2 қазан күні Алматыда қазақ күресінен «Еуразия барысы» турнирі өтеді. Бұл туралы Универсиаданы дайындау мен өткізу жөніндегі ұйымдастыру
комитеті хабарлады.
Биылғы турнирді Алматыда жаңадан салынған «Алматы Арена» спорт кешенінде өткізу жоспарланып отыр. Турнир еліміз тәуелсіздігінің 25 жылдығы мен қаланың 1000 жылдығына арналады. Оған 8 елден 130 балуан қатысады. Ол тікелей трансляцияда KаzSport және «Боец» арналарынан көрсетіледі.
«8 елдің ең мықты балуандары «Еуразия барысы» атану үшін сайысқа түседі. Алматы қаласының өзінің 1000 жылдық тойында осындай мәртебелі жарысты өткізетініне қуаныштымыз. Бұл «Алматы Аренада» өтетін ең бірінші халықаралық турнир болады», деді қалалық қазақ күресі федерациясының вице-президенті Мақсат Қиқымов.
«Еуразия барысын» аталған спорт кешенінің әлеуетін байқап көру үшін де өткізіледі. Өйткені, онда 2017 жылдың қаңтар мен ақпан айларында қысқы Универсиада ойындарының ашылу және жабылу салтанаты мен мәнерлеп сырғанау және керлингтен сайыстар өтеді.
Сондай-ақ, қыркүйек айынан бастап, «Алматы Аренада» қазақ күресімен айналысуға арналған зал ашылады деп жоспарланған. Онда күн сайын, күрестен күндізгі және кешкі жаттығулар өткізіледі.
«Еуразия барысы» турнирі өтетін «Алматы Арена» спорт кешені 12 мың адамға арналған.
Дастан КЕНЖАЛИН