Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын!
Құрметті бауырлар!
Баршаңызды күллі мұсылман қауымы асыға күткен қасиетті, ұлық мереке – Құрбан айт мейрамымен құттықтаймын! Отбасыларыңызға амандық, мықты денсаулық, жұмыстарыңызға береке тілеймін.
Бәрімізді айтқа аман-есен жеткізген Алла тағалаға сансыз шүкірлер мен мақтаулар болсын!
Ислам діні сан ғасырдан бері еліміздің рухани тірегі болып келеді. Халқымыз асыл дініміздегі Жаратушы Иеміз белгілеп берген екі мейрамның ұлығы, айтулы мереке – Құрбан айтқа айрықша дайындалып, көпшілікпен ерекше атап өтеді. Берекеге бастаған бұл мереке бірлік пен игілікке, мейірім мен кешірімге үндейді.
Айт – ағайын арасын жақындастыра түсетін, адамзат баласын имандылыққа ұйытып, қанағат пен тәубеге шақыратын ұлық мейрам. Бұл күндері барша мұсылман құрбан шалумен ғана емес, Ұлы Аллаға ұнамды әрбір ізгі
амалы арқылы Раббысының разылығына, рақымына жақындай түседі. Өйткені, араб тіліндегі «құрбан» сөзі «жақын болу», «жақындау» деген ұғымдарды білдіреді.
Қасиетті Құранда: «Ұмытпаңдар, олардың еті де, қаны да ешқашан Аллаға жетпейді. Оған жететін нәрсе – жүректеріңізге ұялаған тақуалықтарың (шынайы ниеттерің)» («Хаж» сүресі, 37-аят), – деп баяндалған.
Айт күндері қажылық парызын өтеп жатқан мұсылмандар да Жаратушыға жалбарына дұға жасап, құрбандық шалады. Қасиетті Мекке қаласында еліміздің амандығы, халқымыздың бірлігі мен берекесін тілеп жатқан отандастарымыздың да дұғасы, қажылығы қабыл болғай!
Қаржылық мүмкіндігі жоқ адамға құрбан шалу – міндет емес. Құрбандық еті ағайын-туыс, көрші-қолаң, тұрмысы төмен отбасыларына, жетім мен жесірлерге, мүгедектер мен науқас жандарға таратылады.
Құрбан айт күні ерте тұрып, ғұсыл құйынып, айт намазына қатысу – пайғамбарымыз Мұхаммедтің (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннеті.
Қадірлі ағайын!
Барша жамағатты, еліміздің жанашыр азаматтарын мүбәрак мейрамның құрметі үшін мүгедектерге, жетімдер мен жесірлерге, қараусыз қалған қарттарға қайырымдылық жасауға шақырамын.
Алла тағала дұға-тілектеріміз бен сауапты істерімізді және шалған құрбандықтарымызды қабыл еткей! Әмин!
Ержан қажы МАЛҒАЖЫҰЛЫ,
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти
Қымбатты отандастар!
Осынау барша мұсылмандар үшін қасиетті күні Қазақстан халқы Ассамблеясы сіздерді Құрбан айт мерекесімен құттықтайды!
Құрбан айт – бұл келісім мен татулық, жасампаздық пен үйлесім. Біздің елімізде бұл мейрам мұсылмандарды ғана емес, Қазақстанның барша халқын біріктіреді.
Тәуелсіздіктің 25 жылы ішінде Құрбан айт мәдени және рухани құндылықтарымызды дамытуда, қоғамдағы бірлікті нығайтуда маңызды орынға ие болды.
Мемлекет басшысының бейбітсүйгіш саясатының арқасында Қазақстандағы түрлі конфессиялардың достығы мен өзара түсіністігі бүкіл әлем үшін эталонға айналды. Әлемдік және дәстүрлі діндердің лидерлері жалпы адамгершілік бағыттарын іздеп, диалог орнату және келісілген шешімдер қабылдау үшін біздің елге келеді.
Құрметті отандастар!
Құрбан айт адамдардың мұқтаж жандарға нақты көмек көрсетуге, құрбандық жасауға дайын екендігін білдіреді және басқа жандарға мейірімділік танытып, ынтымақтастық жасаудың көрнекі мүмкіндігі болып табылады.
Сондықтан да Құрбан айт мейрамының қарсаңында Қазақстан халқы Ассамблеясы бүкіл елде қайырымдылық айлығын өткізу туралы жария етіп, Қазақстан халқын жақын адамдарына көмектесуге шақырды.
Құрметті жерлестер! Қасиетті Құрбан айт мейрамы бізге игілік-берекесімен келсін! Елімізде әрдайым бейбітшілік, бірлік пен келісім салтанат құрсын!
Мейрам сіздердің отбасыларыңызға өз шуағын төгіп, қуаныш пен береке-бірлігін әкелсін!
Қазақстан халқы
Ассамблеясының Кеңесі