• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
01 Қыркүйек, 2016

Ажалға аттанғандар

876 рет
көрсетілді

Осыдан 95 жыл бұрын Жетісудағы шағын қала Жаркентте Бүкілодақтық маңызы бар мемлекеттік операция ойластырылып, жүзеге асты. Ол шекараның арғы бетіне амалдап өтіп, артынша бергі жақтағы бейбіт өмірге енді кіріскен елге зор қауіп төндірген ақ гвардияшылар генералы, атаман Александр Дутовтың көзін жою жөніндегі әрекет еді. Оған қатысқан жерлестеріміз жөнінде шындық толық айтылып бітті ме? Жоқ. Зерттеушілер көбінесе ВЧК-ның* 1920 жылғы күз, қыс айларындағы аталмыш операцияға арналған дайындық жұмыстарын айтумен, 1921 жылғы 6 ақпандағы Қытайдың Сүйдін қамалындағы болған оқиғаны баяндаумен, содан соң оған қатысқандарды Ташкентке апарып марапаттағандығын сөз етумен шектеледі де қояды. Ал одан кейін ше? Ажал аузына аттанып, аман келгендердің 1929-1937 жылдардағы тағдыры қалай болды? Олардан ұрпақ қалды ма? Қайда тұрады? Туған-туысқандарының қолдарындағы құжаттар не дейді? «Атаманның ақыры» фильмінің түсірілу тарихы ше? Ол қалай өмірге келді? Білген адамға оған қатысқан актерлер естеліктерінің де айтары аз емес. Осы және одан басқа да оқиғаларды төмендегі мақалада қадери-халімізше айтуға күш салдық, құрметті оқырман! Оқыңыздар, келтірілген деректерге назар аударып, хабардар болыңыздар демекпіз біз сіздерге. Сонымен... 1. Атаман Біз сөз еткелі отырған адам­ның ата-бабалары байырғы самара­лық казак әскерилерінің отбасы­нан тарайды. Әкесі – патша әс­керінің Орта Азияны жаулап алу­дағы Түркістан жорығына қатыс­қ­ан офицер Илья Петрович Дутов. Ал шешесі – Орынбор губе­р­ния­­сын­дағы урядниктің қызы Ели­завета Николаевна Ускова. Бұ­лар­­­дың баласы, яғни, өзіміз әңгі­меле­мек болып отырған Алек­сандр Ильич Дутов қазақ жерін­де, атап айтқанда сол кездегі Сыр­дария облысының Қазалы кентінде жорық үстінде дүниеге келген. Балалық шағы Ферғана, Орынбор, Санкт-Петербургте өткен. Александр Дутов 1897 жылы Орынбордағы Неплюев кадет корпусын, 1899 жылы сондағы атты әскер мектебін аяқтаған соң хорунжий шенін алады. Сөйтіп Харьков қала­сында орналасқан 1-ші Орын­бор казак полкіне жіберіледі. 1903 жылы Санкт-Петербургтегі Ни­ко­лаев инженерлік мектебі жа­нын­­­дағы курсты тәмамдап, Бас штаб академиясына оқуға түседі. 1905 жылы ол өзі сұранып Қиыр Шы­­­ғы­ста жүріп жатқан орыс-жапон соғысына аттанады. Онда 2-ші Маньчжурия әскері армиясы құрамында шай­қасып, ұрыстағы «жанқиярлық ер­лігі және ерекше еңбегі» үшін үшін­ші дәрежелі Әулие Станислав ор­дені­мен марапатталады. Соғыс бітіп, Санкт-Петербургке оралған соң Бас штаб академиясындағы оқуын жалғас­тырып, оны 1908 жылы штабс-капитан шенімен аяқтайды. 1909 жылдан 1912 жылға дейін Александр Дутов Орынбордағы казак юнкерлік мектебінде ұстаздық етеді. Осы әскери оқу орны қабыр­ғасында жас курсанттарға көрсет­кен қамқорлығы арқасында ол юн­кер­лердің ыстық ықыласы мен құр­метіне бөленеді. Мәселен оның сол кездегі шәкірттерінің бірі, кейін жазу­шы К.Седыхтың «Даурия» романына бас кейіпкер болған, 1918-1920 жылдары Забайкалье казак әскерлерінің атаманы дәрежесіне көтерілген Г.