Кеше Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің төрағалық етуімен Парламенттің екінші сессиясы ашылғаннан бергі алғашқы жалпы отырысы болды. Ол Мәжілістің парламенттік сайтында (www.parlam.kz), сондай-ақ Bnews.kz және Tengrinews.kz. ақпараттық агенттіктерінде алғаш рет тікелей көрсетілді.
Жалпы отырыстың күн тәртібіне 10 мәселе шығарылған екен, соның төртеуі Мәжіліс жұмысын жетілдіре түсу мен ұйымдастыру шараларына арналды. Алдымен Мәжіліс Төрағасының орынбасары Гүлмира Исимбаева 8 депутаттың өз өтініштері бойынша тұрақты комитеттердің бірінен екіншісіне ауысуы туралы өтініштер бергенін баяндады. Алтыншы шақырылымның алғашқы сессиясынан кейін кейбір депутаттар өздеріне оң жамбасқа келетін мәселелермен айналысуды қалап, осындай өтініш түсірген екен. Жалпы отырыс арнайы қаулымен оларды қалаған комитеттеріне ауыстырды.
Өткен сессияның соңына қарай Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы, мемлекеттік тілде таза сөйлейтін павлодарлық Роман Скляр Президенттің Жарлығымен Ұлттық экономика вице-министрі қызметіне ауысқан болатын. Комитет төрағасының бос тұрған лауазымына палата депутаттары байырғы депутат, қаржы және бюджет саласының білгірі Нұртай Сабильяновты сайлады. Мәжіліс Төрағасы Н.Нығматулин оның көп жылдар бойы Мәжілісте белсенді қызмет атқарып келе жатқанын атап өтіп, жаңа қызметінде табыс тіледі.
Сонымен қатар, палата депутаттары Мәжіліс Регламентіне толықтырулар енгізу туралы мәселені қарап, оны жаңа нормалармен толықтырды. Соның ішінде жарыссөз тоқтатылған кезде, саяси партия фракциясының, депутаттық топтың атынан сөз сөйлеу талап етілген жағдайда, депутатқа міндетті түрде сөз беру нормасы енгізілді. Бұл депутаттар мен депутаттық бірлестіктердің рөлін күшейтумен қатар, Мәжіліс жұмысының ашықтығы мен жариялылығын толықтай қамтамасыз етуге тың серпін бермек деп бағаланып отыр.
Регламентке жаңа нормалар енгізу туралы бастама көтерген Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулинге «Ақ жол» фракциясының төрағасы, депутат Азат Перуашев өзінің ризашылығын айта келіп, енгізілген өзгеріс дамыған демократиялық жолға түскен елдердің парламенттік тәжірибесіне сәйкес екендігін атап өтті.
Сондай-ақ, палата депутаттары екінші сессияға арналған Негізгі іс-шаралар жоспары туралы қаулыны да бекітті. Сессия жұмысының шеңберінде екі парламенттік тыңдау, комитеттердің 15 көшпелі отырысы ұйымдастырылады екен.
Отырыстардың 14-і өңірлерде өтіп, 12 облысты қамтиды. Сондай-ақ, жоспарда 7 Үкімет сағаты, 4 конференция, 20 дөңгелек үстел өткізу белгіленген.
Күн тәртібінде қаралған мәселелердің арасында экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл бойынша және жергілікті өзін өзі басқаруды дамытуға бағытталған аса маңызды заң жобалары арнайы қаулымен жұмысқа қабылданды.
Депутаттардың талқысына түсіп ұзақ қаралған: «1994 жылғы 15 сәуірдегі Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне, басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарына қатысушыларға, қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына арналған жеңілдіктер мен кепілдіктерді өзара тану туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы болды. Соғысқа қатысушылар мен мүгедектер туралы дегенімен, бұл келісім кейінгі соғыстарға қатысушылар мен мүгедектік алған құқық қорғау саласы қызметкерлеріне де қатысты екен.
Сондықтан, ол біздің елімізде 222 мың адамды қамтып, заң жобасының шеңберінде бюджеттен бір жылда 24 млрд теңге таратылатын көрінеді. Осы хаттамаға қол қоюшы елдердің бәрінде жеңілдікті алуға тиісті адамдар бірдей құқылы деп танылғанымен, оларға көрсетілетін жәрдемақылар көлемі сол елдің ұлттық заңнамасында қарастырылған шеңберде беріледі. Келісімге өзгеріс енгізу туралы аталмыш хаттамаға 2015 жылғы 30 қазанда Душанбе қаласында қол қойылған. Бұларды заң жобасы туралы баяндама жасаған Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова хабарлады.
Депутаттар біршама анықтамалық сұрақтар берген соң заң жобасы толықтай мақұлданды. Жалпы отырыста күн тәрбіне енгізілген бірнеше ратификациялық құжаттар бойынша, атап айтқанда, Қазақстан Үкіметі мен Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік арасындағы Қазақстанда Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің Төмен байытылған уран банкін құру, Қазақстан Үкіметі мен Біріккен Ұлттар Ұйымының Білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі ұйымы (ЮНЕСКО) арасындағы Қазақстанда Орталық Азия өңірлік гляциологиялық орталығын құру (2-санат) туралы келісімдерді, сондай-ақ, Қазақстан мен Ресей арасындағы қосарланған салық салуды болдырмау және табыс пен капиталға салық төлеуден жалтаруға жол бермеу туралы конвенция шеңберінде екі елдің уәкілетті органдары берген резиденттікті растайтын ресми құжаттарды тану тәртібі туралы ноталар алмасу нысанындағы үкіметаралық келісімді ратификациялауға қатысты бейінді комитеттерге қорытынды әзірлеу мерзімі белгіленді.
Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан»
Суретті түсірген
Ерлан ОМАРОВ,
«Егемен Қазақстан»