• RUB:
    6.11
  • USD:
    472.03
  • EUR:
    540.29
Басты сайтқа өту
Сайлау Бүгін, 15:29

Құрылтай сайлауы: ашықтық, жауапкершілік және халық таңдауы

Қазақстан жаңа саяси кезеңге қадам басты. Биыл 23 тамызда ел тарихында тұңғыш рет Құрылтай депутаттарының сайлауы өтеді. Бұл науқан жаңа өкілді органды қалыптастырумен қатар, азаматтардың мемлекеттік басқару ісіне қатысу мүмкіндігін кеңейтуді көздейді.

Құрылтай сайлауы – демократиялық үдеріс

Құрылтай депутаттарының алғашқы сайлауы – Қазақстанның саяси тарихындағы жаңа кезеңнің бастауы. Бұл жаңа өкілді органның қалыптасуына халықтың тікелей қатысуына мүмкіндік береді. Сарапшылардың пікірінше, Құрылтай қоғамдағы түрлі көзқарастарды бір алаңға тоғыстырып, маңызды мемлекеттік шешімдерді талқылауға жаңа серпін береді. Сондықтан алдағы сайлау тек депутаттарды іріктеу емес, азаматтардың елдің болашағына деген жауапкершілігін көрсететін маңызды демократиялық үдеріс саналады.

Құрылтай сайлауы: Ауқымды саяси реформаның маңызы

Сайлау заң талаптарына сай өтеді

Орталық сайлау комиссиясы Құрылтай депутаттарының  сайлауына дайындық аясындағы алғашқы отырысында сайлауды ұйымдастыру жұмыстары басталғанын мәлімдеді. Басты міндет – әрбір азаматтың дауыс беру құқығын толық қамтамасыз етіп, сайлаудың ашық әрі әділ өтуіне жағдай жасау.

Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіровтің айтуынша бұл – барлық сайлау комиссиялары үшін үлкен жауапкершілік.

«Біздің міндетіміз – сайлауды заң талаптарына қатаң сәйкестікте, ашық, жария әрі жоғары ұйымдастырушылық деңгейде өткізіп, сайлау процесіне қатысушылардың барлығына тең жағдай жасау», деді төраға.

Сайлау науқаны неше кезеңнен тұрады?

Құрылтай сайлауы бекітілген күнтізбелік жоспарға сәйкес ұйымдастырылады. Құжатта кандидаттарды ұсыну, тіркеу, сайлауалды үгіт және дауыс беру мерзімдері нақты белгіленген.

Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Мұхтар Ерманның мәлімдеуінше Құрылтай депутаттарының сайлауын әзірлеу мен өткізудің күнтізбелік жоспары бекітілген. Онда партиялық тізімдерді ұсыну және тіркеу тәртібі, сайлауалды үгіт мерзімдері мен сайлау науқанының барлық негізгі кезеңдері айқындалған.

Жаңа сайлау жүйесінің ерекшелігі неде?

Құрылтай депутаттарының сайлауы жаңартылған Конституция мен сайлау туралы заңға енгізілген өзгерістер негізінде өтеді. Бұл реформалар азаматтардың саяси қатысу мүмкіндігін кеңейтіп, жаңа өкілді органның жұмысын құқықтық тұрғыдан қамтамасыз етуге бағытталған.

ОСК мүшесі Әсел Жанәбілованың айтуынша жаңа Конституцияның ережелерін іске асыру мақсатында сайлау заңнамасына өзгерістер енгізілген.

«Құрылтай депутаттарының алғашқы сайлауына қатысты жаңа нормалар азаматтардың конституциялық құқықтарын толық жүзеге асыруға және сайлау процесін жетілдіруге бағытталған», деді Әсел Жанәбілова.

Тарихи шешім: Президент Құрылтайдың алғашқы сайлауын өткізу туралы Жарлыққа қол қойды

Үгіт жұмыстары заң аясында жүргізіледі

Сайлауалды үгіт жұмыстары заңда белгіленген мерзімде ғана өткізіледі. Бұл барлық саяси партиялар мен кандидаттарға тең мүмкіндік беру үшін енгізілген талап болып саналады.

Орталық сайлау комиссиясының мәлімдеуінше сайлау алдындағы үгіттің заңмен нақты белгіленген мерзімі бар. Ол 23 шілде күні сағат 18:00-ден кейін басталып, 22 тамыз күні сағат 00:00-де аяқталады. Белгіленген мерзімнен тыс үгіт жүргізуге заңмен тыйым салынады.

Әрбір дауыс маңызды

Сайлау нәтижесінің әділ әрі шынайы болуы әрбір азаматтың белсенділігіне байланысты. Сондықтан Орталық сайлау комиссиясы тұрғындарды сайлаушылар тізіміндегі деректерін алдын ала тексеруге шақырып отыр.

Сайлаушылардың тізімі азаматтардың тұрақты тіркелген мекенжайы бойынша жасалады. Егер азамат басқа өңірде уақытша тіркелсе немесе сайлау күні өз елді мекенінен тыс жерде болатын болса, ол алдын ала есептен шығару куәлігін алып, басқа учаскеде дауыс бере алады. Сонымен қатар 7 тамыздан бастап әрбір азамат өз сайлау учаскесінде жеке мәліметтерін тексеріп, қажет болған жағдайда түзету енгізуге өтініш бере алады.

Құрылтай сайлауы – тек мемлекеттік органды қалыптастыру рәсімі ғана емес. Бұл – азаматтардың елдің қоғамдық-саяси дамуына ықпал етуіне мүмкіндік беретін маңызды демократиялық тетік. Сайлауға қатысу арқылы әрбір азамат өз таңдауын жасап қана қоймай, елдің алдағы даму бағытын айқындауға үлес қосады. Сондықтан 23 тамыздағы дауыс беру – әрбір қазақстандық үшін тарихи әрі жауапты таңдау болмақ.

Соңғы жаңалықтар