Семенов еді. Осы жер­­де сөз ретіне қарай мына дерек­­ті де айта кетейік. Александр Дутов Орынбордағы өмірінің біз сөз етіп отырған кезеңінде сол кез­дегі под­полковник дәрежесіне тең қосын старшинасы шеніне жоғары­латы­лып, үшінші дәрежелі Әулие Елена орденімен марапаттала­ды. Және осы қалада 1907 жылы Ольга, 1909 жылы Надежда, ал 1912 жылы Мария есімді қыздары дүниеге келе­ді. Кенжесі Елизавета бірінші дүние­жүзі­лік соғыс жүріп жатқан 1914 жылы туған. Атаманның Олег есім­ді ұлы болған дейді. Алайда оның қашан, қайда туғаны жөнінде құжаттар жоқ. 1914 жылы бірінші дүние­жүзілік соғыс басталғанда Алек­сандр Дутов өзі сұранып майданға аттанады. Алғы шептегі 10-атты әскер дивизия­сы құрамындағы 1-Орынбор казак полкі қатарында шайқасады. Онда ол Оңтүстік-Батыс майданында генерал А.А.Бру­силов қолбасшылық еткен әскери қимылдардың бел ортасында болады. Сол ұрыстар барысында біздің кейіпкеріміз қызмет еткен 9-орыс армиясы Днестр және Прут өзендері аралығындағы плацдармды ұстап тұрған 7-австриялық-венгрлік армияны талқандайды. Осы шайқаста Александр Дутов екі рет жараланады. Соңғы жарасы өте ауыр еді. Алайда, Орынборда екі ай емделісімен полкке қайтып оралады. Көп кешікпей князь Спиридон Бартеневпен қатар 1-Орынбор казак полкінің тең дәрежедегі тете басшысы болып тағайындалады. Сол кездері оған берген мінездемесінде граф Ф.Келлер: «Әскери қосын стар­шинасы Дутовтың полкі қатыс­қан Румыния жеріндегі соң­ғы шайқастарды өте күрделі деп си­паттауға болады. Сонда ол өзін қалып­тасқан жағдайды білік­тілік­пен бағалап, батыл шешім қабыл­дай алатын офицер ретінде танытты. Осы себепті де мен оны ерекше қабілетке ие, полктің тамаша басшысы деп есептеймін», – деп жазған. 1917 жылдың ақпанында Александр Дутов жоғарыдағыдай жауынгерлік қызметі үшін екінші және үшінші дәрежелі Әулие Анна ордендерімен марапатталады. 1917 жылғы ақпан төңкерісі бұрын аты онша шыға қоймаған казак штабс-офицерінің бірсарынды өмірін түбегейлі өзгертіп жібереді. Оған әсер еткен 1917 жылдың нау­рызында Уақытша үкіметтің бас министрі Г.Е.Львовтың Петро­град­та казактардың бірінші жалпы құрыл­тайын өткізуге рұқсат берген пәрмені еді. Әскери қосын старшинасы Александр Дутов міне, осыған байланысты өз полкі­нің өкілі ретінде Ресей астанасына келеді. Сол кезден бастап 38 жастағы сақа офицердің өмірі түбегейлі өзгереді. Ол саяси оқиға­ларға белсенділікпен араласа жү­ріп, айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізеді. Ақыры 1917 жылдың кү­зін­дегі жиында жасырын дауыспен Орынбор казактарының әскери атаманы болып сайланады. Қазан төңкерісін Александр Дутов еш мойындамады. Сөйтіп ол алғашқы күндерден-ақ большевиктерге қарсы күрес туын көтереді. 1917 жылдың 25 қазанында атаман өзіне бағынышты әскер қосынына арнал­ған №816 жарлыққа қол қо­йып, большевиктердің Петро­град­та өкіметті күшпен басып алуын мо­йын­дамауға шақырады. Сөй­тіп ол Түркістан мен Сібір арасын жал­ғап тұрған стратегиялық маңы­зы зор Орынбор аймағын өз қолына алады. 