• RUB:
    6.11
  • USD:
    472.03
  • EUR:
    540.29
Басты сайтқа өту
Аймақтар Бүгін, 18:55

«Маңғыстау облысының ескерткіштер жинағына» қатысты сот дауы аяқталды

Маңғыстау облыстық сотында «Kazdamu group» ЖШС-нің Маңғыстау мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығымен арадағы дауға байланысты бірінші сатыдағы соттың шешіміне берген апелляциялық шағымы қаралды. Даулы мәселе құны 23,8 млн теңге болатын «Маңғыстау облысының ескерткіштер жинағы» кітабын басып шығаруға қатысты туындаған, деп хабарлайды Egemen.kz.

Lada.kz-тің мәлімдеуінше апелляциялық сот отырысы барысында баспа өкілдері музейге басылып шыққан кітаптарды қабылдап, пайдалануға рұқсат беруді сұраған.

Компанияның айтуынша, бұл кітаптар жай ғана өнім емес, Маңғыстау мен Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасын танытатын құнды еңбек. Олардың пікірінше, басылымдарды халыққа музейлер, кітапханалар және жоғары оқу орындары арқылы жеткізуге болады. Ал кітаптарды өздері таратуға баспаның мүмкіндігі жоқ болғандықтан, тираж қоймада қалып қоюы мүмкін.

Баспа өкілдері кітаптың кеш шығуына тапсырыс берушінің басылым көлемін ұлғайту туралы өтініші де әсер еткенін түсіндірді. Соған сәйкес қазақ тіліндегі нұсқаға 32, ал орыс тіліндегі нұсқаға 40 қосымша бет енгізілген. Жалпы көлемі 76 мың қосымша бетке жеткен. Компания мұндай шешімнің жоғары сапалы материалдар мен дрон арқылы түсірілген фотосуреттердің көп болуына байланысты қабылданғанын айтты.

Істі қарау нәтижесінде сот алқасы апелляциялық шағымды ішінара қанағаттандырды. Сот «Kazdamu group» ЖШС-н мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп тану туралы шешімнің күшін жойды. Алайда музейді кітаптарды қабылдап, қабылдау-тапсыру актілеріне қол қоюға міндеттеу туралы талапты қанағаттандырмады.

Осылайша, баспа адал жеткізуші мәртебесін сақтап қалды. Дегенмен басылып шыққан кітаптарды музейге беру және оларды пайдалану мәселесі әзірге шешімін тапқан жоқ.

Соңғы жаңалықтар