Талдықорғанда «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында «ХХІ ғасыр кітапханасы: жастар стратегиясы» тақырыбында республикалық жас кітапханашылар форумы өтті. Сөйтіп еліміздегі ең алғашқы кітапхана туризмі Жетісу жерінде басталды. Форумды Алматы облысы әкімінің орынбасары Бақтияр Өнербаев ашып, жүргізіп отырды. Заман ағымына орай дамыған өркениетті елдер қатарынан орын алу үшін жасалып жатқан бұл қадамның бір мақсаты кітап әлемі мен интернеттегі әлеуметтік желілердің арасында жақсы байланыс қалыптастыру болып табылады. Ортақ мүддеге орай ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының басшысы, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Үмітхан Мұңалбаева, белгілі философ ғалым Ғарифолла Есім, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Несіпбек Айтұлы, жазушы-ғалым Тұрсын Жұртбай және кітапхана саласының мамандары соқталы ой, құнды пікір қосты. Негізі зиялы қауым өкілдері қасиетті нәрсе қарапайым болатындығын, адамға ілім сәулесін түсіру кітаптан басталатындықтан кітапхананы қолдау қоғамды дамыту екендігін баса айтты.
Бүгінде республика бойынша 11300 кітапхана жұмыс істейді. Оған 4 млн 782 оқырман барып, рухани қажеттілігін өтесе, әлеуметтік желі фейсбукте кітапхана достары саны 1686. Әрине аз. Бірақ күн санап өсіп келе жатқаны қуантады.
Сонымен Талдықорғанда басталған кітапхана туризмі облыстағы аудандар мен қалаларда жалғасты.
Нұрбол ӘЛДІБАЕВ,
«Егемен Қазақстан»
ТАЛДЫҚОРҒАН