1918 жылдың күзінде Орал мен Сібір темір жолы бойындағы көтеріліске шыққан чехословак тұтқындар корпусына сүйенген Алек­сандр Дутов Колчакты қол­дау­ға белсене кіріседі. Сөйтіп, Ақ­төбе бағытындағы шабуылға шыға­ды. Мақсат – Ташкентке қарай тоқ­тау­­сыз жылжу еді. Алайда, оның бұл жорықта жолы болмайды. 29 қазан­да ақтар қолындағы Бузулук құ­лай­ды да, 15 қарашада қызылдар Орынборды шабуылдауға көшеді. Атаман осы ауыр кезең туралы былай деп еске алады: «Бізге қарсы Гай басқаратын «құрыш дивизия» аталып кеткен большевиктердің ең таңдаулы әскери күштері­нің бірі атой салды. Олар жақсы қаруланған және де тәртібі де темірдей қатты құрылым болатын. Қиын жағдайға тап болдық. Бірақ менің жігерім бір сәтке те жасыған жоқ». 1919 жылдың сәуірінен бас­тап Александр Дутов ресми түрде Орынбор казак әскери армиясының қолбасшысы бола тұрып әскери басшылық тізгінін көмекшілеріне тапсырады да өзі Омбыға барып саяси өмірге араласып кетеді. Сібір билеушісі Колчактан генерал-лейтенант шенін алып, бар­лық казак әскерінің жорықтағы ата­маны етіп тағайындалған ол жер­гілікті жердегі жасақтардың жай-күйін тексеру үшін Қиыр Шығыс­қа аттанады. Сол жақта партизан қоз­ғалысына қарсы күреске жетек­шілік етіп, Сібір жоғарғы үкі­мет билігімен және Жапониямен ың­ғай­лас саясат ұстанған Семенов, Кал­мыков, Гамов сияқты атаман­дармен қарым-қатынас орнатады. Олар жоғарғы билеуші Колчак­қа адалдығын көрсетуге тырыс­қаны­мен, іс жүзінде шығыс майданы­на бір де бір әскери құрама жібермейді. 1919 жылдың күзінде Колчак дивизияларын талқандаған Қызыл армия шешуші шайқасқа көшеді. Осы кезде Александр Дутов Орынбор казак әскерилерінің қолбасшысы болып қайтадан тағайындалады. Бұл қалың қол Көкшетау мен Ат­басар­­дан Жетісуға шегінуге мәж­бүр болған аса қиын кезең еді. Жасақ ашық аспан астында аш-жалаңаш күн кеше отырып, жұтаң, елсіз мекендерді артқа тастап шегінумен болады. Обоздағы жүк тартуға шамасы келмеген жылқы, түйені пышаққа жығып, азық етеді. Тұрғылықты халықтың жем-шөбін, киім-кешегі мен көлік-сайманын күшпен тартып алады. Алайда мыңдаған адам тобырына бұл жұқ болмайды. Суық пен аштықтан қырылғандардың саны күн санап өсе түседі. Жұқпалы ауру – сүзек пайда болады. Жетісуға арып-ашып, әбден сілік­песі шығып жеткен дутов­шы­ларға осы өңірге ертерек келіп, біршама жайлы тұрмыс кешіп жатқан атаман Борис Анненков әскерлері жылы қабақ таныта қой­майды. Араларында өзара дұш­пан­дық ерегіс басталады. Кей жағдайларда олардың дау-дамайы қарулы қақтығысқа да ұласып отырады. Мұны көріп, берекесіздіктен әбден түңілген Александр Дутов 1920 жылдың наурызында өзінің серіктерімен бірге Жетісуді тас­тап, Сар­қанның 5800 метр биік­тігін­дегі мұз құрсанған Қарасырық асуы арқылы Қытайға өтуге мәж­бүр болады. Осылайша Алатау асқан орынборлықтар Шыңжаң жеріндегі ағып жатқан Боратола өзеніне жетеді. Бұл Дампань деген әкімшілік аймағының жері еді. Босқындар міне, соған жақын жерден қос құрып орналасып, бір айға жуық дамыл табады. Олар осы жерде естерін жиып жатқанда солдаттар Кеңес үкіметі шет елдерге қашқан ақтарға кеші­рім жариялапты деген сөзді