Алматы облысы Бөлек ауылындағы «Питомник» саяжайында орналасқан жеке тұрғын үйдің аумағына жылан кіріп кеткен. Мұны байқаған тұрғындар бірден 112 нөміріне хабарласқан, деп жазады Egemen.kz.
Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, оқиға орнына жеткен құтқарушылар аумақты тексеріп, жағдайды бағалаған. Арнайы «жылан ұстағыш» құралдың көмегімен бауырымен жорғалаушыны қысқа уақытта қауіпсіз түрде ұстап алған.
Одан кейін жылан елді мекеннен алыс жерге шығарылып, өзінің табиғи мекеніне жіберілді. Осылайша тұрғындарға төнген қауіптің алды алынды.
ТЖМ мамандары жаз мезгілінде жыландардың белсенділігі артатынын еске салып, олар саяжайларда, қора-қопсыларда немесе тұрғын үйлердің аулаларында кездесуі мүмкін екенін айтты.
Егер жылан байқалса, оған жақындамауға, өз бетінше ұстауға немесе өлтіруге әрекет жасамауға кеңес береді.
Мұндай жағдайда қауіпсіз жерге алыстап, балалар мен үй жануарларын жақындатпай, 112 қызметіне хабарласу қажет.
Еске салайық, бұған дейін Алматы зообағында Тянь-Шань қоңыр аюларының отбасында екі қонжық өмірге келгенін хабарлаған едік.