1 қыркүйектен бастап «Егемен Қазақстан» республикалық газетінің Астанадағы таралымы толығымен түрлі-түсті бояумен шығады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі мәлім етті.
Оның айтуынша, басылымның басқа өңірлердегі таралымы түрлі-түсті бояуға жергілікті полиграфия кәсіпорындарының мүмкіндіктеріне қарай жаңа жылдан бастап көшеді.
«Біз келешекте еуропалық стандарттағы А2- форматына көшу мүмкіндігін де қарастырып жатырмыз. Егер бұл форматқа көшсек, газетті көліктегі, ұшақтағы жолаушылардың оқуына өте қолайлы болар еді деп ойлаймыз», – деді Д.Қыдырәлі.
Сонымен қатар, «Егемен Қазақстан» газетінің шетелдердегі арнаулы тілшілер қосынын ашу да жоспарланып отыр. Басқарма төрағасы қазір бұл бағытта жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті. «Бірінші кезекте алыс-жақын шетелдер, соның ішінде Қазақстанмен маңызды стратегиялық серіктес елдер назарға алынбақ», – деді ол.
Айдар ӨРІСБАЕВ