естиді. Артынан бұл хабар расталады. Жасақ қосынына келген Дампань уезінің бастығы атаманға кеңес­тік Ресей үкіметі одан Қытай Түркі­ста­ны жеріне өткен қаш­қын­дардың бәріне кешірім жасалғанын ресми түрде хабарлауды сұрағанын мәлім­дейді. Мұны өкілдің өз аузынан естіп, содан соң біраз күн ой­ла­нып-толғанған Александр Дутов мына­дай жарлық шығарады: «Елге орал­ғысы келетіндерге менің тара­пымнан ешқандай қарсылық бол­майды. Өйткені Отанымызға өз еркімізбен, ар-намысымызды жоғалт­пай оралатын сәттің қашан келе­тінін айту қиын. Мұндай жағдай жыл өте не болмаса екі жылдан соң, тіпті ондаған жылдардан кейін ғана тууы мүмкін. Отанына қайтқысы келе­тін, бұдан әріге күш-жігері тау­сылып, қиындықтан қажыған адам­дар тізімге жазылуына болады. Жасақ­тағы офицер мырзаларға айтарым, олар тарапынан ешқандай үгіт-насихат жүргізілмеуі тиіс. Осы­ны қатаң ескертемін. Әркім өз тағ­дырын өзі шешсін. Мен еш­қандай уәде бермеймін және бере алмаймын да. Өйткені менде қаржы жоқ. Осындағы әрбір казак өз тіршілігіне қажеттіні өз еңбегімен тапсын». Кеңес жеріне қайтуға 240 адам тілек білдіреді. 1920 жылдың 6 мамы­­рында жасақ еліне қайтатын жол­­дастарымен қоштасу үшін сапқа тұра­ды. Құдай Ана Табын­ская киелі иконасының алдында мінәжат жасалады. Кететіндермен қоштасып тұрып атаман оларға: «Елге оралған соң сатқындық жасамаңдар, жеке бастарыңның мүддесі үшін мұн­дағы бауыр­ларыңды кінәлап, олар­дың туыстарын қиын жағдайға қал­дыр­маңдар», – деп кеңес береді. 2.Қамал Қытай жағына Александр Дутов­­пен бірге ілесіп өткендердің қатарында Жетісу казактары әс­кері­нің атаманы, генерал-майор Николай Щербаков та бар еді. Оның отряды да үлкен машақатпен асуы қиын Қарасырықтан өтіп, Бора­тола өзенінің аңғарына шық­қанда олар­­ды қытай шеріктері ұстап, оқ­­шаулау орнына әкетеді. Көп кешік­­­пей бәрінің тұратын жері бе­лгі­леніп, нақтыланады. Атап айт­қанда Орынбор казактарының ата­маны Александр Дутов өзінің штабы­­мен және жеке күзет полкі­мен Сүй­дін қаласындағы бекі­ніс пен соған жақын маңдағы Маз­ар, Шипанзе қыстақтарына қо­ныс­­тан­­дырылады да, ал Николай Щер­­баков әскері Құлжа іргесіне орнығады. Осы жерде Кеңес өкіметінің тегеу­рініне шыдамаған ақ гвардия­шылардың Қытайдың Харбин жағы мен Моңғолия беті және Шың­­­жаң өлкесіне ағылуының се­бебі неде деген сұрақ туады. Зер са­лып қарасақ, 20-жылдары ка­­зак­­­тардың Забайкалье атама­ны Г.Семеновтің Шанхайға, барон Унгерннің Ургаға, Борис Аннен­ковтың Үрімшіге, ал генерал Анд­рей Бакичтің Шәуешекке барып табан тірегенін байқаймыз. Николай Щербаков пен Александр Дутовты жоғарыда айттық. Бұлар­дың алғаш­қысы Құлжаны, соңғысы Сүйдінді таңдаған. Сонда дейміз-ау... Кейінгі 20 жыл ішінде жарыққа шыққан ақ эмигранттар жарияланымдарына қарағанда мәселе мынада сияқты. 