• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
08 Қыркүйек, 2016

Баян Есентаева: «Одан да бәрін өзім айтайын»

501 рет
көрсетілді

  Продюсер Баян Есентаева маусым айында күйеуімен болған жанжалда соққыға жығылып, ауруханаға түскелі бірінші рет сұхбат беріп, сол күнгі оқиғалар туралы баяндады. «Сол бес күн өмірімдегі ең жаман күндер болды. 10 маусымдағы жағдай әлі санамнан шықпайды» деді ол. Сұхбатты Есентаева тележүргізуші Динара Сәтжанға берді. «Әлі депрессиядамын» Продюсер осы күнге дейін өз-өзіне келе алмай жүргенін айтты. «Расын айтқанда, әлі депрессиядан шыққам жоқ. Себебі, үрейден арыла алмай жүрмін. Бес қадамға жақындаған кез келген ер адамнан қорқам» дейді Баян Есентаева. Және де мұндай жағдайда өз-өзін ұстау қиынға соғатынын айтады. Табиғатымнан ерік-жігерім күшті болғандықтан, бұл қиындықтан шығу керектігін түсінем дейді продюсер. Осы оқиғалар туралы және қазіргі күйін баяндау Есентаеваға өте ауыр екені сұхбат кезінде анық білінеді. Ол бірнеше рет көзіне келген жасты әрең тоқтатты. Ал сұхбат ортасында көз жасын ірке алмады. «Бұл сұхбатты бермес едім. Өйткені, қазір жұрт бет-әлпетімнің қандай екенін көріп отыр ғой. Бұл да маған өте қиын. Бірақ амал не, БАҚ тарапынан маған сұмдық шабуыл жасалып жатыр. Ондай әрекетке бармауды, болмағанды болғандай етіп жазбауды бірнеше рет сұрадым. Жазылғандардың көбі өтірік, көбі жорамал. Осының бәрі мені одан әрі азапқа салады. Бірақ амал жоқ, осы сұхбатты беруге мәжбүр болдым. Өйткені, менің жеке өмірім адамар үшін театрға айналып кетті. Сондықтан ойдан шығарылған әңгімелерге тосқауыл қою үшін бәрін өзім айтуды шештім» деген Баян Есентаева бұдан әрі қарай сол күні болған оқиғаны баяндап берді. Семьяда ұрыс 5 маусым күні басталған. Күйеуінің қоқан-лоқысынан қорыққан продюсер үйіне бес күн кешігіп 10-ы күні қайтқан. Сол күні ол келе жатқан такси светофорда тоқтап тұрғанда машинаға көзді ашып-жұмғанша күйеуі кіріп келген. Сосын қолында пышағын әйеліне сұғып алған. Баян бұл сәтте еш ауруды сезбегенін тек, көзінен жұдырықпен ұрғанда ғана ауруды сезгенін айтады. Одан кейін күйеуі оны басқа машинаға кіргізіп, екі сағат бойы ұрып-соққан. «Барлық жерімнен қан ақты. Ернім бөлініп кетті, тісімді түсірді, бетімді тілді, мұрнымды сындырды. Балаларды ойласайшы деген сөзім үшін тағы бір соққы алдым. Содан бері үш ай өтсе де сол жағымның еті семіп қалған, екінші деңгейде контузия алдым, сол жақ көзім көрмейді» дейді Баян. Расында сұхбатта продюсердің сол жақ көзі толық жұмылмайтыны көрінеді. Есентаева бұдан былай әйелдер құқын қорғаумен айналысқысы келеді Баян Есентаева сұхбат бойы бірде-бір рет бұрынғы күйеуін атымен атаған жоқ. Тек «ол» деп сөйледі. «Жақсы әке, жақсы күйеу болды, мені шамасына қарай жақсы көрді. Бірақ мен жақсы көрдім бе, мәселе сонда. Ешкімге білдіргім, шағымданғым келмеді. Одан не өзгереді? Бірнеше жыл бойы ажырасуды өтіндім. Бірақ ол көнбеді. Ажырассаң өлтірем деп қорқытатын. Соңғы бірнеше жыл өмірім үреймен, азаппен өтті. Енді осының бәрін бүкіл елге жайып салып отырмын. Себебі, қаншама әйел осылай өмір сүріп жатыр. Үреймен, заңды білмей өмір сүруде. Әйтеуір біреуі айтуы керек қой мұны» деді белгілі продюсер. Ол енді тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен әйелдердің құқын қорғайтын қоғамдық ұйым құрмақ екенін мәлім етті. Осындай жағдайға ұшырағалы бері өзіне бірде-бір әйелдер ұйымы хабарласпағанын, көмек ұсынбағанын айтты. «Сондықтан әйелдер мәселесімен айналысатын бір ұйым керек деп ойладым. Өйткені, әйелге қол жұмсайтын еркектер заң бойынша жазаланады. Әйелдер мұны білмейді. Мүмкін, олардың проблемасына назар аудару үшін менің осындай жағдайға ұшырауым керек болған шығар» деді Баян Есентаева.