Павлодар облысындағы Жасыбай көлінде суға шомылып жүрген 67 жастағы ер адам батып кете жаздады. Оның өмірін Төтенше жағдайлар министрлігінің құтқарушылары жедел әрекет етіп, сақтап қалды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Облыстық ТЖД мәліметінше, көл жағасында демалып жүрген азаматтар ер адамның көмекке мұқтаж екенін байқап, бірден 112 қызметіне хабарлаған.
Оқиға орнына жедел жеткен құтқарушылар қайықпен судағы азаматқа жетіп, оны жағаға алып шықты. Жағалауда мамандар ер адамға бірден реанимациялық көмек көрсетіп, кейін жедел жәрдем қызметкерлеріне тапсырды.
Құтқарушылар су айдындарында демалу кезінде қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға, өз мүмкіндігін асыра бағаламауға және тек арнайы жабдықталған жағажайларда ғана шомылуға шақырды.
Еске салайық, бұған дейін Семейде масаң күйде шомылған ер адам суға батып кете жаздағанын хабарлаған едік.
Сондай-ақ Абай облысындағы Алакөлде анасы мен қызы суға батып кетті. Құтқарушылар тек қызды аман алып қалды. Әйел мен оның кәмелетке толмаған қызы тыйым салынған жерге шомылып, қатты желден туындаған толқын оларды жағадан алысқа алып кеткен.