1918-1920 жылдары Үрім­шідегі, Құлжадағы және Шәуе­шектегі Ресей консулдары Алексей Дьяков, Владимир Люба және Владимир Долбежев Кеңес үкіметін мойындамай, тіпті оның тез арада құлауы үшін қолдарынан келгеннің бәрін жасауды өз парыздары деп санайды. Ал мұндай әрекеттер большевиктер мен Қытайдың Шыңжаң аймағындағы ресми мемлекеттік құрылымдар арасындағы диплома­тиялық қарым-қатынас орнатуда айтарлықтай қиындық тудырады. Мысалы, 1918 жылғы 12 наурызда Жетісудың Әскери-революция­лық комитеті Құлжадағы телеграф кеңсесінде жұмыс істейтін большевик Маньковтың нұс­қау күткен жеделхатына жауап ретінде: «Маньков жолдасқа жөн-жоба көр­сетіп, одан Қытай үкіметіне жақ­сы көршілік ниетті жеткізуді сұрау» жөнінде шешім қабылдайды. Алай­да Құлжадағы бұрынғы патша ар­мия­сының полковнигі Владимир Любаның қарсы әрекет етуінен Маньков Шыңжаңдағы жергілікті ресми өкімет орындарымен байланыс орната алмайды. 1919-1920 жылдары Түркістан майданындағы саяси басқарманың бастығы болған, кейін Жетісудағы Верный қала­сында комиссар қызметін атқарған жазушы Дмитрий Фурманов өзі­нің «Бүліншілік» атты деректі кітабында Владимир Любаны былай деп сипаттайды: «Сол кезде Құл­жа­да патша заманынан қалған бір кәрі орыс консулы отырды. Ол бай­ғұс қайда барсын? Сол Құл­жа­дан шыға алмады. Оның үстіне жа­ңа Ресей мүддесіне қызмет ету­дің ор­нына оған дұшпандық таныт­ты. Демек, ол оңбағанның қар­жы­сы да бол­ғаны ғой. Ал ақшамен бар­лық істі тындыруға болады. Осы ақ­­ша­ға ол кәрі қақпас казактарды да ұстады, оларға көмектесіп, Жеті­су­ға соққы беруге де дайындады...». Ол қандай қаржы еді? Дмитрий Фурманов нені тұспалдап отыр? Осы сұрақтарға жауап беру үшін жазушы Вадим Обухов­тың «Жоғалған жерұйық» кіта­­бындағы мына дерек­тер­ге үңілейік. Шыңжаңдағы бұ­рын­­ғы орыс дипломатиялық қыз­метінің, Қытайдың басқа ай­мақ­­тарындағыдай, өз мақсатына жұмсау үшін Ресей-Азия банкінен қарызға алынған ірі көлемдегі қар­жысы болған. 1910 жылы құрыл­ған, Қазан төңкерісіне дейін акционерлік капиталы бұрын-соңды болмаған 50 мил­лион рубль көлеміне дейін ұл­ғайып, Ресей мен шет елдерде орналасқан 175 бөлімшеден тұра­тын, кең тамыр жайған бұл банк акцияларының төрттен үші Францияда жатқан еді. 1914 жылға қарай банк негізгі активтерінің, вексельдік және тауарға негіздел­ген несиелерінің, салым ақша мен ағымдағы есепшоттағы қар­жы көлемі жағынан Ресейдегі акцио­нер­лік коммерциялық банк­тер ара­сында бірінші орынды иеленген. 1917 жылы большевиктер бар­лық банк жүйесін мемлекет меншігіне көшіргенімен, біз сөз етіп отырған құрылымның шет елдердегі бөлімшелері салым ақша және қаржы ағымдары бойынша жұмыстарын біраз уақытқа дейін бұрынғыдай жалғастыра бер­ді. Үрімшідегі Ресей-Азия бан­кі директорының қызметін төң­керіске дейін А.Суворов деген кісі атқаратын. Азамат соғы­сы жыл­дарында да ол осы орны­нан мыз­ғымады. Патшалық Ресей консулдарының және Шыңжаң­дағы ақ гвардияшылардың іс-қи­мыл­дарына қаржылық қолдау көр­сет­кен міне, нақ осы адам еді. Шыңжаңдағы консул­дық­тармен тізе қоса әрекет жасаған ақ гвардияшылар өздеріне керек әскер бөлімдерін жабдықтау және оларды адамдармен, оның ішінде Қытай азаматтарымен толық­тыру, құпия да жедел ақпа­раттар алу сияқты санқилы мәселелерді ақша арқылы шешуде айтарлықтай табысқа жетіп, тастары өрге домалайды. Ресей дипломаттары ақ гвардияшылар жасақтарын құрып және оларға елеулі қаржылық көмек берумен, ақ эмигранттар жетекшілерінің шет елдердегі басқа ұйымдар­мен байланысын қамтамасыз етумен ғана шектелмей, орыс диаспораларының өз ішіндегі және қытай өкімет орындарымен арадағы дау-дамайды реттеуде де дәнекерлік және бейтарап қазылық жасап отырды. Мұндай ашық көрініс әсіресе атаман А.