәкімова марапатталды.
Салтанатты шарада Олимпиада чемпиондары мен жүлдегерлері сөз алып, елімізде спортты дамыту бағытында жүргізіліп жатқан саясатқа, жанкүйерлердің қолдауына ризашылығын білдірді.
Алдымен Данияр Елеусінов сөз сөйледі.
– Аса мәртебелі Елбасы! Біз Риоға аттанарда «Жеңіспен оралыңдар» деп тапсырма берген едіңіз. Сол тапсырмаңыз орындалды. Сол сенімді, үмітті ақтап шыққаныма мақтанамын. Мен тәуелсіздіктің төл құрдасымын. Жасым 25-те. Осы тәуелсіздік жылдарында еліміздің жеткен жетістіктерін айтып жеткізу мүмкін емес. Біз, Тәуелсіздіктің перзенттері, әрқашан сіздің сеніміңізден шығуға тырысамыз. Мен білемін, көбіңіз түн ұйқыларыңызды төрт бөліп, Рио-де-Жанейрода жүрген біздерге жанкүйер болдыңыздар. Осы қолдауларыңызға алғыс айтамыз, ардақ тұтамыз. Барлықтарыңызға раxмет! – деді.
Ал елімізде тұңғыш рет су спортынан Олимпиаданың алтын медалін жеңіп алған Дмитрий Баландин де Мемлекет басшысының спортты дамытып, жарыс жолында жүрген отандастарымызды қолдап-қолпаштап жатқанына мың да бір алғыс айтты. Одан кейін ол жанкүйерлерге алғысын білдірді.
– Қолпаштап, демеп жүрген сіздерге ризамыз! Біз Олимпиадада соның бәрін сезініп жүрдік. Сіздердің қолдауларыңыз болмаса, біз Олимп шыңын бағындыра алмас та едік. Сол үшін үлкен раxмет! – деп сөзін аяқтады ол.
Келесі болып сөз алған ауыр атлет Ниджат Рахимов, Жазира Жаппарқұл мен күрес шебері Гүзел Манюрова да мемлекетке, жанкүйерлерге алғысын жеткізді.
– Аса құрметті Елбасы, – деп бастады сөзін Жазира. – Ақордада берген ақ батаңызбен Олимпиададан жүлделі оралып отырмын. Сізге ел алдында жүлде аламын деп серт берген едім. Сол сенімді ақтап шықтым. Бұл жүлдеге жанкүйерлердің қолдауының арқасында жеттім. Жанкүйерлерге алғысымыз шексіз.
Ал Гүзел Манюрова болса толқып, тебіреніп сөз сөйледі. Ол елімізге Елбасының қолдауының арқасында Олимпиялық ойындарға тағы бір мәрте қатысуға және елімізге медаль алып беруге мүмкіндік алғанын айтты.
– Бұл – ұмытылмас сәт. Мен өзімнің Президентіме, еліме деген мақтанышымды әлі де болса жасыра алмай жүрмін. Біз Қазақстанның әлемдегі спорттық держава екенін тағы бір мәрте дәлелдедік деп санаймын, – деді өз ойын айтқан күміс жүлдегер.
Шараның соңында Президент Н.Назарбаев барша қазақстандықтарды Олимпиададағы жеңіспен құттықтап, әлемдік спорт биігінде жаңа табыстарға жетуге тілектестігін білдірді. Осы кезде залда бір кішкентай баланың жылаған дауысы естілген еді. Соны байқаған Елбасы залға қарата: «Бұл бала да болашақта Олимпиада чемпионы болады. Соған жеткізсін», деді. Залдағы қалың ел де Елбасы сөзін жақсы ырымға балағаны анық.
2000 жылы Сидней Олимпиадасының чемпионы болған Бекзат Саттарханов та 1980 жылы Серік Қонақбаев ағасы Олимпиаданың күміс жүлдегері атанғанда
бесікте жылаған екен. Анасы мұны сол кезде жақсылыққа жорығанын айтқан. Елбасының салтанатты шарадағы сөзіне біз де қосылып, болашақта баланың Олимпиада чемпионы болуына тілектестік білдірдік.
Кездесуде Президент олимпиадалық жеңіске үлес қосқан әрбір спортшыға, жаттықтырушылар құрамына, спортшылардың туыстарына танытқан ерік-жігерлері үшін алғыс айтты.
Осы ретте ол шараға қатысушыларға спорттық жетістіктерді еселей түсу тілегін жеткізді. «Олимпиада чемпионы үнемі жаттығуы керек, себебі, келесі Олимпиадаға дейін ешкім де бір орында тұрмайды, яғни, баршасы дайындықтарын жалғастырады», деді. Осыған байланысты Нұрсұлтан Әбішұлы Олимпиада чемпиондары мен жүлдегерлеріне өздері туып-өскен жерлерінде де сый-құрметтің көрсетілетінін, дегенмен, осы атақ, құрметке масаттанбай, белдерін буып, алдағы жарыстарға дайындалып жүру керектігін айтты.
Кездеудің соңында Олимпиада чемпионы Д.Елеусінов Елбасына Мемлекеттік Туды табыс етті.
Бақтияр ТАЙЖАН,
Дастан КЕНЖАЛИН,
«Егемен Қазақстан»
Суреттер Президенттің баспасөз
қызметінен алынды