• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Оқиға Бүгін, 20:58

Елордада веломаусым ашылды: 700-ге жуық қатысушы «Таза Қазақстан» акциясына үн қосты

30 рет
көрсетілді

Астана іргесінде дәстүрлі жаппай велошеру өтіп, жазғы веломаусым ресми түрде ашылды. Биылғы шара тек спорттық жарыс қана емес, «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы мен «Заң мен тәртіп» қағидатын дәріптейтін маңызды бастамаға айналды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Таңсәріден жиналған 700-ге жуық әуесқой велосипедші Қосшы бағытындағы айналма жолдан бастап, Үркер тұрғын алабындағы «Жасыл белдеу» саябағына дейінгі 21 шақырымды бағындырды.

Қалалық спорттық-бұқаралық іс-шараларды өткізу дирекциясы басшысының орынбасары Ержігіт Өсербайдың айтуынша, биылғы маусымның ерекшелігі – қатысушыларды ортақ жауапкершілікке үндеуінде.

«Биылғы жаппай велошеру «Таза Қазақстан» республикалық акциясы және «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында өтті. Әр жастағы қатысушылардың басын қосқан бұл шара салауатты өмір салтын насихаттаумен қатар, қоғамдағы тазалық пен тәртіп сияқты ортақ құндылықтарды дәріптеуге бағытталған. Шара алдында қатысушыларға жолда жүру және қауіпсіздік ережелері жан-жақты түсіндірілді. Велошеруге кез келген адам қатыса алады. Балалар 12 жастан бастап ата-анасының рұқсатымен және олардың бақылауымен қатысуға мүмкіндік алады. Веломаусым жыл бойы жалғасып, оның ресми жабылуы қазан айында өтеді», деді қалалық спорттық-бұқаралық іс-шараларды өткізу дирекциясы басшысының орынбасары Ержігіт Өсербай.

Велошеруге 70 жастан асқан қариялардан бастап, 12 жастағы жеткіншектерге дейін қатысты. Тіпті, елордалық веломаусымның ашылуына Алматыдан арнайы келген қонақтар да болды. Астаналық зейнеткер Елеусіз Пардабай ақсақал жастарды белсенді болуға шақырып, мұндай шаралардың сергектік сыйлайтынын атап өтті.

Шара соңында спорттық велосипедтер мен шлемдер ойнатылып, қатысушыларға ыстық палау мен шай берілді. Ең бастысы, қатысушылар сөзден іске көшіп, «Таза Қазақстан» акциясы аясында іс-шара өткен аумақты қоқыстан тазартып, нағыз мәдениеттіліктің үлгісін көрсетті.

Соңғы жаңалықтар