Дутов пен генерал Н.Щербаковты қанатының ас­ты­на алып паналатқан, жазушы Д.Фурманов жоғарыдағы өз романында сөз еткен патшалық Ресей­дің Құлжадағы бұрынғы консулы В.Любаның іс-әрекетінен анық байқалады. Ол ақтардың қос генералына жағдай жасау үшін Шыңжаңның сол өңірге әмірі жүре­тін генерал-губернаторының аузын майлап, бетін бері қаратады. Оған ақ эмигрант Анатолий Воробчук-Загорскийдің жазып қалдырған мына естелігі бұлжытпас дәлел бола алады: «Бақытымызға қарай Шың­жаң генерал-губернаторы Ян Цзяньсин ақтардың досы, боль­шевиктердің қас жауы болып шықты. Консул В.Любамен пікірлесе отырып, ол осы жерге тұрақтаған казак орыстарға жылы қарап, жергілікті өкімет орындарына олардың әрқайсысына күніне екі қадақтан (бір қадақ 443 грамға тең) ұн, сондай мөлшерде ас әзірлеу мен үй жылытуға қажет тас көмір босатып отыруға нұсқау берді». Мамыр айында бұл билік иесінің атаман Александр Дутовтың жаса­ғына Сүйдін қаласында тұрақтауға рұқсат бергенін біз жоғарыда айт­тық. Сүйдін кеңестік Қазақстан шекарасынан 52 шақырым жерде, осы елден Құлжаға баратын күре жолдың бойында орналасқан қала-тын. Және мұнда консулдардың күзетшілері үшін салынған 200 адамдық казармалар бар еді. Шекарадан өткен жасақ 1000 адамдай болғандықтан, казактардың біраз бөлігі Сүйдін бекінісіне және өз қолдарымен қамал іргесіндегі беткейге қазып сал­ған жер үйлерге орналасты. Тек 1-Орынбор полкі ғана Сүйдін қала­сынан 40 ша­­қы­рым жердегі Душе­гур қыстағын­да болды. Бұлар­дың бәрі қы­тай өкімет орындары­нан жоға­ры­­да­ғы­дай мөлшерде көмек алып тұрды. Айта кетейік, эмиграцияның мұндағы алғашқы кезеңінде большевиктермен қарулы күресті қай­та бастау деген бұрынғы ақ гвар­дияшылардың көпшілігінің ойына да келмеген нәрсе еді. Олар үшін ең маңыздысы тірі қалу, тырбанып өмір сүріп, нәпақа табу болатын. Орынбор әскері автомобиль бөлімінің бұрынғы басшысы Сергей Хитун өзінің жазып қалдырған күнделігінде сол кезді былай деп еске алады: «Шыңжаң уәлаятының губернаторы біздің басшымыз Бакичпен келісе отырып, орыстарды екі ай бойы азық-түлікпен қамтамасыз етуге уәде берді. Қуаныштысы, арамыздағы кейбір пысық «кәсіпкерлер» бұл мерзімнің аяқталуын күтпестен өз нандарын өздері тауып жеуге кірісіп кетті. Орынборлықтардың арасында біреуі елден кинофильм таспаларын алып шыққан екен. Бұрынғы жарық қуатын беру рота­сының жауынгерлері қос доң­ға­лақ­ты арбаның үстіне электр моторын орнатты да, менің механик жігіттерім­нің көмегімен кино көрсете бастады. Мотордың айналма белдігі үзіле берді. Бірақ америкалық ковбойлар туралы киноның жергілікті қазақтар мен ұйғырларға ұнағаны соншалық, олар резеңке белдік қайта тігіліп, жалғанғанша шыдамдылықпен күтіп отыратын. Жергілікті базарда көбінесе айырбас сауда жүретін еді. Брикет