Елбасының «100 нақты қадам» – Ұлт жоспары түзілген мемлекеттік бағдарламасындағы тапсырмалар Оңтүстікте кезең-кезеңімен іске асырылып жатыр. Үш миллионға жуық халқы бар Оңтүстікте тағдыр талайымен бақытын қазақ жерінен тапқан ұлттар мен ұлыстардың жүзден астам өкілдері тұрады. Олар өз Отаным деп Қазақстанды таниды және осында тұрғанын мақтаныш етеді. Алайда, осының мәнісіне бойлай бермейтін жас буын өкілдері бар.
Сондықтан, қазақстандық біртектілікті, қоғамдық келісім мен бірлікті өскелең ұрпақ арасында кеңінен насихаттау мақсатында құрылған «Оңтүстік-достық мекені» кездесулер керуені жолға шықты.
Оңтүстік Қазақстан облыстық Ассамблея хатшылығы мен «Қоғамдық келісім» КММ-нің ұйымдастыруымен жолға шыққан жұмыс тобының алғашқы кездесулері Сарыағаш ауданында өтеді.
Ақпараттық-насихаттық топ 21 қыркүйекке дейін облыстың барлық аудан, қалаларында 60-тан астам кездесу ұйымдастыруды жоспарлап отыр.
– Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы қарсаңында өткізіліп отырған кездесулердің мәні жоғары, – дейді «Қоғамдық келісім» КММ-нің басшысы Ербол Байқонақов. –Қазақстан егемендігін жариялаған кезде жергілікті ұлт қырық пайыз ғана болатын. Сол кезде осында тұратын барлық ұлттар мен ұлыстардың өкілдері Елбасының саясатын бір ауыздан қолдады. Бүгінде Тәуелсіздігімізді баянды етуге атсалысып келеді. Қазақстанда бөтен ешкім жоқ. Бізге мәңгілік достық қымбат. Кездесулер керуенінде осы жайттар ұғындырылды, – деді ол.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан»
Оңтүстік Қазақстан облысы