түрін­дегі, яғни нығыздалып қаты­рыл­ған кірпіш шай кез келген ақша­дан да өтімді болды. Мен қытай­лық қысқа етікті американ әскери шинелінің белдігінен тарқа­ты­лып алынған бір үлкен шумақ жасыл жіпке айырбастап алдым. Бұрынғы офицерлердің біразы базарда жайма сөрелер жасап алып, қытайлар мен ұйғырларға қосыла сауда жасауға кірісті. Олардың сөрелерінен фотоаппараттар да, қол сағаттары мен дүрбілер де, бесатар мылтық және темір шәугім, әскери киімдер де көптеп табылатын. Бұл зат­тар­дың бәрін де жергілікті ха­лық қуана сатып алатындықтан орын­­бор­лықтардың саудасы қызып тұрды. Әлі есімде, бірде балалайка оркестрі құрылып, ол губернатор үйінің ішкі ауласында ойын-сауық көрсетуге шақырылды. Өңір басшысы аудармашы арқылы өнер көрсетушілерден «ең жақсы орыс әнін» орындауды өтінді. Оркестр жақында ғана құрылғандықтан оның репертуары жұтаң еді. Сондықтан балалайкашылар «Ай сәулесі төгіліп...» әнін орындау­ға ұйғарды. Қытайлықтар әнді ұйып тыңдады. Әнші оркестрдің с­үйе­мелдеуімен жоғары дауыс­ты пикколоны аяқтап, жылдам ыр­ғақ­ты стаккатоны жорғалата жөнел­г­енде бәрі де, тіпті губерна­тордың өзі де дуылдата қол соқты. Балалайкашылардың әрқайсысына қытай доллары және түрлі-түсті қағаздан істеліп, ішіне өрік тол­тырылған сый дорба берілді». Өмір осылай қалпына келіп, қайта жандана бастады. Ал ақ гвар­­дияшы генералдар мен офи­цер­лердің түпкі ойы, көзде­ген мақсат-мүддесі қандай еді? Олар­дың шекараның арғы бетіндегі жеңі­ліс­тен рухы бәсеңсіп, күйзел­ген әскери бөлімдерінде уақыт өте ұйым­шылдық пен тәртіп қай­та орныға бастады. Осыны бас­қа­ларынан бұ­рын сезген Александр Дутов 1920 жыл­дың 12 тамызында Шыңжаң ай­ма­ғындағы большевиктерге қар­сы күштерді өз басқаруындағы Орын­бор әскерімен біріктіру туралы №141 бұйрық шығарды. Жағдайды ой таразысына салып қарағанда мұндай пәрмен қажет те еді. Бірақ генерал-лейтенант көпе-көрінеу өз өкілеттігін асыра пайдаланып, сол­түстік-батыс Қытайға өткен ақ­тар жасақ­тарының қолбасшылары бір-бірі­нен тәуелсіз әскербасылар ғана емес, көп жағдайда бір-біріне тең ге­нералдар екенін ескермеді. Вадим Обуховтың «Жоғалған жер­ұйық» кітабындағы деректерге қара­ғанда генерал-майор шеніндегі Сібір казактары әскерінің атаманы Борис Анненков және Жетісу казак­тарының атаманы Николай Щер­баков өздерімен дәрежесі тең Орын­бор казактары атаманының құзы­ры­на мойын ұсынудан мүлдем бас тар­­тады. Генерал-майор Ни­колай Щер­­баков жоғарыдағы бұйрық­ты оқы­ғанда тіпті Орынбор ата­ма­нын жекпе-жекке шақыруға дейін бар­ған. Бұған оның қытығына тиер сөз­дер айтқаны себеп болған сияқты. Өзі­нің бұйрықтарында генерал-лейте­нант Жетісу атаманын «өте қатал, халық­тың көңіл-күйін қаперге де алғы­сы келмейтін өктем адам және шаруа­­­лардың жауы» деп сипаттайды. Алек­сандр Дутовтың берген ақпа­рына сүйеніп, қытай өкімет орындары Ни­ко­лай Щербаковты бірнеше күн­ге қа­мау­ға алады. Осылайша жағ­дай жек­пе-жекке шығатындай ушық­паса да бір бұйрықтың кесірінен атаман­­дар арасына араздық сынасы қағы­лады. Жанболат АУПБАЕВ, «Егемен Қазақстан»  (Жалғасы бар)